Қазақстан Республикасы бойынша өткен аптадағы адам құқықтарына қатысты ақпараттар тізімі.
ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ БҰРЫНҒЫ МҮШЕСІ АРМАН ШОРАЕВ УАҚЫТША ҰСТАУ ИЗОЛЯТОРЫНА ҚАМАЛДЫ
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы 18 сәуірде Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады. Полицияның айтуынша, оның үстінен “төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату” (Қылмыстың кодекстің 274-бабы, 4-тармағы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
БЕЛСЕНДІ ӘЛНҰР ИЛЬЯШЕВ ЕКІ АЙҒА ҚАМАЛДЫ
18 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті екі айға қамау туралы қаулы шығарды. “Жалған ақпарат таратты” деп күдікке ілінген белсендінің 17 сәуірде кешке ұсталғаны белгілі болған.
ТАНЫМАЛ БЛОГЕР РУСЛАН ЖАНПЕЙІСОВ 35 КҮНГЕ ҚАМАЛДЫ
14 сәуір күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Руслан Жанпейісовті (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков – ред.) “Шымкент қаласы бас санитарының карантин туралы қаулысын бұзғаны үшін” айыпты деп тауып, 35 тәулікке қамады.
ОРАЛ СОТЫ БЕЛСЕНДІ АЙБОЛАТ БӨКЕНОВКЕ АЙЫППҰЛ САЛДЫ
Оралдың азаматтық соты 16 сәуірде жергілікті белсенді Айболат Бөкеновке 130 мың теңге (300 доллар) көлемінде айыппұл салды. Белсендінің үстінен аймақтағы басылымның тілшісі Дана Дүйсекенова шағым түсірген.
ТҮРМЕДЕГІ БЕЛСЕНДІ МАКС БОҚАЕВТАН ЖАУАП АЛЫНҒАНЫ ХАБАРЛАНДЫ
Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан атыраулық белсенді Макс Боқаевтан «ұялы телефонды заңсыз қолданды» деген күдікпен жауап алынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі парақшасында жазды.