Астанада қарақалпақ белсендісі 31 жастағы Расул Жұманиязов ұсталды деп хабарлады тіркелмеген «Алға Қарақалпақстан» демократиялық партиясының жетекшісі Аман Сағидуллаев 30 наурызда Азаттық радиосына. Оның сөзінше, Расул Жұманиязовты полиция 26 наурызда ұстаған.
– Оны 26 наурызда Өзбекстанның өтінішімен Астанада ұстаған. Бір ай бұрын ол (Расул Жұманиязов) маған шығып «Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі мені қорқытып жатыр, Қарақалпақстанға қайт, әйтпесе халықаралық іздеуге береміз» деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан. Бұл жігіт белсенді. 2021 жылы [өзбек күштік құрылымдары] оны қамап, ұрып-соққан. Бірақ ол интернетте жазуын тоқтатпады. «Қарақалпақстандағы наразылықта неге оқ атты, кім жауап береді» деп те мәселе көтерген. Сол себепті оның аузын жабуға тырысып жатыр. Ол жігіт қорықпады, конституциялық құқықтарын талап ете берді, – дейді Аман Сағидуллаев.
Оның сөзінше, Расул Жұманиязовтың кейінгі кезде құжатының мерзімі біткен. «Көші-қон қызметіне барамын» деп жүргенде ұстаған.
Астана полициясы әзірге түсініктеме бермеді.
Ақпаратқа қарағанда, Өзбекстанда тіркелмеген «Алға Қарақалпақстан» демократиялық партиясының қызметіне іс жүзінде тыйым салынған, оның белсенді мүшелері жиі қудаланады, кейбірі сол жақта түрмеде отыр. Ал партияның кеңсесі қазір Норвегияда шоғырланған.
- 2022 жылы шілдеде Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі ұсталған. Олардың қатарынла Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар. Оларға Өзбекстан билігі «конституциялық құрылымға қауіп төндірді» деген айып тағып, іздеу салған. Белсенділердің бірі Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан Ресейге өтпекші болғанда шекарада тұтқындалды. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін сұрап берген арыз-өтінішін орындамады. Бесеуі де бір жылдан кейін босап шықты.
- Жуырда Алматыда тағы бір қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов (Мұратбай) ұсталып, бір жылға қамалды. Өзбекстан билігі Ақылбек Мұратовқа «конституциялық құрылымға қауіп төндірді» деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған. 23 ақпанда Алматы қаласының еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Мұратовқа «Қазақстаннан пана іздеуші» куәлігін беру туралы щешім шығарған. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Мұратовты Өзбекстанға экстрадицияламауғаүндеді.