Баспасөз жиынын өткізген Мирболат Мырзатайұлының жақтастары соттың үкімімен келіспейтінін, оның бостандығы үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда төрт жылға бас бостандығынан айрылған қоғам белсендісі, желтоқсаншы Мирболат Мырзатайұлының мәселесі көтерілді. Жиынға Мирболаттың қорғаушысы мен оның бір топ қолдаушысы қатысты.
Баспасөз мәслихатына модераторлық жасаған Гүлжахан Ибижанқызы «Мирболаттың желтоқсан қатысушысы әрі қуғын сүргін құрбаны екенін атап өтті».
Одан кейін сөз алған белсенді Хұдайшүкір Абдуллаев былай деді: «Мирболатты қамау – желтоқсаншыларды қамау дегенмен бірдей. Бұл не тірлік болды? Ата заңымыз қайда? Халықаралық заңнамаға бағынамыз дегені қайда? Қазақстанда сөз бостандығы мүлде жоқ деген сөз. Прокурор ешқандай айыбын таппаса да, Мирболатты түрме жазасына кесуді сұрады. Ұлтараздықты қоздыру деген мүлде болған жоқ. Қашанға дейін жалғасады мынадай заңсыздық? Конституциялық құқықтарымыз неге сақталмайды? Президент неге назар аудармайды мына жағдайға? Барлық құқығымыз аяққа тапталып жатыр. Мирболат – журналист, ақпарат таратушы азамат. Оның мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені неге қылмыс болуы керек? Өз ана тілін қорғау – ұлтаралық араздықты қоздыру ма сонда? Парламент депутаттарына қайрылғымыз келеді. Не қарап отыр олар? Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздықты қоздыру» деп санаса, бәрін соттай бермей ме шетінен? Қисын қайда?
Мирболатты ұстаудың өзі шұғыл түрде жүргізілді. Көлікпен кетіп бара жатқан жерінен әкетті. Оны полицияға шақырса, өзі де бармас па еді? Шұғыл түрде, күшпен ұстайтындай, Мирболат кәнігі қылмыскер ме еді? Жаңа Қазақстан деген осы ма? Естуші мемлекет дегені қайда? Неге біздің үнімізді естімейді?»
Заңгер, Желтоқсан ұйымдарының өкілі Орынбасар Толысбаев мына мәселеге назар аударды: «Мирболатты қоқыс жинайтын мекеме басшыларына мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін соттап отыр. Оның азамат ретінде мемлекеттік тілде сөйлеуді сұрауға қақысы бар ғой? Қайта сол мекеме басшылары заңды бұзып отыр. Мемлекеттік тілде сөйлеуі керек олардың. Сол үшін Мирболатты соттады. Бұл ешбір заңдылыққа сыймайтын дүние. Мирболатқа мұндай ауыр жаза беретіндей негіз жоқ еді. Ол ешқандай да қылмыскер емес. Бұрын соңды сотқа тартылмады. Бала шағасы, отбасы бар. Оны көшеде ұстап, бірден түрмеге қамауға себеп жоқ болатын».
Сонымен бірге, ол соттағы заңсыздықты да атап өтті. Толысбаев мынаны айтты: «Сотты бастан аяқ бақыладым. Процес бір жақты өтті. Қорғаушылар тергеудің қаншама кемшіліктерін көрсетті. Мирболаттың кінәсіздігін толық дәлелдеп шықты. Сот үкімін оқығанда судья Мирболаттың көпбалалы екенін, Семей полигонында дүниеге келгенін, бұрын сотты болмағанын еш ескермеді. Оның Желтоқсаншы екенін де ескермеді. Әйтпесе, Мырзатайұлының Желтоқсан қатысушысы екенін бәрі біледі емес пе? Қазақша сөйле деп талап еткені үшін азаматты төрт жылға бас бостандығынан айыру – тіпті шектен шыққандық емес пе? Елім, жерім деген азаматты осылай қамай берсе, ертең Отанды, мемлекетті кім қорғайды деген сұрақ туындайды. Апелляциялық шағым түсіріледі. Алматы қалалық соты дұрыс әрі әділетті шешім шығарады деп күтеміз».
Қоғам белсендісі Рақыш Тоқпанбетов тағы да Астанаға барып, Мирболаттың мәселесін көтеретінін атап өтті. Белсенді былай деді: «Астанаға барып, ішкі істер министрлігінде кездесу өткіздік. Олар істі прокуратураға тапсырдық деп айтты. Бас прокуратура бұл істен хабарымыз жоқ, білмейміз деп хабарлады. Бір біріне сілтейді құзырлы мекемелер.
Былай қарап отырсақ, Мирболаттың үстінен ешқандай да арыз жазылмаған. Қарағандыда Аликаның ісін алыңыз. Оны үш жарым жылға соттағанымен, баласы бар деп жазасын кейін өтеуге мүмкіндік берді. Мирболатты неге босатпады? Отаны үшін, жері үшін қызмет еткен адамды бұлай соттау нағыз әділетсіздік емес пе? Сонда елді кім ойлайды?
Астанаға қайта барамыз. Президент әкімшілігіне кездесуге жазыламыз. Бас прокуратураға қабылдауға жазыламыз. Мына әділетсіздіктің бәрін айтамыз. Тіпті шектен шығып жатыр қазір. Бәрін шетінен отырғызуда. Депутаттар қайда? Неге үнсіз отыр? Қазақ тілінде сөйле дегені үшін төрт жылға соттау деген ақылға қонбайтын әрекет емес пе? Бет ауыздары шіміркпестен төрт жылға соттап жіберді. Кімнен сұраймыз әділдікті? Алматыда ешкім сөйлеспейді. Сол үшін Астанадағы құзырлы мекеме басшыларынан әділдік талап етеміз».
Қорғаушы Жанара Балғабаева мынаған тоқталды: «Тергеу органдарының айыптау актісін сотта тас талқан еттік. Тағылған айыптардың барлығы негізсіз екенін дәлелдедік. Мемлекеттік тілде жауап бер деп сұрау – қылмыс емес. Ұлтаралық араздықты қоздырмады. Басқа ұлт өкілдері туралы бір ауыз сөз айтпады. Не үшін соттады оны? Біз соттың үкімімен мүлдем келіспейміз. Жақын уақытта апелляциялық шағым жолдаймыз».
Қорғаушы өздерінің келтірген бірде бір дәлелін соттың қаперге алмағанын келтірді.
Орынбасар Толысбаев алдағы уақытта желтоқсаншы ұйым өкілдері баспасөз мәслихатын ұйымдастыратынын, Мирболаттың бостандығы үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатына жиналғандар «қазақ тілінде сөйлеуді талап етудің еш қылмыс емес екенін» баса айтты. «Мектепте де оқушыдан қазақ тілінде таза сөйлеуді талап етеді. Сонда ол да қылмыс па? Мемлекеттік тілге құрмет көрсетуді сұрау үшін түрме жазасына кесу деген ақылға қонбайтын дүние ғой», деді олар.
