• Басты
  • >
  • Евгений Жовтис бейбіт жиындар туралы жаңа заң бойынша

Евгений Жовтис бейбіт жиындар туралы жаңа заң бойынша

04.05.2020
Евгений Жовтис бейбіт жиындар туоалы жаңа заң туралы

Достар, әріптестер және жай ғана адекватты дұрыс ойдағы адамдар!

Бірнеше апта бұрын уәде бергенімдей мен «Дәлелдеуді қажет етпейтін!» атты «бейбіт жиындар туралы» заң жобасына қатысты жазбаларымды жариялауды жалғастырудамын. 

Мен ЕҚЫҰ-ның демократия институттары және адам құқығы бюросының директоры Ингибьерг Сольрун Гисладоттирдің 2020 жылдың 24 сәуірінде ҚР Сенатының төрағасына жіберген хатындағы негізгі тұжырымдары мен ұсыныстарын ұсынамын. Бірақ, бұның алдында, соңғы апталарда біздің ұйымға және жеке маған жасалған шабуылдардан айналып өте алмадым. Сылбыр өтіп жатқан режимде бұндай шабуылдар 90-шы жылдардың ортасынан бері «сары басылым» мен ғаламторда болып тұратын үрдіс. Бұндай жағдайлар 90-шы жылдардың соңында, 2000 жылдардың басы мен аяғында шиеленісті. Соңғы 10 жылда ол үздіксіз болып келеді. Олар қоғам назарын өзіне аудармайтын, шектеулі болатын. Біз оған қоғамдық жұмыстарымыздың кері әсері деп қарайтынбыз. Бұндай шабуылдар белгілі органдардың бақылауы бойынша жүзеге асса, ол авторитарлық мемлекттің қоғамдық-саяси өмірінің көрінісі. Мен бұл жарық дүниеде ұзақ ғұмыр кештім, 30 жыл Кеңестер Одағында өмір сүрдім, сол уақытта және кейін бұның диссидент достарыма қарсы қалай қолданылғанын, қаралау операциясы қалай жүргізілетінін, әлсіз тұстарды іздеу, қоғамдық ой-пікірді басқару, өтірік пен шынды араластыру, пропагандалық әрекеттерді жүргізу немесе бір ақпаратты тастап қойып, оның маңайына эмоциялық дискуссия ұйымдастырудың қалай жүзеге асатынын жақсы білемін. 

Соңғысы бірнеше аптадан бері болып жатқан дүниелердің классикалық үлгісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған заң жобасы бар. Ол сөзсіз ешқандай халықаралық стандарттар мен мемлекет мойынына алған халықаралық міндеттерге сай келмейді. 2020 жылдың 10 ақпанында заң жобасы пайда болған уақытта халықаралық сарапшы ретінде мен осы жөнінде айттым. Кейіннен оны БҰҰ-ның арнайы өкілі жазды. ЕҚЫҰ-ның демократия институттары және адам құқығы бюросының директорының хатында да дәл осы айтылған. Менің білуімше, дәл осы мәселе келесі аптада жарияланатын беделді халықаралық ұйымның құжатында да жазылған. Бұл жерде ешқандай саяси мақсаттар жоқ. Бұл жерде жай ғана халықаралық құқық, халықаралық стандарт және Қазақстан Республикасына жүктелген халықаралық міндеттер. 

Заң жобасына көптеген шағымдар бар: Бұл оның бейбіт жиындар – қоғам мен билікті байланыстыратын қалыпты дүние емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке төнетін қатер негізінде құрылған тұжырымдамасы. Бейбіт жиындар мен демонстарацияларды рұқсат сұрау арқылы өткізу халықаралық стандарттарға қайшы. Президенттің өзі ескерту тәртібі бойынша өткізу жөнінде айтқан. «Арнайы орын беру де» халықаралық талаптарға сай емес. Ол бейбіт жиынның мән-мағынасын жояды. Себебі оған өтетін орыннан қарағанда, жиынның тақырыбы маңызды. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеуге себептер көп және ұйымдастырушылар мен қатысушыларға көптеген міндеттемелер жүктелген. Егер адамдар 10 немесе 5 жұмыс күнінде не болатынын біле алмайтын болса, стихиялы бейбіт жиналыстар құқығы жоқ. Олар өз пікірлерін бейбіт жиналыс түрінде бірден білдіргісі келеді. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін тым қатаң жауапкершілік белгіленген. Сонымен қатар, заң жобасында «басқа да қоғамдық іс-шараларға» қатысты жауапкершілікке тарту мәселесі сақталған. Ол бойынша сізді шар ұстап, кепка, майка киіп, флэш-моб ұйымдастырып, гүл қойғаныңыз үшін жазалауы мүмкін. 

Міне, осылардың арасынан олар шетелдіктерге, босқындарға, азаматтығы жоқ адамдарға бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға немесе оған қатысуға тыйым салу мәселесін таңдады. Осының төңірегінде толыққанды ақпараттық «арнайы операция» ұйымдастырылды. «Жовтис Ресей, Қытай немесе тағы бір елдің азаматтарын алып келіп, Астанада жиын ұйымдастырып, Конституциялық жүйені құлатпақ. Ол «халық жауы», оның ұйымы «ұлттық мүддеге» қарсы жұмыс істейді» дегенге дейін барды.

Менің әкемді, профессор Александр Жовтисті Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровты аударғаны үшін 70-ші жылдары «қазақ ұлтшылы» деп айыптады. Енді мені Ресей, АҚШ және Қытай мүддесін насихаттады деп айыптауда. Бұл шаубылды қолдағандардың басым көпшілігі менің не деп айтқанымды да білмейді. 

Біріншіден, 1995 жылғы ескі заңды ашыңыздар. Ол жерде шетелдіктер туралы бір ауыз сөз жоқ. Мысалы, ол жерде: «митинг, жиын, пикет, демонстрация өткізуге байланысты арызды жұмысшы топ өкілдері тапсырады» делінген. Жұмысшы топ өкілі шетелдік болуы мүмкін бе? Мүмкін. Біздің кәсіпорындарда жұмыс істейтін шетелдіктер өте көп… Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бейбіт жиын ұйымдастырған немесе оған қатысқан шетел азаматын жауапкершілікке тарту мәселесі мүлде жоқ. Бұл 1995 жылдан бері келе жатыр. Содан? Осы 25 жыл ішінде біз шетелдіктердің қатысуымен болған қанша митинг көрдік? Бізде өз азаматтарын «таяқтап» жатқанын көрсеткен шетелдік журналистерден басқа менің есімде митингте жүрген шетелдік жоқ. Шындығын айту керек, шетелдіктердің қатысы бар бірнеше шара өтті. Ол Чернобль апатынның алдын алғандар шеруі. Олардың арасында Қазақстанда тұратын өзге ел азаматтары болуы мүмкін. «Өлмес полк», саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шерулеріне қатысқандардың арасында шетел азаматтары бар. Қандай проблема?  Дәл сол сияқты Польша, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Голландия, Швейцарияда тұратын жүздеген, мыңдаған Қазақстан азаматтары әртүрлі мәселе бойынша бейбіт демонстрацияларға шығады. Мысалы, терроризмге қарсы. Осы дүниені ұйымдастырған адамдардың естігісі келгені «шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар ішкі саясатқа қатысы бар, яғни билік үшін күрес акцияларына қатыспайды» деген болса, онда мен бұл жөнінде нақты айтқанмын. Ресейлік пе, қытайлық па, америкалық па ешкім оған қатыспайды. 

Екіншіден, бұның барлығы менің балама заң жобамда баяғыда жазылған. Сол жерден оқыңыздар: Шетелдіктер, азаматтығы жоқтар мен босқындар сайлау компаниясы немесе саяси бәсекелестікке қатысты бейбіт жиындарды ұйымдастыра алмайды. Бұл біздің әкімшілік және қылмыстық заңнамамызда көрсетілген. Мысалы, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, саяси партияларды ұсынуы және сайлауға кедергі келтіретін немесе ықпал ететін іс-әрекеттерді жүзеге асыруы, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге араласуы жауапкершілікке тартылады. Және саяси партияларды қаржыландыруға тыйым салынады. 

Шындығында мәселенің неден басталғанын анықтау мақсаты болған жоқ. Кеңес Одағы кезіндегідей болды, мен оқымадым, бірақ айыптаймын. Не екенін білмеймін, бірақ қарсымын. Кінәлаймыз, жала жабамыз, айдап саламыз. 

Бұған мен сыйлайтын бірқатар қоғам қайраткерлерінің қатысқаны өкінішті. Енді сыйластық жоқ. 

Этникалық картаны ойнатуға талпыныс жасалғаны өкінішті. Негізгі шабуыл ғаламтордың қазақ тілді бөлігінде болды. Антисемиттік пікірлер мен ксенофобиялық хабарламалар пайда болды.

Мені қолдағандарға рақмет! Біздің елімізде дамыған, өркениетті, демократиялық мемлекетте тұрығысы келетін азаматтар өте көп. Мен және біздің ұйым осыған дейін істеген жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады. Себебі біздің де дәл сондай елде өмір сүргіміз келеді.