• Басты
  • >
  • Қаруды ҰҚК қызметкерлеріне тауып бергені үшін соттады?

Қаруды ҰҚК қызметкерлеріне тауып бергені үшін соттады?

11.02.2025

Таразда ұзақ жылдарға сотталған азаматтардың туыстары оларды ҰҚК мен Полиция департаменті текетіресінің құрбаны болды деп есептейді

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық Бюросында «туыстарымыз Таразда әділетсіз сотталды» деген бір топ азаматтар онлайн баспасөз мәслихатын өткізді. «Барлық инстанцияға бардық, бізді ешкім тыңдамайды, Тараз ешкімге бағынбайтын, бөлек мемлекет сияқты болып отыр» деп налыды сотталғандардың туыстары. 

Бұл кісілердің айтуларынша, туыстары «Батыр» деген қайырымдылық қордың басшылары. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік, мародерлікті тоқтатуға заң қызметкерлеріне көмектескен. Сол үшін оларға алғыс хат та бермек болған әкімдік өкілдері. Қаңтар оқиғасынан кейін олар ұрланған қаруды тауып беруге Ұлттық қауіпсіздік комитетіне көмектескен. Алайда, полиция департаменті қызметкерлері олардан «қаруды ҰҚК емес, бізге тауып беріңдер» деп қыспаққа алған. Артынша, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, «есірткі сақтады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп айыптаған. Ең қызығы, «Батыр» қоры қалада синтетикалық есірткіні таратумен күресетін ұйымдардың бірі еді. 

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп сотталған Нұрмахан Сулейменқұловтың әйелі Ләйлә Бірімжарова былай деді: «Күйеуім Сулейманқұлов Нұрмаханды 11 жылға соттады. Бопсалаумен айналысты, есірткі сақтады деген айып тақты.

Күйеме тағылған бұл айыпты мойындамаймыз. Ол «Батыр» деп аталатын қайырымдылық қордық басшысы. 

Қаңтар оқиғасы кезінде оған ҰҚК басшыларының бірі хабарласты. 5-басқармасының басшысы хабарласқан еді. Одан ҰҚК қызметкерлері көмек сұрап, митингтерді тоқтатуға шақырды. Күйеуім адамдарды жинады, 5 қаңтардан бастап Таразда мародерлікті тоқтатуға тырысты. Қаладағы заңдылықты сақтауға барын салды. Ол күндері не болғанын жақсы білесіздер. Құқық қорғау қызметкерлері жоқ болып кетті. Әкімдікті талқандады, полиция департаментіндегі қару жарақты тонады. Күйеуім осы заңсыздықты тоқтатуға тырысты. 

Ұзақ жылдардан бері күйеуім бапкерлік қызметпен айналысқан еді. Ол қаладағы спортшыларды жақсы таниды. Сол үшін де әкімдік пен ҰҚК қызметкерлері одан көмек сұрады. Маусым айында оны әкімдікке шақырды. Ол жерде облыстың бүкіл басшылығы болды. Жиналысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары жүргізді. Сол жиында күйеуімді «Батыр» деп аталатын қордың басшысы етіп тағайындады. «Ел ағасы» деп аталатын жобаның қатарына қосты. Оның мақсаты – қалада жаппай тәртіпсіздік жасатпауға әрекет ету. Яғни, қалада тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың бірі етті. 

Ал енді қазір оны ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы етіп соттады. Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК қызметкерлері келіп, күйеуімнен қаруды тауып беруге көмектес деп сұрады. Ол барынша көмектесті. Мұны полиция қызметкерлері естіген. Кейін олар да жиі келе бастады. «Қаруды ҰҚК қызметкерлеріне емес, бізге тауып бер» дей бастады. «Мен барымды салдым, көмектестім, қолымнан басқа ештеңе келмейді» деп еді, полиция оны қорқыта бастады. «Нұрмахан бандит, қылмыскер» дей бастады. «Ел ағасы» деген жобаны тоқтатып тастады. 

Әкімдіктің өзі күйеуімнен көмек сұрады. Енді қазір бәрі тайқып шықты. «Біз ешкімнен көмек сұрамадық» деп отыр. Сонда бұл қалай? Сөздерінен секірді де кетті әкімдік өкілдері. Енді бұларға қалай сенеміз? Пайдаланды да, керек емес кезде сырт айналып кетті. Сотқа келді де, «біз оларды танымаймыз, білмейміз» деді. 

Сот алды да күйеуімді ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы деп таныды. Ол ешқандай да есірткімен айналыспайды. 20 жылдан астам намаз оқиды. Есірткіге жолайтын адам емес. Полиция қызметкерлері өздері келіп, моншаның ішіне есірткі салып кетті. Моншада кім сақтайды есірткіні? Біздің жеті баламыз бар. Олардың бәрі моншаға кіріп шығып жүреді. Бұл нағыз арандату емес пе? Осының бәрін сотта айттық. Ешкім тыңдамайды. Сегіз адамды осы іс бойынша ұзақ жылдарға соттады. Қару жарақты тауып бермедіңдер деп соттап отыр бұл кісілерді. Біз бұл үкіммен мүлдем келіспейміз. Қай жерге шағымданбадық. Ешкім тыңдамайды. Бәріміз де көпбалалы отбасымыз. Тоқаев неге тыңдамайды бізді? Бас прокуратура неге назар аудармайды? Сол кездегі полиция департаментінің басшысы Бимурзин күйеуіме «қаруды тауып бер, болмаса сені отырғызамыз» деп қорқытты. Сол сөзінде тұрды. Заңға қарамастан жала жауып түрмеге тықты. 

Менің өзімді де төрт ай бойы тергеуге сүйреп, түрмеге қамағысы келді. «Арызданба, тоқтамасаң, өзіңді де, балаларыңды да отырғызамыз» деп қорқытты. Бұл не сұмдық? Бала-шағамызға дейін түрмеге жаппақ бұлар. 

Күйеуімді Қырықбаевтармен, «Кировский» деген топтармен байланыста дейді. Бірақ, сол Қырықбаевтар, «Кировский» деген адамдар түрмеде отыр ма? Жоқ. Бірде бірі түрмеде отырған жоқ. Ондай ұйымдасқан қылмыстық топ заң бойынша жоқ. Прокуратура оны дәлелдей алмады да. 

Ұстаған кезде күйеуімді әбден ұрып соқты. Оның әкесіне, 70-жастағы қарияға қол жұмсап, оны соққыға жықты. Бұл не масқара? Хабарласып, полицияға шақырса, ол өзі-ақ барар еді. Сонша күш қолданудың қандай қажеттілігі бар еді? 

Бұл жағдайдың бәрі Қаңтар оқиғасына байланысты болып отыр. Күйеуім сол кезде барынша көмектесті. Ал түбінде не болды? Оны соттап жіберді. Жасамаған қылмысын мойнына іліп, істі қылды». 

Одан кейін сөз алған Раимов Бахтиердің анасы да Тараздағы заңсыздықты жіпке тізгендей айтып берді. «Раимов Бахтиер деген балам өзін патриот санайды. 2023 жылы ол президент Тоқаевқа видео жолдап, ол жерде полиция қызметкерлерінің тойда тапаншадан оқ атып жүргенін көрсетті. Міне, осыдан кейін оған қудалау басталды. Балам Нұрмаханда жұмыс істеп жүрген еді. Ол да Қаңтарда тәртіпсіздікті тоқтатуға барын салған еді. Ол кезде бірде бір полиция қызметкерлері болмады. 

Ал қазір не болды? Балама көптеген баптарды тағып, оған 10 жыл түрме жазасын берді. Ешқандай қылмысы жоқ еді. Оны азаптады, ұрды, қинады. Қаншама рет Бас прокуратураға бардым. Ешкім бізді тыңдамады. Түкке де қарамастан баламды соттады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі деп соттады. Қайдағы ұйымдасқан қылмыстық топ? Ол қалада барынша тәртіп сақтауға тырысты. Соған көмектесті. Өзім өзбектің қызы болсам да, қазақ халқының өкілімін деп санаймын. Балам қайырымдылық қордың қызметкері болды. Жоқ-жітіктерге, жағдайы төмен отбасыларға көмектесті. Басқа ешқандай кінәсі жоқ баламның. «Не үшін түрмеде отырмын?» Деп сұрайды балам. Еш жазығы жоқ оның. Қарапайым өмір сүрді. Қазір не болды? Заңсыздықпен түрмеге қамап тастады. Есірткі сақтады деді. Ол дәлелденбеді. Қару жарақ сақтады деді. Оған да дәлел табылмады. Бірақ, басқа айып тақты да, бәрібір соттады. Бұл ҰҚК мен полиция арасындағы қақтығыстан туындады. Бір бірін көре алмай, біздің балаларымызды соттап отыр». 

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, соттың өзі ашық түрде өтеді деп жарияланғанымен, оған артық адамды жолатпаған. 

«Сот түрме ішінде өтті. Ашық сот деп жариялағанымен, оларды түрменің ішінде соттады. Адамдарды кіргізбеді. Бәрін жария түрде көрсетуге тергеу орындары қорықты. Егер бұл сотты халық көргенде олар ақталар еді», деп отыр сотталғандардың туыстары. Сот барысында сотталғандар өздерін ұрып соққанын ашық айтқан. Тіпті таяқ жегендерін дәлелдейтін дәрігерлердің анықтамасын да көрсеткен. Бірақ, оның ешқайсына да сот назар аудармады. Бірде бір полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалмады азаптау фактісі бойынша.   Сотталғандардың туыстары әділдік үшін күресін одан әрі жалғастырмақ.