Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинованың хабарлауынша, алғашқы сот тыңдалымы 17-қазан күні өтеді. Белсендіге 174-бап, яғни «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда қамауда отырған қоғам белсендісі, журналист Мирболат Мырзатайұлының мәселесі бойынша сөз қозғалды. Жиынға қоғам белсенділері мен оның жұбайы қатысты.
Алдымен жиында сөз алған белсенді Худайшүкір Абдуллаев былай деді: «2 қыркүйек күні Мирболат Мырзатайұлы қамалды. Оған жала жауып отыр деп санаймыз. Оған 174 баптың 1-бөлігі бойынша, ұлтаралық алауыздық қоздырды деп айып тақты. Бұрын Кеңес үкіметі азаматтарды қудалады деп айттық. Қазір кімнен көреміз? Қит етсе, кез келген адамды қамайтын болды шындықты айтқаны үшін. Қаншама азаматты қамап тастады. Қарағандыда үш азаматты жауып тастады. Шымкентте екі белсендіні түрмеге отырғызды. «Жаңа Қазақстан» қайда қалды? Біз Мирболатпен бірге Қытайға жер беруге қарсылық білдіріп, кездесулер өткізіп жүрдік. Сол үшін қудалап отыр деп санаймыз»
Өзін заңгермін деп таныстырған Асылбек Қараев мынаны айтты: «Мирболаттың ешқандай заңды бұзбағаны анық деп санаймын. 2 қыркүйек күні Талғар ауданында төрт гектар жерді қытай азаматы сатып алды деген соң біз әкімдікке бардық. Алдымен бізге ешқандай мәлімет бермеді. Кейін аудан әкімінің орынбасары Әскербеков бізді қабылдап, Талғар ауданында шынында да жер берілгені анықталды. Мұны қателік деп айтты. Қазіргі кәсіпкерлерге жерді жалға беруге болады деген сылтаумен шетелдіктерге жер беріп жатыр деп естідік. Мирболат Мырзатайұлы журналист ретінде әкімшіліктегі кездесуді түсіріп отырды. Ол басқа әрекеттерге барған жоқ. Кейін Мирболат жоқ болып кетті үшті күйлі. Кешкі 8-9-да Мирболат жоғалып кетті деп жұбайы хабарласты. «Думан» ықшам ауданынан оның көлігін тауып алдық ашық шашық жатқан жерінен. Қайда екенін айтпай қойды құзырлы орган мекемелері. Әлеуметтік желіге жазған соң ғана келесі күні полиция оның ұсталғанын мәлімдеді. Осының өзі заңбұзушылық емес пе? Оны іс жүзінде ұрлап кетті. Бұл да қылмыс ретінде қабылдануы тиіс қой. Оның туыстарына хабарласуға мүмкіндік берілуі керек еді. Адамды ұрлау болды бұл».
Сонымен бірге, заңгер Асылбек Қараев Мырзатайұлына тағылған айып бойынша да пікірін білдірді. «Қазақша сөйлеуді талап ету ешқандай да қылмыс емес. Ол үшін «ұлтаралық алауыздықты қоздырды деп айыптаудың өзі қате. Қазір тергеу аяқталды. Соттың қандай үкім шығаратынын білмейміз. Бірақ, әділ шешім қабылданса деген сөзді айтқымыз келеді».
Мирболат Мырзатайұлының жұбайы Гүлшат Бишуинова тергеу аяқталғанын жеткізді: «Күні кеше Мирболатпен кездестім түрмеде. Тергеу аяқталғаны туралы хабарлама берілді бізге. Мирболат «елім, жерім» деп барынша күресті оны сақтап қалуға. Қазақтың жері үшін күресті. Әділ шешім шығуы тиіс деп санаймыз»
Рақыш Тоқпанбетов: «Құзырлы орган мекемелері біздің сөзімізге еш назар аудармайды. Жоғарыдан тапсырма келді дейді де кері қайтарады. Кімге айтамыз сөзімізді? Кім тыңдайды бізді?» деп налыды.
Естеріңізге сала кетсек, Мирболат Мырзатайұлы 2-қыркүйек күні қамалды. Мирболат Мырзатайұлы ұсталған уақытта Алматы қаласының полиция департаменті оның үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша іс қозғалғанын айтқан. Кейіннен ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынған. «Бишуиновқа қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 174-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сол бойынша қылмыстық-процесуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес, ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорғаушысы бар… Сол бойынша екі күн ішінде сот шешімімен санкциясын қарайды. Сотқа дейін отыра ма, отырмай ма деген сияқты», – деген сол уақытта Аламыт қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Қасымбаев сол уақытта.
Мирболат Мырзатайұлы 54-жаста. Ол «Журналистік зерттеулер орталығы» атты Youtube каналдың авторы әрі жүргізушісі. Онда елдегі проблемалық мәселелер көтеріледі.