• Басты
  • >
  • Саяси тұтқын Намазбаевты мерзімінен бұрын түрмеде босатпады

Саяси тұтқын Намазбаевты мерзімінен бұрын түрмеде босатпады

22.08.2025

Қорғаушы Жанара Балғабаеваның айтуынша, Данат Намазбаевты абақтыдан бостандыққа шығаруға заңдық негіз бар. Алайда, сот мұны ескермей отыр. Қоғам белсенділері мұны саяси шешім деп қабылдайды

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында өткен баспасөз мәслихаты тағы да сот пен биліктің әділетсіздігін көрсетті. Саяси тұтқын ретінде танылған Данат Намазбаевты мерзімінен бұрын босатуға барлық заңдық негіз бола тұра, сот оны қамауда қалдырды. Бұл шешім – құқық үстемдігін емес, саяси тапсырысты басшылыққа алған сот жүйесінің шынайы бейнесі.

Қорғаушы Жанара Балғабаева нақты дәлелдер келтірді: Намазбаев түрмеде ешқандай тәртіп бұзбаған, керісінше мақтау қағазына ие болған. Оның мүгедек әйелі мен асырауындағы үш баласы бар. Осындай жағдайда Қазақстанның Қылмыстық кодексі мен қолданыстағы заңнама оған шартты түрде мерзімінен бұрын бостандық беруді қарастырады. Бірақ сот бұл фактілерді елемей, адам тағдырын саяси ойынның құрбаны етті.

Балғабаеваның айтуынша, сарапшы Роза Акбарова мен оның әріптестері билікке қажет «қорытындылар» жасап, қаншама азаматты заңсыз соттауға себеп болды. Намазбаев ісі – солардың тағы бір айқын дәлелі. Бұл – билікке қарсы шыққандарды қудалау механизміне айналған.

Белсенді Ермек Нарымбайдың сөзі де бұл шешімнің саяси астарын ашып берді. Оның пікірінше, бұл шешім Қонаев қалалық сотында емес, тікелей Астанада қабылданған. Демек, соттың тәуелсіздігі туралы сөздің бәрі бос әңгіме.

Намазбаев – саяси тұтқын. Оны қамауда ұстау арқылы билік қоғамға «көзқарасың үшін жазалана бересің» деген қорқыныш таратқысы келеді. Бірақ мұндай қадам қоғамды босаңдатпайды, керісінше наразылықты күшейтеді. Ермек Нарымбай атап өткендей, егер адам қоғамға зиян келтірмесе, тәртібі дұрыс болса, оны неге босатпау керек? Сот шешімдерін алқабилердің қабылдауы – әділетсіздіктің алдын алар еді.

Альнур Ильяшев Данат Намазбаевтың 2018 жылы жазған ойларының бүгінде ақиқатқа айналғанын еске салды. Ол кезде Намазбаев Қазақстаннан ұрланған қаржыны қайтару қажеттігін айтқан еді. Қазір бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтеріліп, заң қабылданып, комитет құрылған. «Екінші Республика» деген ұғымды да алғашқылардың бірі болып айтқан болатын. Кейін бұл идеяны президенттің өзі қолдады.

Демек, Данат Намазбаев – қоғамның дамуына үлес қосатын, саяси әрі тарихи ойы терең азамат. Оны түрмеде ұстау – әділетсіз ғана емес, ел дамуына кедергі.

Құқыққорғаушылар атап өткендей, биліктің репрессияға сүйенуі ешқашан жақсылық әкелген емес. Бұл – қоғамды тұйыққа тірейтін жол. Скандинавия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, тұрақтылық пен әділеттілік тек әлеуметтік әділетті жүйе құру арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстанға да дәл осындай бағыт қажет.

Данат Намазбаевтың ісі – жеке бір азаматтың ғана емес, тұтас елдің тағдырын көрсететін символдық іс. Оның бостандыққа шығуы – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жеңісі болмақ. Ал оны қамауда қалдыру – биліктің халықпен диалогтан бас тартқанының, заң үстемдігін жоққа шығарғанының дәлелі.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам биліктен бір-ақ нәрсені талап етеді: саяси қудалауды тоқтату және әділеттілікті қалпына келтіру.