• Басты
  • >
  • Мәжіліс аты шулы "бейбіт жиын өткізу туралы" заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс аты шулы “бейбіт жиын өткізу туралы” заң жобасын мақұлдады

15.04.2020

ҚР парламент мәжілісінің депутаттары «бейбіт жиындар туралы» заңды бұзғаны үшін жазаны қатайтуға бағытталған түзетулер мен толықтырулар жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

«Депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына түзетулер енгізді. Жергілікті атқарушы органдарды ескертусіз, митинг, жиын өткізу және оған қатысу жауапкершілігі күшейтілді»,- деп мәлімдеді мәжілістің пленарлық отырысында депутат Қанат Мусин.

Мәжіліс мақұлдағаннан кейін, заң жобасы сенатқа жіберілді.

Сәуірдің 7-і күні бірқатар БАҚ беттерінде «Қазақстанда «бейбіт жиын өткізу туралы» заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек» деген ақпаратар тараған. Атап айтқанда, ҚазТАГ басылымы өзгертілген заң бойынша, «шетел азаматтарына митингіге қатысқаны үшін айыппұл салынып, елден шығарылатыны жөнінде, БАҚ құралдарының жабылуына митингтерден ақпарат таратуы себеп болуы мүмкін екенін» жазды.  

Ақпан айының ортасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бастаған бір топ атқамінер Алматы қаласында құқық қорғаушы, азаматтық белсенді және журналистермен кездесіп, «бейбіт митинг өткізу туралы» заң жобасын талқылаған. Ол кезде құқық қорғаушы Евгений Жовтис, Ғалым Ағелеуов, белсенді Тоғжан Қожалиева, Әлнұр Ильяшев және т.б билік ұсынған заң жобасымен келіспейтіндіктерін айтқан.

Евгений Жовтистің сөзінше, жаңа заңның шикі тұстары өте көп. Атап айтқанда, «заңда өтініште көрсетілген адамдар саны митингіде асып кететін болса, онда оны тоқтатуға болады» деп көрсетілген. Бұдан бөлек, БАҚ туралы заң бола тұра, журналистер жұмысына қатысты арнайы тармақ жасалған.

«Заң жобасында «егер митингіге келген адамдар саны өтініште көрсетілген мөлшерден асып кетсе, оны тоқтатуға болады» делінген. Осы уақытқа дейін митингіге қатысқан адамдарды санап көрдіңіздер ме? Ол адамдардың санына қаптап жүретін полиция кіре ме? Осындай қисынсыз дүниелер жобада өте көп», – деді Е. Жовтис.

Тоғжан Қожалиеваның сөзінше, жаңа заң жобасында құқық қорғау органдары туралы бір ауыз сөз жоқ. Олар митингі өтіп жатқанда тәртіпті қалай бақылайтыны көрсетілмеген.

Сол уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жиынға келген азаматтардың барлығын тыңдап, заң жобасы осы күйінде қабылдана салмайтынын, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізілетінін айтқан.


Сондай-ақ қараңыз