Әсел Нұрғазиева мезгілсіз дүниеден өтті
  • Басты
  • >
  • Әсел Нұрғазиева мезгілсіз дүниеден өтті

Әсел Нұрғазиева мезгілсіз дүниеден өтті

05.01.2026

Белгілі құқық қорғаушы, Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросының Атыраудағы бөлімшесінің бұрынғы жетекшісі Әсел Нұрғазиева 48-жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 

Нұрғазиева қалың көпшілікке 2011 жылдан бері құқық қорғаушы ретінде танылды. Жаңаөзенде мұнайшыларға қарсы оқ атып, олардың үстінен сот процестері басталғанда, Әсел Нұрғазиева жазықсыз қамалған маңғыстаулықтарға араша сұрап, оларға заңдық көмек көрсетті. Сонымен бірге, құқық қорғаушы Ақтауда өткен сот процестеріне бақылап, ондағы заңсыздықтарды халықаралық ұйымдарға жеткізумен айналысты. 

Әсел Нұрғазиева 2016 жылы Атырауда басталған жер митингілерінің белсенді ұйымдастырушыларының бірі болды. Кейіннен, Макс Боқаев пен Талғат Аян «әлеуметтік араздықты қоздыру» бабымен айыпталып, түрмеге қамалғанда, Әсел Нұрғазиева белсенділерді қолдау науқанына қатысты. Жер мәселесіне қатысты құрылған үкіметтік комиссия отырысына барып, Макс Боқаев пен Талғат Аянның бостандығын ашық талап етті билік өкілдерінен. 

Біршама уақыт Әсел Нұрғазиева Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросының Атыраудағы жетекшісі болды. Өңірдегі құқық бұзушылықтарды тізбелеп, азаматтардың мәселесін белсенді түрде көтерді. 

Әсел Нұрғазиеваның мезгілсіз қазасы оның туған-туыстарына, әріптестеріне, дос-жарандары мен құқық қорғаушыны танитын барлық азаматтарға ауыр тиді. Оның жаназа намазы 6 қаңтар күні Атырау қаласында оқылады. 

Біз Әселдің жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы болсын.