Қазақстан «интернет бостандығы шектеулі» ел деп танылды
  • Басты
  • >
  • Қазақстан «интернет бостандығы шектеулі» ел деп танылды

Қазақстан «интернет бостандығы шектеулі» ел деп танылды

21.11.2025

Freedom House ұйымы 2025 жыл бойынша интернет бостандығына қатысты рейтинг жасап, Қазақстанды интернетте сөз бостандығы жоқ ел деп атады

Халықаралық Freedom House ұйымы әлемдегі интернет бостандығының 2025 жылға арналған рейтингісін жариялады. 

Ұйым сарапшыларының пікірінше, интернет бостандығы мемлекеттердің жасанды интеллект пен жаңа технологияларды қалай енгізетініне байланысты болмақ. 

«Әлем бойынша интернет еркіндігінің деңгейі қатарынан 15 жыл бойы төмендеп келеді, себебі авторитарлық режимдер қадағалау мен цензураны күшейтіп, қарсы пікірлерді басуға тырысуда», — деді Freedom House президенті Энни Бояджян. «Бұл үрдіс тұрақты, бірақ өзгермеді деген сөз емес. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен оң өзгерістерді көріп отырмыз және күшейіп келе жатқан қысымға қарамастан, еркіндік үшін өмірін қатерге тігіп күресіп жүрген батыл құқық қорғаушылардың үлгісі бізге шабыт береді. Алайда, біз шешуші кезеңге келгеніміз анық, және жағдайдың нашарлауы жалғаса береді, егер үкіметтер мен жеке сектор интернет еркіндігін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдамаса», делінеді халықаралық ұйымның баяндамасында. 

Freedom House мәліметінше, әлемде интернет бостандығы соңғы 15 жыл қатарынан шектеліп келеді. Әсіресе, Кения, Венесуэла, Бангладеш пен Грузияда интернет бостандығын шектеу қатты күшейгенін атап өтеді халықаралық ұйым сарапшылары. 

Қазақстанға қатысты да Freedom House арнайы тоқталып, біздің елді «интернеті шектеулі» мемлекет қатарына қосты. Халықаралық ұйым мынадай көрсеткіштер бойынша қарастырды жағдайды: әлеуметтік желілер мен сайттардың бұғатталуы; Саяси, діне немесе әлеуметтік тақырыптардың шектелуі; интернеттің арнайы өшірілуі; билікшіл топтардың қоғамдық пікірді бұрмалауы; саяси, әлеуметтік тақырыптарды көтергені үшін блогерлерді, журналистерді тұтқындау; блогерді соққыға жығу немесе өлтіріп кету жағдайы. Бұл көрсеткіштер бойынша, Қазақстан небәрі 37 балла жинап, «интернеті шектелу ел» ретінде аталды.

Сол сияқты, Әзірбайжан, Бахрейн, Иран, Беларус, Мысыр, Қытай, Куба, Эфиопия, Мьянма, Ресей, Руанда, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Венесуэла сияқты елдер де «интернеті шектеулі» мемлекеттер қатарында тұр. 

Орталық Азияда тек қана Қырғызстан «интернеті жартылай шектеулі» ел қатарына қосылды. Олар барлық көрсеткіш бойынша 47 балға ие болды. Аймақтың басқа мемлекеттері Қазақстан тәрізді «интернеті шектеулі» мемлекет ретінде танылды. 

Қазіргі таңда саяси көзқарасы үшін, интернетте, әлеуметтік желіде өз пікірін ашық білдіргені үшін қамауға алатын жағдайлар жиі кездеседі Қазақстанда. Саяси тұтқындардың саны да ондаған адамды құрап отыр. Бұл жағдайда халықаралық ұйымның «интернеті шектеулі» мемлекет қатарына қосқаны ешкімді де таңқалдырмас.