АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Әлнұр Ильяшевтың ұсталуы және белсенділерді жаппай қудалау

Әлнұр Ильяшевтың ұсталуы және белсенділерді жаппай қудалау

22.04.2020

Бүгін белсенді Әлнұр Ильяшевтың ұсталуы және төтенше жағдай кезінде азаматтық белсенділерді жаппай қудалауға қатысты онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Оған Әлнұр Ильяшевтың ағасы Дос Ильяшев, адвокат Нұрлан Рахманов және АҚмЗСЖҚХБ директоры Евгений Жовтис қатысты. Модератор қызметін белгілі журналист Сергей Дуванов атқарды. 

Дос Ильяшевтің сөзінше, Әлнұр Ильяшев ұсталған күні бір уақытта төрт бірдей мекенжайда тінту жұмыстары жүргізіліп, ата-анасының үйіне арнайы жасақ басып кірген. 

«Есік қоңырауын басып, өздерін «пицца тапсырысы» деп таныстырған. Әкем ешқандай бөтен ойсыз есікті ашқан. Осы кезде үйге оншақты адам басып кіріп, ата-анамның қолын қайырып, анамды ұрып жыққан. Бұл уақытта үйде әке-шешем, 80-ге тайап қалған апайым, інім жұбайымен және олардың екі баласы болған… Ұстау операциясына 60 адам жұмылдырылған. Бір уақытта төрт жерде тінту жұмыстары жүргізілген», – дейді Дос Ильяшев.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, тінту жұмыстары кезінде үйде бар компьютер, ұялы телефон сияқты техникалар тәркіленген. Осыған байланысты қазір мектеп оқитын балалар онлайн сабақтарға қатыса алмай отыр. 

Адвокат Нұрлан Рахмановтың сөзінше, тінту жұмыстары Әлнұр Ильяшев ұсталғаннан кейін жүргізілген және әлі күнге дейін құзырлы органдар тінту жұмыстарына қатысты құжаттармен қорғаушы тарапты таныстырмаған. 

«Пәтерлерде тіну жұмыстары жүргізілгенге дейін Әлнұр Ильяшев ұсталған. Осы тұста менде: «Арнайы жасақ арқылы оның отбасы мен бейбіт тұрғындарға қарысы күш көрсетудің қандай қажеттілігі болды?» – деген заңды сұрақ туындайды… Бізді әлі күнге дейін тергеу мен тінту жұмыстары жөніндегі протоколдармен таныстырған жоқ», – дейді Нұрлан Рахманов. 

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, бұл істе бір ғана дәлел бар. Ол – Әлнұр Ильяшевтың «Нұр Отан» партиясына қатысты пікіріне сарапшылардың берген көзқарасы. 

«Бұл істе бір ғана дәлел бар. Ол – Әлнұр Ильяшевтың «Нұр Отан» партиясына қатысты пікіріне сарапшылардың берген көзқарасы. Істі осылай сипаттауға болады. Біздің билік құқық қорғаушыларды «Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ» деп жиі жазғырады. Адамның саяси тұтқын екенін дәлелдеу үшін оған тағылған айыпқа (бапқа), сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына, сот процесін қарау керек. Ал Ильяшев ісінде ұстау кезіндегі тінту жұмыстарына назар аудару қажет. Бұлардың ішінен бірден саяси себептердің шеті шығып тұрады… Пайдаланылып отырған 274 бап, дәл сол сияқты Қылмыстық Кодекстің 174 бабы БҰҰ сияқты халықаралық ұйым тарапынан қатаң сынға ұшыраған баптар. Бұл баптар саяси оппозицияға қарсы жиі қолданылады… Қазіргі жағдайға назар аударатын болсақ, Ильяшевқа тағылған 274 бап төтенше жағдай режимімен байланыстырылған. «Нұр Отан» партиясының коронавирустің таралуына ешқандай қатысы жоқ екені белгілі. Мен солай деп үміттенемін. Оны сынаудың бұл эпидемияға ешқандай қатысы жоқ. Яғни, «Нұр Отан» партиясын сынауды төтенше жағдаймен байланыстыру түсініксіз», – дейді Евгений Жовтис.

18 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті екі айға қамау туралы қаулы шығарды. «Жалған ақпарат таратты» деп күдікке ілінген белсендінің 17-ші сәуір күні кешке ұсталғаны белгілі болған.

Сол уақытта адвокат Нұрлан Рахманов тергеу орындары бұл істі қозғауда Әлнұр Ильяшев және екі белсенді Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетовтерге қатысты былтыр қарашада шыққан Жетісу аудандық сотының шешімін негізге алғанын айтқан. «Сот «Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов желіде «Нұр Отан» партиясы «Наше право» партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты» деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді. Осыған байланысты тергеу орындары Әлнұрдың әлеуметтік желідегі жазған посттары мен видеоларын жинап, сот шешіміне қарамастан «Нұр Отан» мен билікті негізсіз сынады деп іс қозғаған. Видео дәлелдердің ішінде биыл 20 наурызда қала әкімдігі алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған үндеуі бар», – деген Рахманов.


Пікір үстеу