• Басты
  • >
  • Саяси репрессия құрбандарын еске алу шерулеріне тыйым салынды

Саяси репрессия құрбандарын еске алу шерулеріне тыйым салынды

24.05.2025

Қазақстанның 10 қаласында шеру өткізіп, саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу іс шараларына рұқсат берілмеді. Белсенділер билік мұны әдейі жасап отыр деп есептейді.

Қазақстанның он қаласында саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жоспарланған бейбіт шерулер мен митингтерге рұқсат берілмеді. Жергілікті әкімдіктер «шеру өтетін кезде басқа іс шаралар жоспарланды» немесе «өтінішіңіз дұрыс толтырылмады» деген желеумен ұйымдастырушыларға шеру өткізуге мүмкіндік беруден бас тартуда. Айта кетерлігі, саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алуға тек қана оппозициялық топтарға емес, билікпен тығыз жұмыс істейтін ұйымдарға да тыйым салуда. Соған қарағанда, репрессия тақырыбы көтерілмесін деп отырған тәрізді билік өкілдері.

Астана әкімдігі 31 мамырда шеру өткізуге рұқсат бермеді. Жергілікті билік белсенділер Эльвира Бекзадина мен Амангелді Жахинге «бейбіт жиын өткізуге рұқсат берілмейтінін» мәлімдеді. Бірінші жағдайда шенеуніктер алаңның бос еместігін алға тартты (Бекзадина шерудің бағыты ретінде Жазушылар аллеясынан Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі алаңқайға дейінгі жолды көрсеткен). Екінші жағдайда әкімдік «құжаттардың шындыққа сәйкес еместігі мен орынның талаптарға сай еместігін» себеп ретінде келтірді.

Алматы әкімдігі Жамбыл көшесімен Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейінгі шеруді өткізуге рұқсат бермеді, оның себебін түсіндірмеді. Еліміздегі ең ірі қала билігі Орталық мәдениет және демалыс саябағынан 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына дейінгі шеруге де рұқсат бермеді — бұл да еш түсініктемесіз қалды.

Павлодарда бас тарту себебі «абаттандыру жұмыстарының жүргізілуі» деп көрсетілген.

Өскеменде әкімдік ықтимал ұйымдастырушының хабарламада өзінің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім бергені туралы жазбауы себеп болғанын мәлімдеді.

Петропавлда әкімдік бейбіт жиын өткізудің регламенті қоса берілмегенін айтты.

Шымкент әкімдігі де дәл осы себепті – митинг өткізу тәртібінің толық бекітілген регламентінің болмауын – бас тарту себебі ретінде келтірді.

Семейде билік қалада Taza Qazaqstan экологиялық акциясы жоспарланғандықтан шеру өткізу мүмкін емес екенін алға тартты. Ақтөбеде де абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

Қарағандыда алаңның бос еместігі себеп болды. Оралда да шеруге рұқсат берілген жоқ.

Осылайша, жергілікті билік өкілдері ұйымдастырушыларға саяси репрессия құрбандарын еске алуға мүмкіндік бермеді. 

Бірқатар құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 2020 жылдан бастап 2025 жылға дейін жергілікті билік өкілдері белсенділерге митинг пен шеру өткізуге 700 рет рұқсат бермеген. Яғни, бейбіт шеру өткізу үшін жергілікті билікті «ескерту» ғана жеткілікті, рұқсат сұраудың қажеті жоқ дегені жай ғана саяси уәде болып қалды. Іс жүзінде тура бұрынғыдай рұқсат сұрау тәжірибесі қалды. 

Алдында Конституциялық сот «белгіленген жердің бос болмауына байланысты митинг өткізуге рұқсат беруден бас тартуға болмайды» деп қаулы шығарған еді. Алайда, ол да іс жүзінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Бір орын бос болмаса, әкімдік екінші орынды ұсынуы тиіс еді. Бірақ, бұл жолы ешқандай да жерді ұсынып отырмады. Демек, бұл шешім де тек қағаз жүзінде қалды деген сөз.

Қаңтар оқиғасынан кейін билік қандай да наразылық шараларын өткізуге мүмкіндік бермейді белсенділерге. Митинг десе, төбе шаштары тік тұрып, белсенділерді алдын ала қамап, айыппұлдар салып жатады. Халықаралық ұйымдар бұл үрдісті қатаң сынға алып келеді. Бірақ, билік оған назар аударып жатқан жоқ.