• Басты
  • >
  • Лұқпан Ахмедьяровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Лұқпан Ахмедьяровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

14.04.2025

Оралдық белгілі журналист Лұқпан Ахмедьяров Астанада ұсталды. Ол өзінің тобымен бірге түсірілім жасап жатқан тұста азаматтық киім киген адамдар келіп, Ахмедьяровтың өздерімен бірге жүруі керегін айтқан. «Не себепті барамын?» Деген журналист сұрағына өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, сол себепті Астана қалалық полиция департаментіне жүруі керегін айтты. Лұқпан Ахмедьяров алдымен өзіне шақырту қағазын беруді сұрады. «Не себепті баруым керек? Егер қылмыстық іс қозғалса, қандай статуста шақырылып жатырмын? Егер күдікті ретінде болса, қорғаушы табуым керек. Маған шақырту қағазын беріңдер, содан кейін барамын» деген Ахмедьяровтың сөзіне полиция қызметкерлеріне назар аудармады. Олар журналисті күштеп автокөлікке отырғызды.

Кейіннен белгілі болғандай, Астана қалалық полиция департаменті «Жалған ақпарат тарату», яғни 274 баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеген. Арызданушы ретінде – әлдебір оралдық азамат аталды. Сол себепті істің мән жайын анықта үшін және тергеу амалдарын жүргізу мақсатында Ахмедьяров Астана қалалық полиция департаментіне жеткізілді деп хабарланды.

Оралдық журналисті қолдауға барған үш белсендіні полиция қызметкерлері департамент алдында ұстап әкетті. Артынша полиция қызметінің тергеушісі шығып «Лұқпан Ахмедьяровты түнгі сағат 10-ға дейін босатамыз, сол себепті қандай да арандату әрекетінен аулақ болыңыздар, полиция жұмысына кедергі келтірмеңдер» деп мәлімдеме жасады.

Расында да, аз уақыттан соң журналист бостандыққа шықты. Ол журналистерге сұхбат беріп, өзін «қорғануға құқығы бар куәгер» ретінде тергеуге алғанын айтты. Сонымен бірге, Лұқпан Ахмедьяров тергеушінің өте дөрекі болғанын, өздеріне айқайлап сөйлегенін де айтты. «Мен де, қорғаушым да оған бірде бір рет дауыс көтермедік, сыпайы сөйлеуін сұрадық. Мені таңқалдырғаны тергеуші маған дөрекілік көрсетті, жеке жауым сияқты сөйледі. Ал мен оны танымаймын да, ешқандай жамандық жасаған жоқпын. Неге маған олай сөйлегенін түк түсінбедім» деді Лұқпан Ахмедьяров. Журналист «іс материалдарын таратуға болмайтынын» алға тартып, қылмыстық іс туралы қандай да мәлімет бере алмайтынын айтты. Оны келесі күні таңғы сағат 10-ға қайтадан тергеуге шақырғаны да мәлім болды. «Ертең мен тергеуден шығамын ба, әлде ары қарай түрмеге қамай ма, ол жағын білмеймін. Ешқандай негізсіз қамап тастауы әбден мүмкін» деді Лұқпан Ахмедьяров.

Бірқатар ақпарат құралдарының жазуынша, Лұқпан Ахмедьяровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс оның Фейсбук желісінде жазған ақпаратымен байланысты. Ол осыдан бірнеше күн бұрын «қазақстандық отызға жуық азаматты Ресей Федерациясына жұмыс істеуге әкетіп, артынша соғысқа жіберуге тырысып жатқанын» жазды. Тіпті олардың қолына берілді деген қағазды да әлеуметтік желіде жариялады. Қазақстанның Қазан қаласындағы консулдығы бұл ақпаратты жоққа шығарып, ел азаматтарын Украинамен соғысқа жіберіп жатқаны өтірік деп мәлімдеді. Сол себепті бұл ақпаратты таратқан журналист Лұқпан Ахмедьяровты қылмыстық жауапкершілікке тартып жатуы әбден мүмкін.

Белгілі оралдық журналист Ахмедьяровты билік қамауға ала ма, әлде тергеу кезінде бостандыққа жібере ме – ол жағы белгісіз. Бұл іс сотқа жететіні я жетпейтіні де – беймәлім. Десе де, соңғы кездері билікті қатаң сынға алатын, шындықты айтатын, Ақорданы ашық сынайтын журналистерді, қоғам белсенділерін қудалау белең алды. Ахмедьяров сияқты шыншыл журналистерді қамап, олардың орнына биліктен жемденіп отырған жалған блогерлерді жіберіп, оларға депутатсымақтардан сұхбат алғызып қоюы да әбден ықтимал. Бірақ, өтіріктің арты бір-ақ тұтам. Ерте ме, кеш пе, кімнің кім екені белгілі болары анық.