• Басты
  • >
  • Аралас жекпе жек шеберін алты жылға соттады

Аралас жекпе жек шеберін алты жылға соттады

08.08.2025

Үкім сарапшылардың күмәнді қорытындысының негізінде жасалды. Апелляциялық сот Конкаевтың жазасын жеңілдете ме?

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіби аралас жекпе-жек (MMA) жаттықтырушысы дінаралық алауыздықты қоздырды деген айыппен алты жылға бас бостандығынан айырды: ол әлеуметтік желілерде Палестина жақтасы ретінде посттар жариялаған, ал сарапшылар мұны алауыздық қоздыру деген байламға келді. Қазір оның аппеляциялық шағымы қаралып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында Айбас Конкаевтің шағымы қаралуда. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылып отыр. Негізгі айып – дінаралық алауыздықты қоздыру, қосымша айып — полиция қызметкеріне қатысты күш қолдану.

21 сәуірде, Есіл аудандық соты Конкаевке жаза ретінде жиынтық бойынша алты жыл мерзім тағайындаған.

Араздық пен физикалық шабуыл

Қылмыстық істің сипаттамасында: «…Айбас Конкаев Палестина мен Израиль арасындағы саяси, этникалық және діни сипаты бар оқиғаларға белсенді қызығушылық таныта бастады. Ол Палестинаға (сонымен қатар, ислам дінін ұстанушыларға) жанашыр пікір білдіргендіктен, Instagram аккаунтында Палестинаның туы мен «FREEDOM FOR PALESTINE» («ПАЛЕСТИНАҒА АЗАТТЫҚ») деген жазуы бар графикалық суретті («аван­тар») орналастырды. Бұл аккаунтта ол осы даулы оқиғаларды жариялап, палестиналықтардың қаза тапқан сәттерін бейнежазбалар мен фотолар арқылы таратып, қылмыстық оймен алауыздықты қоздыруға бағытталған мәлімдемелер жасаған…» Деп жазылады.

Соның ішінде ультраоңшыл министр болған Амихай Элияхудың Рамазан айына қатысты сын пікірлерін дәлме-дәл келтіріп, оның кейбір жазбаларын жариялаған. Бірақ бұл мазмұнды интернетте шетелдік ресми ақпарат көздері мен блогтар да көп келтіреді. Бір жазбасында «оларды» жой деп Құдайға жүгіну бар, бірақ нақты кімді меңзеп тұрғаны белгісіз.

Соған қарамастан, тергеу және сот бұл материалдар Қазақстандағы еврей диаспорасына қарсы бағытталған деген ұйғарымға келді. Бұл – Ресейдің Украинаға басып кіруіне наразылық білдірген адамды Қазақстандағы орыс диаспорасына қарсы әрекет етті деп айыптаумен тең.

Полициядағы оқиға және екінші айып

Екінші айып – Конқаевтың полиция бөлімінде iPhone телефонын есік жақтауына ұрып сындыра бастағаны үшін полиция қызметкерінің оны тоқтатуға тырысуы кезінде болған оқиғаға қатысты. Полиция қызметкерінің айтуынша, Конқаев оның бетіне шынтағымен соққы беріп, физикалық зақым келтірген.

Бұл оқиға бойынша полиция видео таратқанымен, кадрлардан нақты не болғанын көру қиын. Әйелі Гүлмира Бейсембаеваның айтуынша, егер күйеуі – кәсіби спортшы – біреуге шынымен зиян келтіргісі келсе, салдары мүлде басқаша болар еді.

Сарапшылардың рөлі және күмәнді қорытындылар

Іс материалдарында бірнеше сараптама қорытындысы бар. Бір қызығы, олардың арасында айтарлықтай қарама-қайшылықтар бар.

Сарғалиев есімді сарапшы: “Материал Қазақстан аумағында таратуға ұсынылмайды” деген бейтарап қорытынды жасаған.

Алматы облысының сарапшысы Ибраим: Материалдарда діни алауыздық пен күш қолдануға үндейтін идеялар бар деп мәлімдеген.

Саяси сарапшы Акбарова: Мәтінде христиан мен иудейлерге қарсы араздықты насихаттайтын элементтері бар деген.

Бірақ Сарғалиевтің сарапшы ретінде тиісті лицензиясы мен біліктілік куәлігі болмағаны кейін анықталған. Яғни, оны сарапшы ретінде тарту – заңға қайшы.

Ақпарат министрлігінің Комитеті өз қорытындысында Instagram-дағы бұл жарияланған бұл материалдар халықаралық саясат пен экономика, мәдениет пен дін тақырыптарын қамтығанын, бірақ Қазақстан заңнамасын бұзған фактілер анықталмағанын атап өткен.

Сонда да сот үкімі бойынша, Конкаев алты жылға бас бостандығынан айрылды.

Апелляциялық сот барысы

Апелляциялық тыңдаудың алғашқы күнінде полиция қызметкері – Конқаевқа қарсы күш қолдану туралы айыптың басты куәгері – сотта жауап берді. Ол айыпталушыны ұстап жатқанда оның өзіне шынтақпен соққы бергенін растады. Алайда ол өзінің сол жерде қандай қызмет атқарғанын, куәлігін көрсеткен-көрсетпегенін, тергеу тобына кірген-кірмегенін есіне түсіре алмады.

Сол күні сарапшы Сарғалиев те сотта жауап берді. Ол өзіне тапсырманы бұрынғы жұмыс орны – Н.Назарбаев орталығындағы діни сараптама департаментінен алғанын айтты. Бірақ ол жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын тек бес айдан кейін естіген. Кейін жұмыстан өз еркімен кеткен.

Айта кету керек, Сарғалиевтің қорытындысы бейтарап болған және оның негізінде қатаң үкім шығару заңсыз деп есептелуі тиіс.

Қорытынды және контекст

Апелляциялық тыңдау жалғасуда. Бірақ Қазақстандағы «саяси» және «діни» сипаттағы істер бойынша үкімнің өзгеруі сирек жағдай. Дегенмен, үміт бар.

Айта кету керек, маусым айында Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары комитетінде есеп берген кезде Бас прокуратура өкілі сараптама – тек қосымша дәлел ғана екенін, ал сот оны міндетті түрде қабылдайды деген ереже жоқ екенін айтқан. Бірақ іс жүзінде сараптамалар – әсіресе күмәнді болса да – “дәлелдердің патшасы” ретінде қаралып келеді.

P.S. Айбас Конқаев туралы

Айбас Конқаев — кәсіби аралас жекпе-жек жаттықтырушысы, спортпен 15 жасынан бастап айналысады. Алғашында еркін күреспен айналысқан.

2006 ж. – Аралас жекпе-жек бойынша халықаралық турнир жеңімпазы.

2012 ж. – Кәсіби ММА бойынша халықаралық турнир чемпионы.

2012 ж. – Қазақстан Республикасының жекпе-жек түрі бойынша күміс жүлдегері.

2013 ж. – Қазақстан Республикасының K-1 бойынша чемпионы.

2014 ж. – Қазақстан Республикасы чемпионатының ММА бойынша жүлдегері.