Бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотында соңғы сөз айтылады деген тұста бірнеше белсенді сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды.
1 тамызда Қонаев қаласының әкімшілік соты тіркелмеген «Атажұрт» париясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханды 10 күнге қамады. Оған «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағылған.
Сот қаулысында «Бекзат Мақсұтхан 22 мамырда Қонаев қалалық сотының алдында Думан Мұхаммедкәрімге қолдау көрсетіп, заңсыз жиынға белсене қатысды» деп жазылған.
Сот кезінде Бекзат Мақсұтхан өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол «заңсыз жиынға қатыспадым, Думан Мұхаммедкәрмді қолдау заңсыздыққа жатпайды» деген.
1 тамыз кешке тағы бір саяси белсенді, блогер Абзал Достияровты сот 20 тәулікке қамады. Оған да «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша кінәлі деп таныған.
Белсендіні күндіз Қонаев қаласына журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда полиция ұстап әкеткен. Оған 15 шілдеде Думан Мұхаммедкәрімнің сот процесі кезінде «заңсыз митингке қатысты» деген айып таққан.
Абзал Достияров сотта өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол соттан тек ақпарат таратқанын, митингке қатысып, сөз сөйлемегенін айтқан.
1 тамызда Қонаев қалалық сотында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотында соңғы сөз айтылған. 2 тамызда журналиске үкім шығарылады.