Мұнайлы ауданында болған адам өлімі дерегі қоғамда үлкен резонанс туғызды. Қылмыскер марқұмның денесін автокөліктің жүксалғышына салып, туыстарына апарып берген. Алайда полиция бұл әрекетті «адам өлтіру» емес, тек «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» ретінде саралап отыр.
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында осы жантүршігерлік оқиғаға байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған кісі қолынан қаза болған Жандос Өтемұратовтың туыстары және олардың заңды өкілі Инга Иманбай қатысты.
Алдымен сөз алған заңгер Инга Иманбай былай деді:
«Оқиға Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында болған. Жандос Өтемұратов 10 мамыр күні сыныптасының қызының ұзату тойына қатысады. Кейін басқа кластастарымен бірге Т. есімді азаматтың үйіне барады. Біраз уақыттан соң Жандос пен үй иесі бұрынғы араздықтарын еске алып, арасында жанжал туындайды. Екеуі бір-біріне соққы жұмсап, Жандос үйден қашып шығады. Бірақ Т. оны қуып жетіп, екеуі сыртта төбелеседі. Жандосқа ауыр соққылар тиеді. Осы кезде үй ішінде Т.-ның екі кластасы, олардың жұбайлары, өзінің әйелі және екі баласы болған. Яғни, бірнеше ересек адам бұл жағдайдың алдын алуға толық мүмкіндікке ие еді. Бірақ ешқайсысы араласпайды. Жандос ауыр жарақат алып, бет-аузы қанға боялып, аулада тұрған құдықтың үстіне жатып қалады. Бұл уақытта басқалар ет жеп, дастархан басында отыра береді. Кешке қонақтар тарқап, Т. үйіне кіріп ұйықтап қалады. Түнгі сағат 1-де ғана оянып, Жандосты оятпақ болады. Бірақ ол қайтыс болып кеткен еді. Осы сәтте жедел жәрдем мен полиция шақырудың орнына, Т. әйелі және балаларының көзінше Жандостың мәйітін көліктің жүксалғышына салып, ағасының үйіне апарады. Ол жерде жалған мәлімет беріп, Жандостың дүкенге барып, біреулерден таяқ жегенін, содан қайтыс болғанын айтады.
Ең маңызды сұрақ: неге бірден полиция шақырмады? Неге жедел жәрдемге хабарласпады? Неге ешкім көмек көрсетпеді? Бұл — Қылмыстық кодексте қарастырылған қылмыс. Қылмысты хабарламау және қауіпті жағдайда қалдыру баптары бар. Тергеу органдары мұны назарға алған жоқ. Қылмыстық іс тек ҚК 106-бабы – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша тіркелді. Ал ҚК 99-бабы – адам өлтіру бабы қолданылмай отыр. Қазіргі уақытта тек бір күдікті тергеу изоляторында. Біздіңше, бұл — қасақана адам өлтіру. Себебі Т. мен Жандос арасында бұрыннан араздық болған. Ол Жандосты ұрып, ауыр халде далада қалдырды. Бірде-бір адам оған жәрдем бермеді. Бұған Мұнайлы ауданының прокуроры Шелпеков мүлде назар аударған жоқ. Біз тиісті өтініш хаттарды тапсырдық. Президент Тоқаев үнемі «заң мен тәртіп» туралы айтып жүр. Ал бұл жерде заң өрескел бұзылып отыр. Егер сол кезде жедел жәрдем шақырылғанда, Жандостың өмірін сақтап қалуға болар еді. Атышулы Бишімбаев ісін еске түсіріңіздер. Сол істе де марқұм бөлмеде жатқанда, айыпталушылар тамақ ішіп отырған. Бірақ, ол істе гастроорталықтың директоры Қылмысты хабарламау бабымен сотталды. Ал бұл істе неге ешкім күдікті ретінде танылмай отыр? Құзырлы органдар осыған назар аударуы тиіс».
Бұдан кейін марқұмның әкесі Полат Өтемұратов сөз алып, былай деді:
«Жандостың денесінің барлық жері көгерген, жарақаттанған. Ол жарақаттарды тек далада алған. Жандосты соққыға жығып, құдықтың үстіне апарып тастаған. Тергеушіге бұл туралы айтсам, ‘Сіз өзіңіз көрмедіңіз’ деп жауап береді. Куәгерлер көп жайтты жасырып отыр. Тек екі куәгер ғана шындықты ішінара айтып отыр. Бұл істе көптеген шикіліктер бар».
Қазіргі уақытта іс Мұнайлы ауданының прокуратурасының қарауында. Егер айыптау актісі бекітілсе, іс сотқа жолданады. Жәбірленуші тарап күдіктінің әрекетін аса ауыр бап бойынша саралауды талап етіп отыр. Бұл іс бойынша заңдылық сақтала ма, жоқ па – оны журналистер мен қоғам өкілдері бақылауға алмақ.