• Басты
  • >
  • Орталық Азия елдері зорлыққа қарсы күш біріктірді

Орталық Азия елдері зорлыққа қарсы күш біріктірді

07.11.2018

Бүгін Алматыдағы бюро пресс-залында «Немолчи.KZ» жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысы баспасөз мәжілісін өткізіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріндегі ұқсас ұйымдар бас біріктіріп, ортақ жұмыс туралы меморандумға қол қойғандарын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жыныстық зорлыққа қарсы «Немолчи.KZ» ұлттық қозғалысы 2016 жылы іске кіріскен еді. Интернет қолданушы әйелдердің кейбірі бұрын зорланғанын ашық айта бастап, бұл мәселеге қоғам назарын аударуға тырысты. Сондай оқиғасын жазғандардың алғашқыларының бірі Дина Таңсәрі қазір Қазақстандағы аталмыш қозғалыстың жетекшісі.

Баспасөз мәжілісін бастаған Дина Таңсәрі қозғалыстың жемісті жұмысы басқа да Орталық Азия елдерін үндемеуге, аталмыш мәселе бойынша жұмыс бастауға итермелеген дейді.

Осылайша, #НеМолчи хэштегімен Орталық Азияның бірнеше мемлекетінде қозғалыс құрылады.
#НеМолчиУз – Өзбекстандағы зорлыққа қарсы тұру бойынша ақпараттық жоба, 2017 жылдың 1 тамызы күні құрылды. Бастама жетекшісі Ирина Матвиенко бүгінгі баспасөз мәжілісіне скайп байланыс арқылы шықты.

#НеМолчиTJ – Тәжікстандағы зорлыққа қарсы алғашқы ақпараттық жоба, 2018 жылдың 12 тамызында құрылды. Жетекшісі Шухрат Шадманов.
#НеМолчиKG – Қырғызстандағы зорлыққа қарсы ақпараттық жоба, 2018 жылдың 7 қарашасында құрылды. Жетекшісі Айгүл Қарабалина меморандумға қол қоюға Алматыдағы баспасөз мәжілісіне арнайы келді.

Құқыққорғаушы Дина Таңсәрі ендігі қозғалыстың жұмысы Орталық Азия бойынша ақылдаса жүргізілетінін айтып, зорлыққа қарсы ақпараттық, заңдық және мемлекеттік органдарға ықпал ету жұмыстары кешенді түрде жүргізілетінін мәлімдеді. «Біздің зерттеуіміз бойынша зорлық көрген әйелдердің 25 пайызы түбі қатерлі ісік (рак) ауруына шалдығады. Бірақ, оған мән беріп, осыған дейін зерттеу жүргізген құзырлы орган жоқ. Сонымен қатар, біз зорлық қылмысын жеңіл категорияда қарастырып, екі жақтың келісуі арқылы шешілетін деңгейге жеткізгенге қарсымыз. Осы сынды сұрақтар бойынша заң шығарушы, атқарушы органдармен жұмыс жүргізбекпіз», – дейді ол.  

 


Пікір үстеу