• Басты
  • >
  • Марат Жыланбаев түрмеден хат жазды

Марат Жыланбаев түрмеден хат жазды

17.04.2025

Бір жылдың ішінде алты рет аштық жариялағанын, мұны өзіне қатысты жасалып жатқан заңсыздыққа наразылық ретінде қабылдау керегін ашық айтты

«Алға, Қазақстан» партиясының бастамашыл тобының жетекшісі, 7 жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаев түрмеде аштық жариялап, наразылық танытып жатыр. Бұған қатысты Ақмола облыстық прокуратурасы «Жыланбаев шыққан үкімге қарсылық танытуда» деген мәлімдеме жасаған еді. Марат Жыланбаевтың өзі түрмеден хат жазып, не себепті аштық жариялағанын түсіндірді.

«Менің аштық жариялауымды емдік мақсатта немесе денсаулық үшін ұстап жүр деген ақпаратты таратпаңыздар – бұл барып тұрған жала. Себебі, мен бостандықта жүргенде ешқашан аштық ұстаған емеспін, тіпті оның қандай болатынын да білмеймін.

2024 жылғы 18 қаңтарда мен аузыма түйреуішпен (ине орнына қолданған) тігіс салдым. Сол жылы мен 5 ай аштықта болдым (151 күн) – барлығы 6 рет аштық жарияладым.

Мұнда менің шығармашылықпен айналысуыма рұқсат бермейді, стадионда жүгіруге тыйым салды, барлық құрал-жабдықтарымды тартып алды, сондай-ақ ДИЗО камерасынан 25-30 парақ қағазым жоғалып кетті. Бұл 5 сәуірде жуынуға барған кезде орын алған оқиға.

18 ақпанда өзім жасаған қақпанмен 29-шы тышқанды ұстадым.

Менің барлық аштық жариялауым – заңсыз қамауға алынуыма қарсы наразылық акциялары.

Барлық халықаралық ұйымдар мені саяси тұтқын ретінде таныды».

Жасы алпыстан асқан марафоншының денсаулығы мәз емес екенін құқық қорғаушылар бұған дейін жазған еді. Оның үстіне, Жыланбаевтың бірнеше рет аштық жариялауы – оның жағдайын одан әрі нашарлатуда.

Құқық қорғаушылардың жазуынша, Степногорск қаласында орналасқан түзету мекемесі марафоншының жазған арыздары мен қағаздарын ешқайда жібермейді. Бір сөзбен айтқанда, Жыланбаевты барынша қыспаққа алып отырғаны байқалады.

Марат Жыланбаевқа түрме ішінде спортпен айналысуға, сурет салуға тыйым салу деген нағыз заңсыздық емес пе? Заң бойынша, әрбір сотталушының жеке уақыты болады. Ол кезде спортпен айналысуға, шығармашылықпен шұғылдануға тыйым салуға мекеменің құзіреті жоқ. Бастысы, заң шеңберінде болуы керек. Алпыстан асқан Жыланбаевты сонша қинау, қысым көрсету кімге керек?

Сәуір айының басында халықаралық Human Rights Watch ұйымы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін Еуропа Одағы – Орталық Азия саммиті қарсаңында Брюссель билігіне үндеу жасап, Қазақстандағы адам құқықтары мәселесін көтеруге үндеу жасаған еді. Маңызды мәселенің бірі ретінде – белгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың бостандығы атап өтілді. Еуропа Одағы бұл жағдайды Қазақстан билігіне жеткізді ме, жоқ па, мәселе ретінде көтерілді ме, әлде айтылмады ма, – ол жағы беймәлім. Десек те, Қазақстандағы саяси тұтқындардың жағдайы халықаралық ұйымдардың назарынан түспегені анық.

Жыланбаевтың сотталуы – саяси қудалау екенін халықаралық ұйымдар да, қазақстандық құқық қорғау мекемелері де ашық жазды.