• Басты
  • >
  • Human Rights Watch журналистке араша сұрады

Human Rights Watch журналистке араша сұрады

03.12.2024

«Дикая Орда» Телеграм арнасының авторы, журналист Данияр Әділбековтің ісін апелляциялық сатыда әділ қарауды талап етіп, халықаралық Human Rights Watch ұйымы мәлімдеме жасады.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 18 қазанында Әділбеков 4,5 жылға бас бостандығынан айрылған еді. Оның үстінен белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева және вице министр Ақкенженов арыз жазып, көпе көрінеу жала жапты деген айып тағылған еді. Сол істің нәтижесінде журналист Әділбеков 4,5 жылға түрме жазасына кесілді.

Әділбековтің ісі қоғамда екіұдай пікір қалыптастырды. Бір жағынан, «Әділбеков – журналист, ол сөз бостандығы үшін жапа шегіп отыр, бұл айыппен оны түрме жазасына кесу тым ауыр үкім» дегендер бар. Екінші жағынан, «Әділбеков – тапсырыспен Телеграм арнада мақала жазатын, ақша алып, түрлі адамдардың беделіне нұқсан келтірумен айналысатын блогер» дейтіндер де бар. Журналистің ісі қаралған сот процесінде Әділбеков тау кен байыту комбинатын (ГОК) қорғау үшін оның басшысынан 30 миллион теңге алды деген дерек келтірілді.

Қазір не көп – Телеграм арна көп. Не көп – тапсырыспен пост жазатын блогерсымақтар көп. Фейсбукте биліктің тапсырысымен бір пост жазу 20 мың теңге тұрады деген сөздер де өріп жүр. Ондайларды «20 мыңдық блогерлер» деп жатады. Қоғамда биліктің қандай да ісіне наразылық туындаса, соны басу үшін пост жазатындарды солай айтады. Олар шынында да 20 мың ала ма, одан басқа соманы сұрай ма, әлде мүлдем тегін жаза ма – біз оны білмейміз, себебі қолынан ұстап алған жоқпыз ешкімді де. Бірақ, қоғамда сондай сөз бары рас. Әділбековті де осындай тапсырыспен пост жазатын авторлардың қатарына қосатындар жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, қоғамда талқыланып жатқан мәселе – оны сол үшін түрме жазасына кесу дұрыс па, бұрыс па деген әңгіме.

Халықаралық ұйымдардың пікірінше, бұл мүлде дұрыс емес. Human Rights Watch ұйымы Әділбековтің апелляциялық шағымы қаралардан бұрын былай деп жазды: «Қазақстан билігі тергеуші журналист үшін апелляцияның әділ процесін қамтамасыз етуі тиіс. Ол жалған мәлімет таратты деп айыпталып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Қазақстан билігі сөз бостандығына деген құқығын жүзеге асырғаны үшін басқа бірде-бір журналист түрмеге қамалмайтынына кепілдік беру үшін заңдарды қайта қарауы керек».

Сонымен бірге, халықаралық ұйым «Бұл жағдайда түрмеге қамау – беделге нұқсан келтірді деген айыптау үшін орынсыз және тым қатал жаза. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді. Қазақстан билігі Әділбековті босатып, оның апелляциясының әділетті түрде қаралуын қамтамасыз етіп, адамның беделіне нұқсан келтірген сөздер мен пікірлер үшін қылмыстық жазалау бабын алып тастау жөнінде шаралар қабылдауы тиіс» деген талапты да қосты.

Дәл қазіргі таңда, Әділбеков Астана қаласындағы түрмеде отыр. Бірқатар қазақстандық журналистер де оны қорғап, президент Тоқаевқа үндеу жариялаған еді.

Бұл істің немен аяқталатыны әзірше белгісіз. Бірақ, Әділбеков түрмеде отырған жалғыз журналист емес, өкінішке қарай. Оппозициялық көзқарасы үшін, билікті қатаң сынға алған журналист Думан Мұхамедкәрімнің жеті жылға бас бостандығынан айрылғаны белгілі. Оның ісі апелляциялық сатыда қаралып, сот үкімі өзгеріссіз қалды.