Адвокат Айнара Айдарханова Жауғашты түрмесінде қамауда отырған журналист, белсенді Әйгерім Тілеужановаға барып, кездескенін мәлімдеді. Қорғаушының сөзінше, оның денсаулығы нашарлаған, бірнеше келі салмақ тастаған және жүруі қиындаған.
– Ол жеті келідей салмақ тастаған. Өте әлсіз. Менімен кездескенде теңселіп, аяғында әрең тұрды. Мен аштықты тоқтату туралы жақындарының және өзімнің атымнан өтінішімді айттым. Себебі аштық оның денсаулығына әсер етіп жатыр. Әйгерім сот үкімімен келіспейді. Оның аштық жариялағандағы басты наразылығы сол. Әйгерім серуенге шыққанда талып қалғанын айтты. Жерге бетімен құлап, көзілдірігін сындырып алған. «Қалай болғанын өзім де білмей қалдым» дейді ол, – дейді адвокат.
Оның сөзінше, Әйгерім Тілеужанова түрмедегі жағдайға шағымданған. Ол су, дәретхана мәселесін айтқан.
– Ол ауызсуға шағымданды. Бірінші рет суды ішкенде құсып жіберген. Оны түрмеге күшпен, ешқандай керек-жарақсыз алып келген. Анасы оған тамақ пен жеке заттарын беріп үлгермеген. Колонияда қамауда ұстау жағдайы бәріне белгілі деп ойлаймын. Бір ғимаратта 150 адам тұрады. Дәретхана да сол жерде орналасқан. Оның өзі шұңқырға орнатылған тесік, – дейді Айдарханова.
Қорғаушы келесі жылдың басында Жоғары сотқа шағымданатынын айтты. Бірақ Әйгерім Тілеужановаға тергеу изоляторында да, түрмеде де сот шешімі берілмеген. «Әдетте тергеу изоляторынан түрмеге жіберілетін кезде сот шешімі берілуі тиіс» дейді адвокат.
Әйгерім Тілеужанова адвокат арқылы түрмеден хат жолдаған. Онда ол Жоғары сотқа сенбейтінін, бірінші инстанциядағы шешімді өзгеріссіз қалдырады деген.
– Алда енді Жоғары сот. Кассациялық шағымды жазуға кірісеміз. Бұл мен үшін формальность. Себебі Жоғары сотта бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдыратынына сенімдімін. Біздің мақсат – халықаралық сотқа жету. Толық ақтағанша тоқтамаймыз, – деген Әйгерім Тілеужанова хатында.
Әйгерім Тілеужанова «Қаңтарда әуежайды басып алу ісі» бойынша айыпталып, 4 жылға сотталған. Кейіннен Алматы апелляциялық сот алқасы бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Әйгерім Тілеужановадан бөлек, іс бойынша тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісовті және өзге үш сотталушы Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменов, Нұрлан Дәлібаевтың әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырған. Айыпталушылар өздеріне тағылған айып пен шығарылған үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеген.
Парламентте Қаңтар оқиғасынан кейін есеп берген бас прокурор Берік Асылов «Әуежайды басып алу ісі» бойынша мәлімдеме жасаған. Онда ол Нұрпейісов пен Тілеужанов діни-экстремистік ұйым мүшесі деп атаған. Кейіннен Әйгерім Тілеужанова мен оның қорғаушысы сотқа шағымданып, кінәсіздік призумпциясын бұзған Берік Асыловты жауапқа тартуды сұраған. Бірақ бас прокуратура Берік Асылов парламентте Әйгерім Тілеужанованы емес, Тілеужанов деген басқа ер адамды айтты деп мәлімдеген. Бірақ әлі күнге дейін ол ер адам табылған жоқ. Оның үстінен іс қозғалды ма, жоқ па ол да белгісіз.