• Басты
  • >
  • Сот "желідегі жазбасы үшін күдікке ілінген" Өтепованың үйқамақ мерзімін ұзартты

Сот “желідегі жазбасы үшін күдікке ілінген” Өтепованың үйқамақ мерзімін ұзартты

17.11.2020

16 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған тергеу соты журналист, блогер Айгүл Өтепованы үйқамақта қалдыру мерзімін ұзарту туралы тергеушінің арызын қанағаттандырды. Сот қаулысына сәйкес, журналист 17 желтоқсанға дейін үйқамақта болады.

Сот процесі онлайн өтіп, істі судья Талғат Ақшабаев қарады.

Айгүл Өтепова сот шешімімен 17 қыркүйектен бері үйқамақта отыр. Оның үстінен “Facebook желісіндегі жазбалары үшін” Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сай “тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты” деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Өтепованың үйқамақта отыру мерзімі 17 қарашада бітуі тиіс болған.

Айгүл Өтепова Facebook желісінде соңғы жазбаларының бірінде биліктің індетпен күрес шараларын сынап, карантинде отырған жарты жыл ішіндегі “өзгерістер” туралы айтқан еді.

Өткен аптада сот Айгүл Өтепованың “психикалық саулығына көз жеткізу үшін” психикалық саулық орталығында тексеруден өткізу туралы тергеушінің арызын қанағаттандырған еді. Бұған қарсы өтініш жазған адвокаттың арызы қалалық сот өндірісінде жатыр.

«Сұрақ өте ұзақ талқыға түсті. Себебі, Өтепованы психикалық диспансерге жатқызу туралы сот шешімі осыған дейін қабылданып қойған. Ал бүгін оның үйқамақтағы мерзімін тағы бір айға ұзартты. Егер оны психдиспансерге жіберсе, ол үйқамақта болу туралы сот шешімін қалай орындамақ? Менің бұл талаптарымды судья кері қайтарып “үй қамақ мерзімін ұзарту мен стационарда болу бір-біріне қайшы емес, бұл тергеуге қажет» деп түйіндеді, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат тергеушінің психикалық сараптаманы саясаттанушының көмегімен жасау туралы шешім қабылдағанын айтты.

16 қарашада процеске қатысқан прокурор Әбдіқадыр тергеушінің өтінішін қолдап, тергеу амалдарына уақыт қажеттігін көлденең тартты. Бірақ 11 қарашада Өтепованы медициналық мекемеге күштеп орналастыру туралы прокуратурамен келісілмеген тергеушінің арызына қарсы болып, соттың тергеуші арызы шеңберінен шығып кеткенін айтты.

Кейбір құқық қорғаушылар Өтепованың үстінен қозғалған істі биліктің сот шешімімен тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы жақтастарын қудалау ісімен байланыстырады. Қазақстан соты “экстремистік ұйым” деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.

50 жастағы Айгүл Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.

Жеке YouTube арнасы бар Айгүл Өтепованы жұрт “эпатаж журналист” ретінде біледі.


Сондай-ақ қараңыз