Бес белсендінің жаза мерзімі қысқарды
  • Басты
  • >
  • Бес белсендінің жаза мерзімі қысқарды

Бес белсендінің жаза мерзімі қысқарды

11.11.2025

Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараковке кесілген 4 жыл бостандығын шектеу жазасы 2 жыл 6 айға дейін төмендеді

Алматының апелляциялық соты АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында ұсталып, төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген бес белсендінің ісін қарады. Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараков Алмалы аудандық сотының шығарған айыптау үкімімен келіспейтінін жеткізіп, апелляциялық шағым түсірген еді. 

Алматы қалалық соты бұл істі қарап, белсенділердің жаза мерзімін 4 жылдан 2 жыл 6 айға дейін қысқартты. Сотталғандардың 2024 жылғы 29 қыркүйегінен 2025 жылғы 26 тамызға дейінгі ұстауда болған уақыты бас бостандығын шектеу жазасының мерзіміне 1 күнге 2 күн болып есептелгенін назарға алсақ, бес белсенді пробациялық бақылаудан құтылады деген сөз. Ал қалған шағымды Алматы қалалық соты қанағаттандырудан бас тартты. 

«Сот қаулысымен келіскен жоқпыз. Қорғауымдағы адамдар «келіспейміз, біздің құқығымыз бар, кассациялық шағым түсіреміз» деді. Енді біз кассациялық шағым дайындаймыз», – деді олардың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов.

Сонымен бірге, бірінші сатыдағы сот бес белсендіге қоғамдық-саяси қызметпен бес жылға дейін айналысуға тыйым салды. Яғни, олардың бірі осы аралықта қандай да қоғамдық жиынға не митингке қатысса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады деген сөз. 

Белсенділердің ешқайсы да өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Алматы қалалық полиция департаменті оларды АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға оқталды» деп қамауға алған еді. 

Шын мәнінде, олардың қарапайым белсенді екенін, ешқандай да тәртіпсіздік ұйымдастыруға әрекеттенбегеніне билік органдары назар аудармады. Халықаралық ұйымдар да, қазақстандық құқық қорғаушылар да оларды «саяси тұтқын» деп танып, дереу қамаудан босатуды талап етті. 

Жанат Қазақбай, Нұрлан Жаулыбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараков былтыр АЭС салу туралы референдум қарсаңында ұсталған. Оларға қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Айыптаушы прокурор бірінші сатыдағы сот жарыссөзінде барлығын кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Істі қараған Алмалы аудандық соты айыпты 272-баптың 3-бөлігіне саралап, 4 жылға шартты жазаға кескен.