• Басты
  • >
  • Сот журналист Лұқпан Ахмедияровтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Сот журналист Лұқпан Ахмедияровтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

19.04.2023

Батыс Қазақстан облыстық соты мәжіліс депутаттығына үміткер болған журналист Лұқпан Ахмедияровты 15 тәулікке қамау жөніндегі шешімді өзгеріссіз қалдырды. Экс-кандидаттың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

9 сәуір күні Лұқпан Ахмедияров Оралдағы “Қазақтың даңқты қыздары” ескерткішінің алдына шығып, сөз сөйлеген. Полиция мұны бейбіт жиындар жөніндегі заңды бұзды деп танып, қамауға алған.

Осы күні аталған ескерткіш маңында “Ғасыр” қоғамдық жастар бірлестігінің басшысы Болатбек Сахиев ұйымдастырған шара өтіп жатқан. Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, ол ешқандай заң бұзбаған. Рұқсат етілген шара кезінде ұйымдастырушымен келісіп, сөз сөйлеген.

– Сахиевтің маған сөйлеуге рұқсат беріп жатқан видеосы бар. Мен мінберге Сахиевпен келісскеннен кейін ғана шығып, сөз сөйледім. Осыдан кейін әкімдік өкілі Ербол Күшеков келіп, сөзімді аяқтауымды сұрады. Осының бәрі видеода жазылған, – деді сот кезінде Ахмедияров.

Журналистің адвокаты Мереке Ғабдуалиев те Ахмедияровты қамауға негіз болмағанын алға тартты.

– Ахмедияров шара кезінде сөйлеуге рұқсат алған. Заң бойынша, бейбіт жиынға қатысушы пікірін айтып, талқылауға қатыса алады. Ахмедияровты қандай негізде жауапқа тартты? Заңға сәйкес, бейбіт жиынды ұйымдастырушы жұртты митингіге шақырады. Ахмедияров шақырды ма? Үндеді ме? Жоқ. Онда оны не үшін жауапқа тартады? Ахмедияровты қамау туралы бірінші инстанцияда шыққан сот қаулысын заңсыз деп тануды сұраймын. Егер сот оның әрекетінде заңсыздық барын байқаса, бес күн қамауда отырғанын есепке алып, оны босатсын, – деді адвокат Мереке Ғабдуалиев.

Ол соттан сонымен бірге бірқатар азаматқа жеке қаулы шығаруды өтінді. Атап айтқанда, митинг өткізетіні жайлы ескерту-хабарлама емес, хат жіберген “Ғасыр” бірлестігіне шара өткізуге рұқсат берген ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Күшековке және Ахмедияровтың үстінен хаттама толтырған полицейлерге жеке қаулы шығаруды сұрады.

Судья Гүлнара Миниус Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмады.

19 наурыз күнгі парламент сайлауында мәжіліс депутаттығына үміткер болған Лұқпан Ахмедияров сайлаудың ресми нәтижесі бойынша жеңілген. Ол сайлау нәтижесі бұрмаланғанын, оны қайта қарауға күш салатынын хабарлады. Журналист бұған дейін полиция Ақсай қаласында сайлау учаскесіндегі бюллетеньдерді топтап салу ісін тергеуден бас тартқанын айтқан.


Сондай-ақ қараңыз