Ресей президентінен «жалға алынған қазақ жерлерін қайтаруды» талап етіп, үндеу жариялағаны үшін екі жылға сотталған Дархамбаева қамауда босанды. Қоғам оны бостандыққа шығаруды талап етуде
Ресей президенті Владимир Путиннен «жалға алынған қазақ жерлерін қайтаруды» талап етіп, үндеу жариялағаны үшін «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» бабымен екі жылға сотталған Жансұлу Дархамбаеваны қолдау акциясы күшейіп келеді.
Айта кетерлігі, сот үкімі шыққаннан кейін жүкті әйел қамауға алынып, көп ұзамай Дархамбаева босанды. Перинаталды орталықтан шыққан соң Жансұлу дүние есігін енді ашқан сәбиімен бірге түрмеге баруы мүмкін. Бұған қатысты Дархамбаеваның туыстары да, оны қолдаушылар да үндеу жасап, Жансұлуду босатуды талап етті. Расында да, дүниеге енді ғана сәбиін әкелген ананы әлеуметтік желідегі мәлімдемесі үшін қамаудың қандай қажеттілігі бар еді? Оны шартты түрде соттауға да болар еді егер расында қылмыс жасаса. Болмаса, жазасын кейін өтеу бойынша норма қылмыстық кодексте қарастырылған кішкентай сәбилері бар аналар үшін. Осының бірін қолдануға болар еді ғой? Оның орнына, үкім шыға салысымен Дархамбаева сот залында қамауға алынды.
Дархан Абдырахманұлының Фейсбуктегі парақшасында Жансұлу босатуды талап еткен петиция жарияланды.
«Тілжанашыры Жансұлу Дарханбаева мен кішкентай бөпесі Ақниетке БОСТАНДЫҚ! Пікірге «Бостандық» – деп жазып, таратайық!», деп жазды Абдырахманұлы. Бұл үндеуге жүздеген адам қолдау білдіріп, Дархамбаеваны босатуды талап етуде.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Дархамбаеваны соттауға негіз болған жағдай мынадай: «БАҚ мәліметінше, әйел адам Путинге бағытталған қорқыту мазмұнындағы бірнеше бейнеролик жариялаған. Атап айтқанда, bloknot.ru сайты Дархамбаеваның ресейліктерді “қазақ жерлерін қайтарыңдар, болмаса өліңдер” деп мәлімдегенін жазады. Оның айтуынша, биыл Алтай, Орынбор, Астрахан, Курск, Том, Қорған, Саратов және Новосібір облыстарына қатысты “100 жылдық жалға беру мерзімі аяқталады».
Аталған жағдай жөнінде он шақты ресейлік БАҚ жазды, олар Дархамбаеваны “әйгілі русофоб” деп атады. Сонымен қатар, авторлар әйелдің сот шешімі “тек есеп үшін” шығарылған болуы мүмкін екенін болжайды.
Халықаралық шарттарды қоғамдық бақылау жөніндегі Қазақстан орталығының директоры Галина Моисеенко қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, СҚО прокуроры Қайрат Абдыхановқа ашық түрде жүгінді:
– Гуманитарлық және құқықтық маңызы бар бірқатар жағдайларға назарыңызды аудару қажет деп есептеймін:
– Бала мүддесін қорғау қағидасының тікелей бұзылуы
– Қылмыстық кодекстің 74-бабын (жазаны өтеуді кейінге қалдыру) қолдануға негіздердің болуы
– Әйел құқықбұзушыларға қатысты гумандық қарау жөніндегі халықаралық стандарттар
– Пропорционалдық қағидасының бұзылуы және қылмыстық жауапкершіліктің шамадан тыс қолданылуы
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына ғана емес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекетіміздің халықаралық міндеттемелеріне де сай келетін сіздің қағидалы құқықтық ұстанымыңызға үміт артамын.
ҚР Конституциясының отыз жылдығына орай рақымшылық жарияланғаны белгілі. Онда жас нәрестелері бар аналар туралы да анық айтылған. Өткен аптада мәжіліс бұл заңды мақұлдады. Дархамбаева бұл рақымшылыққа ілінетіні анық. Алайда, оған дейін нәрестемен түрмеде отыра ма деген сұрақ туындайды. Бұл орайда, Қылмыстық кодексте гуманизм қағидасына сүйеніп, жас ананы сәбиімен бірге түрме жазасынан босатуға жол ашатын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Соны пайдаланып, құзырлы органдар Жансұлу Дархамбаеваны босатады деген үміттеміз.
ФОТО: https://gorvesti.ru/