Белгілі адвокат Мұрат Адамды лицензиядан айыру ісі бойынша Әділет министрлігінің шағымы Бостандық аудандық сотында қарала бастады
«Орда» порталының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың қорғаушысы Мұрат Адамды адвокаттық лицензиянан айыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. 12 қаңтар күні басталған процестің бастамашысы – Алматы қаласы полиция департаменті. Олардың ойынша, Мұрат Адам «Адвокатура туралы» заңды бұзған.
Мұрат Адамды қорғауға 80 бірдей адвокат қатысты. Шынында да, бұл бұрын соңды болмаған жағдай. Қорғаушыны лицензиясынан айыру үшін нақты себеп керек. Мұрат Адамның ойынша, оған ешқандай негіз жоқ.
Сот отырысын бақылауға келген журналистер мен бақылаушыларды негізгі залға кіргізбеді.
Оларға онлайн трансляция дайындаймыз деп көрші бөлмені дайындады. Сот процесі өтетін залда Әділет министрлігінің төрт өкілі, екі прокурор және Мұрат Адамды офлайн қорғауға келген 23 адвокат қалды. Одан бөлек, тағы да ондаған қорғаушы Адамның процесіне онлайн қатысамыз деп өтініш қалдырғанымен, істі қарап жатқан Дәурен Тілеубаев бұған рұқсат бермеді.
Қорғаушылар Әділет министрлігінің асығыстық танытқанына назар аударды. Алматы қаласы полиция департаменті өтініш жазған соң, алты күннен кейін Әділет министрлігі істі сотқажолдаған. Бұл не деген жылдамдық десеңізші!
Сонымен бірге, министрліктің сотқа жолдаған құжаттарына вице-министр қол қойған. Ал заң бойынша, ондай материалдарға министрдің өзі мөр басуы керек еді.
Сот қорғаушылардың келтірген барлық шағымдарын ескеріп, Әділет министрлігіне іске қатысы бар құжаттарды түгел тапсыруды міндеттеді.
Мұрат Адамның өзі бұл сот процесіне қатыса алмады. «Сотқа келе алмаған себебім, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бірақ, бұл кері шегінгенімді білдірмейді. Керісінше, лицензияны қорғау үшін барымды саламын» деді Мұрат Адам.
Іс Бостандық аудандық сотында қаралып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, белгілі журналист Гүлнар Бажкенова қазір үйқамақта отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 274 бабы, «Көрінеу жалған ақпарат тарату» тағылды. Жақында Бажкенованы «Орда» порталының бас редакторы қызметінен алып тастағаны белгілі болды.
Журналист өзіне тағылған айыптармен келіспейді, өзін кінәсізбін деп мәлімдеді. Халықаралық ұйымдар да Қазақстан билігінен Бажкенованы қудалауды тоқтатуды талап етті.
