• Басты
  • >
  • Макс Боқаев: «Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес»

Макс Боқаев: «Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес»

29.01.2018

Астанадағы Алматы аудандық сотында Атырауда 2016 жылы 24 сәуірде “жер мәселесі” бойынша өткен бейбіт шеруге қатысқаннан кейін бес жылға сотталған азаматтық белсенді Макс Боқаевтың жазасын Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесінде өтеудің заңдылығын анықтау туралы оның анасы Рахила Қожасованың арызы қаралып жатыр.

Қаңтардың 25-і күні сағат 17-де сот отырысы Петропавлға этаппен әкелінген 45 жастағы Макс Боқаевтан интернет байланысы арқылы жауап алумен басталды. Боқаев сотқа шағым түсіріп, өзіне адвокатымен түрме және сот қызметкерлерінің қатысуынсыз жеке сөйлесуге мүмкіндік беруді сұрады. Тұтқын түрмеде “денсаулығына байланысты 25 градус аязда далада таңғы дене шынықтыруды жасаудан бас тартқаны үшін бірнеше мәрте жазаға тартылып, қатал бақылауда отырғанын” айтты.

– Соңғы айда мені ақпараттық блокадада ұстап отыр. Жөнелткен хаттарым да, хабарламаларым да ешқайда жетпейді. Маған кісен салып қойсын, қасымда тек полиция қызметкері қалсын. Түрме және сот өкілдері менің адвокатыммен жеке сөйлесуге мүмкіндік берсін, – деді Боқаев интернет байланыс арқылы.

Оның адвокаты Айман Омарова Боқаевтың сот жазасын өзі тұратын жерден үш мың шақырымда өтеуін негіздейтін өзі сұратқан құжатты әкелуді Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне міндеттей алмаған сотқа сенбейтінін айтып, судья Дәурен Байменовке сенімсіздік танытты. Ол бұл істі басқа судьяның қарауын талап еткенімен, судья Байменов “адвокаттың талабы жазбаша берілмегендіктен сот ісінің жалғасатынын” хабарлап, сот отырысы қаңтардың 26-сы күні сағат 16-да жалғасатынын жариялады.

Сот отырысындағы үзіліс кезінде Азаттық тілшісіне Солтүстік Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Макс Боқаевтан сұхбат алудың сәті түсті.

Азаттық: – Макс, түрмедегі тұрмыстық ахуал, тұтқындардың жағдайы қалай? Қысым бар ма? Денсаулығыңыз сыр беріп, ауруханада емделгеніңіз туралы естідік.

Макс Боқаев: – Жалпы аманшылық, бiрақ күтпеген жерден денсаулық сыр берiп тұр. [Түрмеде] ескi аурулар қозып, жаңалары жабысты. Солтүстiктiң суығы, түрменiң жағымсыз ауасы ықпалсыз өтпейдi. Дегенмен жақын арада өлетін түрім жоқ (күледі – ред.). “Зонаның” ас-суы анда-санда баяғы ГУЛАГ баландасына ұқсап кетеді. Қасымдағы тұтқындардың кейбірі берген тамаққа тоймаймыз дейді. Үйден жіберілген азық-түліктен оларға беріп тұрамын. Мен жатқан барактан өткен жазда екі адамды туберкулез емдейтін колонияға алып кетті. Тамақтың аздығынан дертке шалдыққан болуы ықтимал. Дегенмен, 1990 жылдардағыдай аштан өліп жатқандар жоқ. Түрмедегі жағдай туралы айтар болсам, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бастауын ГУЛАГ-тан алады, содан көп ұзап кеткен жоқ, басқаша болуы мүмкін емес. Себебі, 19-ғасырдың саяси жүйесінде пенитенциарлық жүйе 19-ғасырға сай болды, өкінішке қарай, ол әлі өзгерген жоқ. Бүкіл әлем камералық түрмелерге өткенімен, Қазақстанда лагерлік режим сақталып қалған. Маған тікелей қысым жасаған емес, бірақ нормативтік құқықтық актілердің көбі ескірген, ерсі, адамның ар-ожданына тиіп, кемсітеді. Осының салдарынан түсініспеушіліктер болып тұрады. Осыған орай талай шағымдарды жазып жібергенмін.

Мен отырған ЕС-164/3 мекемесі Қазақстан түрмелері арасындағы үлгілісі саналады. Сотталушылардың арасында ақ төсекке жатып көрмеген үй-күйсіз адамдар бар. Еуропалық стандарттарды маңайламаса да мұндағы жағдай оларға әрине ұнайды.

Азаттық: – Сізді суық далада дене шынықтыру жаттығуын жасауға мәжбүрледі ме? Ол қашан болды?

Макс Боқаев: – Мәжбүрлеу болған жоқ. Бірақ былтыр 28 қарашада денсаулығыма байланысты әдеттегі таңғы дене шынықтыруды ғимараттың ішінде жасағым келеді деп өтініш білдіргенмін. Түрмедегі ауа температурасын көрсететін термометр жұмыс істемейді екен. 21 градус көрсеткенімен іс жүзінде 25 градус болған. Себебі аяғым бастырмайды, омыртқамда жарық бар. Сол себепті суыққа шығуға дәрігер тыйым салған. Таңғы дене шынықтыру менің денсаулығым үшін керек қой. Мен де денсаулығымды ойлап оны іште жасауды сұрадым.

Отрядымызда 76 адам бар. Олардың бәрін күнде таңертең сағат 6-да тұрғызып, ауа райына қарамастан дене шынықтыру жаттығуын жасауға далаға шығарады. Тұтқындар беті-қолын жумастан, төсегін де жинамастан далаға жүгіреді. Аязда жиырма минут бойы сапта тұрады. Мен мұны азаптау деп түсінемін. Сотталғандардың арасынан қойылған “қараушы” (“смотровщик”) дегендер бар. Сол келіп “Неге сыртқа шықпайсың?” деді. Мен “денсаулығыма байланысты сыртқа шыға алмаймын, аязда сыртқа шығаруды азаптау деп санаймын” дедім. Түсініктеме жаздырды. Мекеме басшысы соған сүйеніп қаулы шығарды. Үшінші қаулыдан соң тәртіптік оқшаулау камерасына (дисциплинарлық изоляторлық камера) апарып жапты. Ондағы камерадағы бөлмеге күн көзі түспейді, бірақ жатын бөлме бар. Телефон соғуға рұқсат жоқ, кездесудің өзі бір мәрте қысқа уақытқа ғана беріледі. Сондықтан қатаң режим саналады. Мен сол қаулыларға байланысты 7-8 шағым түсірдім.

Азаттық: – Сіздің құқыңызды қорғап шағымданғаныңыз тәрізді басқа тұтқындар да өз құқықтарын қорғай алып жатыр ма?

Макс Боқаев: – Шынын айтқанда, зонаның “тұрғындары” негізінен жұмысшы-шаруа ортадан шықққандар. Мен сияқты заңнан хабары барлар мен саяси тұтқындар некен-саяқ, көбі, тіпті 95 пайызы – қарапайым ауыл адамдары. Дегенмен адам баласы бір-бірімен тіл табыса алады. Олар шағым жазғысы келгенімен не құқықтық сауаты жетпейді, не кейін мерзімінен бұрын шартты түрде шығатын уақыт келгенде зияны тиеді деп қорқады. Өз құқығын қорғауға қабілетті адамдар жоқтың қасы.

Азаттық: – Парламент Жер кодексіне өзгерістерді қабылдағанын естіген боларсыз. Осы құжатта өзіңізді соттауға себеп болған 2016 жылғы Атыраудағы жер реформасына наразылық митингісінде қойылған талаптар орындалды деп санайсыз ба?

Макс Боқаев: – Жер кодексіндегі өзгерістердің қабылданғанынан хабардамын. Өкінішке қарай, Атыраудағы 24 сәуірдегі митингіде қабылданған қарардағы екі мәселе, атап айтқанда ауыл шаруашылығы жерлерін иеленуші фирмалардың тізімін толық жариялау және шетелдік әскери полигондарды Қазақстанда орналастыруға тыйым салу туралы талаптар мүлде енбеген. Бірақ қолға тимегендіктен [өзгертілген заңды] толық оқи алмадым.

Азаттық: – Түрмедегі тұтқындардың сізге қатынасы қалай? Өткенге өкініш бар ма?

Макс Боқаев: – Тұтқындардың 90 пайызының жасы 20-30 аралығындағы жігіттер. Не үшін отырғанымды білгеннен кейін олар “дұрыс жасадың” деп қолдау білдірді. Өкініш жоқ, ондай сезім болған да емес. Және қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес.

2016 жылғы 28 қарашадағы сот үкімінен соң бізді – сотталған 4 адамды этаппен жөнелтуге дайындады. Бірақ қасымыздағы екі адамды Атырауда қалдырды да, мені және Талғат Аянды, бізге шығарылған үкімде жазаны өтеу орыны Атырау деп көрсетілгеніне қарамастан, Ақтөбеге этаппен апарды. Неге? Мен бұны дискриминация деп санаймын. Анам жасы келген қарт адам. Атыраудан Петропавлға тікелей жүретін пойыз да, ұшақ та жоқ. Анама менімен екі сағатқа кездесу үшін үлкен қиындықтарды бастан кешіруіне тура келеді. Сол қынжылтады.

Азаттық: – Әңгімеңіз үшін рахмет.

Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен енгізілген өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған “жер митингілеріне” түрткі болған еді. Заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдірген алғашқы бейбіт шеру 2016 жылы сәуірдің 24-інде Атырауда өткен. Оған қатысқаннан кейін көп ұзамай қамауға алынған жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды сол жылы қарашада Атырау соты “әлеуметтік араздық тудырды”, “митинг өткізу туралы заңнаманы бұзды” және “жалған ақпарат таратты” деген айыппен бес жылға соттап, ірі мөлшерде айыппұл салған. Сотта Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Үкім шыққаннан кейін Боқаев пен Аянды Солтүстік Қазастан облысындағы ЕС-164/3 мекемесіне этаппен жеткізген. Тұтқындар мен адвокаттары оларды жазасын өтеуге тұрғылықты облыстағы колонияға ауыстыруды талап етіп, бірнеше рет арыз жазған. 2017 жылы тамызда Талғат Аянды Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 мекемесінен Ақтөбедегі К -168/2 колониясына ауыстырған.

Макс Боқаев өзін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге жіберген Қылмыстық атқару комитетінің шешіміне наразылық ретінде өткен жылы жазда аштық жариялап, бірнеше апта бойы астан бас тартқан. Оның қорғаушысы Жанаргүл Боқаева қазан айында тұтқынның денсаулығы сыр беріп, колонияның санитарлық блогында емделгенін айтқан.

Боқаев пен Аянның жақтастары мен құқық қорғаушылар белсенділерге қарсы үкімнің саяси астары бар деп санайды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен батыс елдері Боқаев пен Аянға шығарылған үкім Қазақстанның адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, Астананы оларды қамаудан босатуға шақырған.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз