Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны Алмалы аудандық соты «жалған ақпарат тарату» бойынша кінәлі деп тауып, оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарған еді. Алматы қалалық соты бұл қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Осыған байланысты халықаралық Frontline Defenders ұйымы мәлімдеме жасап, құқық қорғаушыны қудалауды негізсіз деп таныды.
Халықаралық ұйым мәлімдемесін былай бастады: «2025 жылғы 20 тамызда Алматы қалалық соты Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға айыппұл салу туралы шешімін күшінде қалдырды. Ол Facebook парақшасында саяси белсенді Марат Жыланбаевтың аштық жариялауына қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған. Сот үкімді WhatsApp арқылы өтуі тиіс тыңдауда жарияламай, шешімді тек соттың ресми сайтында орналастырумен шектелді. Құқық қорғаушы мен оның қорғаушылары процессуалдық құқық бұзушылықтарға байланысты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына шағымданатындарын мәлімдеді».
Ары қарай, Frontline Defenders мынаған назар аударды: «2025 жылғы 19 тамызда өткен апелляциялық тыңдау офлайн және онлайн форматта, WhatsApp арқылы өтті. Бұл процесті бақылаушылардың, соның ішінде Front Line Defenders ұйымының қатысуына мүмкіндік берді.Тыңдау барысында Бақытжан Төреғожинаның өкілдері оның бейбіт және заңды адам құқықтарын қорғау қызметімен айналысып жүргенін, бұл әрекеттерді «жалған ақпарат» деп бағалауға болмайтынын ерекше атап өтті». Халықаралық ұйым сот шешіміне де тоқталды: «Соған қарамастан, Алматы қалалық соты Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдырды және оны “қоғамдық тәртіпті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын жалған ақпаратты онлайн платформалар арқылы тарату” бойынша кінәлі деп тапты».
Frontline Defenders сот шешімін айыптай отырып, Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Мәлімдемесінде бұған қатысты былай деді: «Front Line Defenders ұйымы Бақытжан Төреғожинаға қарсы бейбіт әрі заңды адам құқықтарын қорғау қызметі үшін көрсетіліп жатқан сот қысымының жалғасуына қатты алаңдаушылық білдіреді. Азаматтық белсенділерді әлеуметтік желілердегі пікір білдіру бостандығы үшін жазалау мақсатында заңнамадағы түсініксіз әрі бұлыңғыр тұжырымдарды пайдалану – бұл іс жүзінде цензура болып табылады және Қазақстандағы азаматтық қоғам кеңістігіне салқын әсерін тигізеді. Мұндай әрекеттер тәуелсіз адам құқықтары туралы ақпаратқа қолжетімділікті шектеп, елдегі пікір білдіру еркіндігін айтарлықтай әлсіретеді».
Естеріңізге сала кетсек, Бақытжан Төреғожинаны түрмеде отырған марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты жалған ақпарат таратты деп айыптады Алмалы аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері. Соған байланысты, оған айыппұл салынды. Билік өкілдері халықаралық ұйымның мәлімдемесіне назар аудара ма, жоқ әлде бұрынғыдай үнсіз қала ма – ол жағы беймәлім.