• Басты
  • >
  • Блогер «алауыздық қоздырды» деген айыппен қамалды

Блогер «алауыздық қоздырды» деген айыппен қамалды

05.09.2025

Желтоқсаншы әрі блогер Мирболат Бишуиновтың үстінен қылмыстық іс қозғауға оның Инстаграмдағы сөздері негіз болды. Сарапшы қорытындысына сәйкес, оның «әңгімесінде ұлттық алауыздық қоздыру белгілері бар»

Блогер әрі қоғам белсендісі Мирболат Бишуинов екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық мамандандырылған тергеу соты хабарлады.

«Мирболат Бишуинов ауыр санаттағы қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінді. Аталған күдігі негізді, қылмыстық іс-құжаттарымен расталады. Сот күдіктінің кінәсі туралы және дәлелдемелерді бағалау туралы мәселелерді талқыламастан оқиға орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар екенін анықтады”, – делінген сот қаулысында.

Сонымен бірге, қаулыда былай делінеді: «Тергеу судьясы іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, М.М.Бишуиновтың кінәлілігі жайындағы сұрақтарды алдын ала шешпей, ұлттық өшпенділікті немесе арыздықты қоздыруға тән тілдік белгілері бар іс-әрекет жасаған деп күдіктеледі, ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, бұлтарпау шарасын «күзетпен ұстауды» санкциялау туралы өтінішхаты қанағаттандыруға жатады деп санайды».

Бишуиновтың жақындарына түскен мәліметтерге қарағанда, тергеушілер оның сөзіне 16 шілде күні сараптама жасауға Сот сараптамалы институтына тапсырма берген. Бишуиновтың Инстаграм желісінде жарияланған сөздеріне талдау жасалды. Сарапшы Сансызбайдың қорытындысына сәйкес, «келтірілген әңгімеде ұлттық алауыздықты қоздыру белгілері бар» деп жазылады. Соған қарағанда, Бишуиновтың үстінен қылмыстық іс қозғауға оның Инстаграмдағы посты әсер етсе керек.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан екі тәулік бұрын Мирболат Бишуиновтың жоғалып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ол Шукур Абдуллаев пен Асылбек Қараевпен бірге Талғар аудандық әкімдігіне барған. Онда қытай азаматтарына жер берілуі мәселесін көтерген дейді қасындағы белсенділер. Әкімдіктен шыққан соң үшеуі көліктеріне отырып кетіп қалған. Алайда, Бишуинов сол күні түнде үйіне жете алмады. Туыстары іздеп шыққанда, Бишуиновтың автокөлігін Талғар тас жолынан тапты. Екі бірдей телефондары сөнген. Автокөлігін ашық шашық далада қалды.

Келесі күні белсенділер Алматы қалалық полиция департаментіне жиналды. Олардың алдына Алматы қалалық полиция департаменті басшысының тергеу жөніндегі орынбасары шығып, Бишуиновтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Оған Қылмыстық кодекстің 174-бабы, бірінші бөлігі бойынша (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.

Соңғы кездері оның қытай азаматтарына жер беруге қатысты бірнеше пост жазғаны белгілі. Сонымен бірге, шетелдік азаматтарға жер бермеу мәселесін де қозғады.

Бишуинов – желтоқсаншы, қоғам белсендісі әрі блогер. Жақындары мен жақтастары оның түрмеге қамалуы Бишуиновтың саяси белсенділігімен байланыстырады. Мұны саяси қудалау деп қабылдайтындар да бар.

Соңғы жылдары 174-баптың саяси қудалау құралына айналғанын халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар үнемі айтып келеді. QazNews24 сатиралық парақшасының жетекшісі, журналист Темірлан Еңсебек те дәл осы баппен бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған еді. Тергеу кезінде ол да түрмеде отырды. Бишуинов те соның жағдайын қайталауы мүмкін деп қауіптенеді қоғам белсенділері.