Бас прокуратура Мовлаевты Ресейге экстрадицияламақ
  • Басты
  • >
  • Бас прокуратура Мовлаевты Ресейге экстрадицияламақ

Бас прокуратура Мовлаевты Ресейге экстрадицияламақ

02.02.2026

Шешен белсендісі Ресей билігіне тапсырылған жағдайда, оның өміріне қатер төнеді, деп алаңдайды құқық қорғаушылар

Қазақстан Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау туралы шешім қабылдады.

Жағымсыз жаңалықты Мовлаевтың қорғаушысы Мұрат Адам хабарлады. «Қазақстан Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты 30 тәуліктің ішінде Ресейге қайтару керек» деген шешім қабылдады. Қазір бұл қаулыға қатысты сотқа шағым түсірдік. Алдын ала тыңдалым 11 ақпанға белгіленді» деп жазды қорғаушысы.

Мансур Мовлаевтың өміріне алаңдаушылық білдіріп, оны Ресейге қайтармауды өтінгендер аз болмады. Белсендіні қолдау акциясы Еуропаның бірқатар қалаларында да өткен болатын. Шынында да, Мансур Мовлаевты Ресейге қайтарса, ол шешен билігінің қолына тапсырылатыны сөзсіз. Ал Шешенстанда билікке сын айтатын адамдардың тағдыры қиын болатыны анық. Құқық қорғаушылардың пікірінше, Мовлаев шешен билігіне тапсырылса, ол азаптауға ұшырайды, тіпті өмірі қиылуы мүмкін. 

Мансур Мовлаевты Ресейге бермеуді сұрап, Канада жұртшылығы да акция өткізді жақында. Мұрат Адам бұған қатысты былай деді: «Торонто қаласында Канаданың Ұлттар антиимпериалистік блогының комитеті біздің қорғауымыздағы адам — шешен оппозициялық белсендісі Мансур Мовлаевтің мүддесі үшін еліміздің Канададағы елшілігіне өтініш жолдады. Аталған өтініште комитет Қазақстан Республикасының аумағында оған баспана беру құқығын қамтамасыз етуді сұрайды. Мансур Мовлаев Ресей Федерациясында саяси қудалауға ұшырап, оның өмірі мен жеке қауіпсіздігіне нақты қатер төнгендіктен, өз елін тастап кетуге мәжбүр болған. Мансур Мовлаевтың Шешенстанға экстрадициялану ықтималдығы оның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді».

Мұндай өтініштің комитет тарапынан жолданғанын растау үшін қорғаушылар аталмыш ұйымның ресми хатын жариялады. Онда комитет «Қазақстан билігінен Мовлаевқа баспана беру құқығын ұсынуды сұрайтыны» жазылған. Бұл ресми өтініш Қазақстан Республикасының Канададағы елшілігіне жолданған.

Сонымен бірге, Мовлаевтың қорғаушылары Біріккен Ұлттар Ұйымының комитетіне шағым түсіргенін де хабарлады.