Желтоқсаншылар Мирболат Мырзатайұын қамаудан босатуды талап етті
  • Басты
  • >
  • Желтоқсаншылар Мирболат Мырзатайұын қамаудан босатуды талап етті

Желтоқсаншылар Мирболат Мырзатайұын қамаудан босатуды талап етті

02.10.2025

Бірнеше қоғамдық ұйым жетекшісі прокуратураға хат жолдап, 174-баппен күдікті деп танылған белсенді Мирболат Мырзатайұлының бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда қыркүйек айында қамауға алынған желтоқсаншы, қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлының мәселесі көтерілді. Жиынға Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинова, желтоқсаншы Халелхан Ибрайымханұлы қатысты. 

Алдымен сөз алған Халелхан Ибрайымханұлы былай деді: «Бұрын Назарбаевтан көрдік қудалауды. Қазір кімнен көреміз? Желтоқсаншыларды бірінен соң бірін қамап жатыр. Мирболат Мырзатайұлын не үшін қамады? Қандай қылмыс жасады? Тоқаев мырза Қаңтардан кейін «Жаңа Қазақстан» орнатамын деді. Ел көп үміт артты ол кісіге. Ал қазір не істеп жатыр? Мемлекеттік тілді қолдағаны үшін түрмеге отырғызғаны ма? Дәлелсіз қамап отыр Мирболатты. Шындықты, әділдікті айтқаны үшін қудалауға салуда. Ол өзінің Конституциялық құқығын пайдаланды. Одан бөлек қаншама адамды отырғызды. Мирболат Мырзатайұлын дереу босатуды талап етеміз. 

Келесі жылы, Желтоқсан оқиғасының 40-жылдығы болады. Қазір желтоқсаншы ұйымдардың жиырмасы бар. Неге жасалды бұлай? Басы қосылмасын деп. Мирболат АЭС-ке қарсы да наразылық танытты. Осының әсерінен қамады деп санаймыз. Жанболат Мамайды соттады, мысалы. 6 жылға түрлі шектеу енгізді сот үкімі бойынша. Мирболатқа да сондай жағдай жасай ма деп қауіптенеміз.

АЭС-ке қарсы шыққан бес азаматты соттап тынды билік. Олар елдің болашағы үшін әрекеттенді. Үнін жеткізбек болды. Бұл да олардың конституциялық құқығы емес пе? Соған қарамастан, бес азаматты қамап, түрмеде ұстап, ақырында соттап тынды. Әділдік қайда?».

Ибрайымханұлының айтуынша, «Мырзатайұлын ұстағанда ешкімге де қоңырау шалуға рұқсат бермеген. Заң бойынша, телефонмен хабарласуға мүмкіндік береді. Оған ондай жол берілмеді. Бұл да заңды аяқасты ету емес пе?». 

Мирболат Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинова Астанаға барып келгенін айтты. Ол былай деді: «Астанаға барып, ішкі істер министрлігінде кездесу өткіздік. Олар Бас прокуратураға жіберді бізді. Прокурорлар ешқандай да іс түспеді деп кері қайтарды. Қазір шағымдар жазып жатырмыз. Мирболаттың ешқандай қылмысы жоқ. Неге ескерту бермейді? Тіл мәселесін көтерді Мирболат. Әділетсіздік мәселесін айтты. Мүгедектігін ала алмай жүрген адамдарға көмектесті. Қазақстанның түкпір түкпірінен адамдар келіп, мәселесін айтатын. 174-бап қазақтың маңдайына сор боп біткен бап. Тілін, жерін сүйгендердің барлығын осы баппен соттайды. Бостандық берілуі тиіс Мирболатқа». 

Мирболаттың жұбайының айтуынша, «Астанадағы құзырлы мекеме қызметкерлері оларды Алматыға жұмсағанын айтады. Мирболат тергеу изоляторында жатыр қазір. Таза ауаға шығармайды. Денсаулығы нашар оның. Мирболатқа таза ауа керек. Оның қан тамырлары бітеулі. Сонда не істеу керек? Прокуратураға шағым жолдадық, әзірше жауап жоқ». 

Тергеу изоляторы басшылығы «бір сағат серуендетуге қызметкеріміз жетіспейді» деп шығарып салған. Шындығына келгенде, бұл заңбұзушылық. Ішкі істер министрінің тәртібіне сәйкес, қамаудағы отырғандарды серуенге алып шығу – олардың тікелей міндеті. 

Алматыдағы құзырлы орган басшылығы өздерімен дұрыс сөйлеспейтінін, олардан жөнді жауап ала алмайтынын жеткізді. Сонымен бірге, Бишуинова қорғаушыны ауыстырғанын да айтты. «Жұмысына көңіліміз толмағандықтан, басқа қорғаушы алдық. Әзірше толық мәлімет бере алмаймыз бұл туралы. Бірақ, қазіргі қорғаушы дұрыс жұмыс атқарады деп үміттенеміз». 

Мирболат Мырзатайұлының жақтастары да баспасөз мәслихатына келіп, оған толық қолдауын білдірді. «Қазақ тіліне жанашыр азамат. Өзінің қалтасынан қаржы шығарып, тілді дамытуға да үлесін қосты. Елім, жерім деп жүрген жанашыр тұлға. Не үшін қамады оны? Рецидист емес. Жәбір көрген азаматтарға қолдаушы болып жүрді» деп ашық айтты. Сонымен бірге, олар Мирболаттың бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Денсаулық жағдайына қарауға шақырды. «Өзі Семей полигонының жанында дүние келді. Денсаулығы онсыз да нашар. Желтоқсан ұйымдарының басшылары Мирболатты тергеу кезінде үйіне жіберіп, бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап отыр. Кәнігі қылмыскер емес түрмеде ұстайтындай. Тергеуге, сотқа үйінен қатыссын. Камерада отыру қиын мынадай денсаулықпен. Желтоқсаншылардың барлығы осыны талап етуде», – деді жақтастары.