Митинг қарсаңында 70-ге жуық адам ұсталды
  • Басты
  • >
  • Митинг қарсаңында 70-ге жуық адам ұсталды

Митинг қарсаңында 70-ге жуық адам ұсталды

27.10.2025

Олардың арасында белсенділерден гөрі митинг өтеді деген жерден өтіп бара жатқан қарапайым азаматтар көп. Митинг өткізуді сұраған белсенділер әкімшілік қамауға алынды

25 қазан күні Францияға бас сауғалап кеткен бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов митинг жариялаған болатын. Соған байланысты Қазақстан полициясы бірқатар қалаларда белсенділерді ұстап, оларды әкімшілік жазаға тартты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның мәліметінше, митингке байланысты 70-ге жуық адам ұсталған. Бірақ, олардың бәрі белсенді емес, көпшілігі бейбіт жиын өтеді деген жерден кездейсоқ кетіп бара жатқандар болып шықты. Құқық қорғаушының айтуынша, бірнеше белсенді әкімшілік жазаға тартылды. Арасында 15 тәулікке қамалғандары да бар. Атап айтқанда, Жанат Жамалиев, Нұрбек Құлышев, Асет Кенджибеков, Ербол Есхожин, Нұржан Қажығалиев, Қанатхан Амренов, Қаржау Төрекұлы, Назгуль Жусупова, Смаилов Баян, Айбек Сабитов, Базенов Дастан 15 тәулікке қамалды. Тағы бірнеше белсенді 6 тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. 

Митингтің өзіне Астана қаласында бір ғана белсенді шықты. Айбек Сабитов «қымбатшылыққа қарсымын, сол үшін наразылық акциясына шықтым» деп Астана қалалық әкімдігіне жақындаған бетте оны полиция қызметкерлері ұстады. Кейіннен әкімшілік сот болып, ол он бес тәулікке қамалғаны белгілі болды. 

Айта кетерлігі, 25 қазанның алдында да белсенділер жергілікті әкімдіктерге ескерту тапсырып, митинг өткізуге рұқсат беруді сұраған еді. «Азаттықтың» хабарлауынша, «Алматы, Астана және Шымкент әкімдіктері белсенділерге қымбатшылыққа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл жөнінде “Белсенділер экстремист емес” тобы жазып, әкімдіктердің берген жауаптарын да жариялады. Белсенділер 25 қазанды айтып, үш уақытты көрсеткен.

Әкімдіктер жауаптарында белсенділер көрсеткен орындарда басқа шара өтетіні немесе ақпарат толық еместігін атап айтқан. Мысалы, Шымкент әкімдігінің 2 қазан күні жіберген жауабында “Бейбіт жиын өткізу туралы” заңның 14-бабына сәйкес (толық емес ақпарат) өтініш орындалмағаны жазылған». Сонымен бірге, Орал қаласында да белсенділерге митинг өткізуге мұрсат берілмеді. Бұл қалада бейбіт жиынға шыққысы келген Маруа Ескендірованы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды. 

Заң бойынша, Қазақстанда митинг өткізуге рұқсат алудың керегі жоқ, ескерту тапсырса жеткілікті. Іс жүзінде, мүлде олай емес. Белсенділер митинг өткізуге ескерту тапсырғанымен, әкімдіктер түрлі себеппен оған рұқсат бермейді. Митинг өтетін орын бос емес деген сылтау жиі кездеседі. Конституциялық сот мұндай жауапты заңсыз деп таныған еді алдында. Яғни, митинг өтетін орын бос болмаса, әкімдік оған балама жерді ұсыну керек. Бірақ, бұл талапты орындап жатқан әкімдікті байқамадық.