Бір жылдан кейін рұқсат етілген митинг өтпейтін болды
  • Басты
  • >
  • Бір жылдан кейін рұқсат етілген митинг өтпейтін болды

Бір жылдан кейін рұқсат етілген митинг өтпейтін болды

03.11.2025

Өскемен белсендісі Карташевқа митинг өткізуге былтыр желтоқсанда тыйым салған еді. Ол сотқа шағымданып, онда жеңіп шыққан соң ғана әкімдік оған митинг өткізуге рұқсат берді. «Әкімдік мен қалада болмайтын күнді белгілеп отыр» дейді Карташев.

Өскеменде белсенді Леонид Карташев былтыр желтоқсан айында әкімдікке ескерту тапсырып, уақыт белдеуін өзгертуге қарсы митинг өткізуге ынталы екенін жазбаша түрде жеткізген еді. Алайда, әкімдік оған рұқсат бермеді. Артынша, Карташев Өскемен қалысының жергілікті атқару билігін сотқа берді. Облыстық сот әкімдіктің шешімін заңсыз деп танып, Карташевке митинг өткізуге рұқсат берілуі тиіс деген қаулы шығарды. Бұл шешім көктемде шыққан болатын. Енді, міне, жарты жыл өткен соң Өскемен әкімдігі Карташевке «митинг өткізуге рұқсат етеміз, 5 қараша күні шыға аласың» деп хат жолдаған. 

Карташев бұған қатысты былай деді: «Мен митинг өткізуге әлі де ниеттімін. Қазақстанның бірде бір қаласында уақыт белдеуін ауыстыруға қарсы митинг өтпеді. Алайда, әкімдік рұқсатты мен қалада болмайтын кезге беріп отыр. 5 қарашада Өскеменде болмаймын. Неге дәл осы күнге беріп отыр? Егер уақытын менімен ақылдасып белгілесе, митинг өткізуге даярмын». 

Құқықтық медиа орталықтың жетекшісі Диана Окремова мынаны айтты: «Міне, сот шешімінен соң жарты жылдан кейін әкімдік Леонидке 2025 жылдың 5 қарашасында митинг өткізуді ұсынып отыр)) Кейде заңдардың жұмыс істейтіні жақсы әрине, бірақ бұл ұсыныс мазақтау сияқты көрінеді: бір жылдан соң тақырып өзекті емес болып қалған жағдайда митинг өткізе беріңдер [деп отырған сияқты]. Біздің жүйенің сергелдеңі». 

Карташевтің ойынша, оның 5 қарашада Өскеменде болмайтынын әкімдік жақсы білді. Ол дәл сол датаға Алматыға билет алып қойған. Неге осы күнге тіреліп қалды деп отыр белсенді.

Әкімдік Карташев митингіні 5 қараша күні сағат 17.00 мен 18.00 аралығында Назарбаев даңғылында өткізсін деп отыр. Карташев мұнымен келіспеді. «Осыдан екі күн бұрын Қазпошта бөлімшесіне барып, Жоғары сотқа кассациялық шағым жолдадым. Әкімдік маған митинг өткізуге тыйым салды. Конституциялық құқығымды шектеді. Екінші рет те митинг өткізуге мүмкіндік бермей отыр. Қалада болмайтынымды біліп, сол күнге датасын белгіледі. Шенділерге мұны ашық айттым», деді ол. 

Айта кетерлігі, уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты наразылық әлеуметтік желіде кеңінен айтылды. Уақытты өзгертуге қарсы петиция 50 мыңнан астам қол жинады. Бірақ, билік өкілдері оны қанағаттандырудан бас тартты. 

Карташевтің жағдайы Қазақстанда митинг өткізу мүмкін емес жағдайға жеткенін байқатады. Тіпті сот шешімі шықса да, әкімдік уақытты созып, тек жарты жылдан кейін митинг өткізуге рұқсат беріп отыр. Оның өзінде, ұйымдастырушы қалада болмайтын кезге. Бұдан кейін бейбіт жиналыс еркіндігі бар деп қалай айтуға болады?