Думан Мұхамедкәрімнің мәселесін депутат көтерді
  • Басты
  • >
  • Думан Мұхамедкәрімнің мәселесін депутат көтерді

Думан Мұхамедкәрімнің мәселесін депутат көтерді

14.10.2025

Депутат Ринат Зайытов журналистің денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, оны ауруханада қаратып алу мүмкіндігін беруді сұрады

13 қазан күні парламент мәжілісі депутаттары көшпелі үкімет сағатын ішкі істер министрлігінде өткізді. Депутаттардың сауалына ішкі істер министрі Ержан Саденов жауап берді. Сол кездесуде мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қызылорда қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист, қоғам белсендісі Думан Мұхамедкәрімнің мәселесін Саденов алдында көтерді.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов былай деді: «Сіз жаңа баяндамаңызда өте жақсы сөз айттыңыз Ержан Сапарбекұлы. “Түзету мекемесінің мақсаты – сотталғандарды тәрбиелеу” дедіңіз. Мен көп ньюанстарына бармай-ақ қояйын. Бірақ Қызылорда қаласының №60 түзету мекемесінде Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы деген сотталушы бар. Оның не үшін сотталғанын, қалай сотталғанын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Мен оған тоқтағым келмейді. Жарайды, тағдыры маңдайына жазылған. Өткенде Ермұрат Сейітқазыұлы [Бапи] сол жігіттің денсаулығына байланысты депутаттық сауал жолдады. Енді келген жауапқа не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ол жауаптан сіз де хабардар шығарсыз. Менің сізге бір жағы өтінішім, бір жағы сұрағым. Мұхамедкәрім Думан Алмасұлының денсаулығын жабдықталған ауруханада тексертіп алу үшін не істеуіміз керек?».

Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұған қатысты «қазір түзету мекемелерінде сотталушылардың денсаулығына жауап беретін дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтынын, оларды ауруханаға жатқызу мәселесін дәрігерлер шешетінін» жеткізді. Десе де, «бұл мәселені қарап көрейін, сізге жауап береміз» деген сөзін айтты ішкі істер министрі.

Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, қоғам белсенділеріне Астанаға да барған болатын. Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Думанның әкесі Алмас Тілепов «баласының денсаулығына алаңдаушылық білдіретінін» жеткізді. Сонымен бірге, қыркүйек айында оның камерасына әлдебір зат лақтырып, одан жарылыс болғанын да айтқан еді. Бірақ, бұл жарылыс неден болғанын, қандай зат лақтырылғанын құзырлы органдар тексермегенін айтып, Думан Мұхамедкәрім шағымданды. Бірнеше рет аштық жариялаған журналистің денсаулығы нашарлағанын да жеткізді жақындары. Алмас Тілепов бір топ азаматтармен бірге Астана қаласына келіп, құзырлы мекеме басшыларына хат тапсырғанымен, онымен жеке кездесу өткізген лауазымды шенеунік болмады. Думан Мұхамедкәрімнің қазіргі талабы – тұрғылықты мекен жайына жақын жердегі түзету мекемесіне ауыстыру. Яғни, Алматы облысындағы колониялардың біріне әкелсе дейді. Себебі, Думанның өзі – Алматы облысы, Іле ауданында тұрады. Қызылорда қаласына туыстарының барып келуі, оған қажетті заттарды жеткізуі үлкен қиындық тудыратыны түсінікті. Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, сотталушы жазасын тұрғылықты мекен жайына жақын жерде өтеуге құқығы бар. Соған қарамастан, Қылмыстық атқару жүйесі Комитеті Думан Мұхамедкәрімді Қызылордадағы мекемеге не себепті жазасын өтеуге жібергені түсініксіз.

Думан Мұхамедкәрімды халықаралық ұйымдар «саяси тұтқын» деп таныды. Оны қудалаудың астарында саяси себеп барын ашық мойындады. Жақында Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында қабылданған қарарда Қазақстан билігінен Думан Мұхамедкәрімді босатуды талап етілгенін атап өткен жөн.