«Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» және «экстремизмді қаржыландырды» деп айыпталып, бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отырған журналист, саяси белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің сотында айыпталушының өзінен жауап алынды. Адвокаттарының сөзінше, Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
22 шілдеде өткен сот отырысында Думан Мұхаммедкәрімнен жауап алынды. Адвокат Төлеген Берліқожаның айтуынша, Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, ешқандай дәлел жоғын айтқан.
– Бүгінгі сот отырысында Думаннан жауап алдық. Әрине, Думанның жауабы сол, іс бойынша ешқандай дәлелдің жоқтығын, тағып отырған айыпты мойындамайтынын айтты. Ол Мұхтар Әбілязовтан [қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер] сұхбат алғанын растады, – дейді Төлеген Берліқожа.
Бүгінгі сот отырысында адвокаттар сот пен прокурордан тағы да істі ашық өткізуді талап етіп, кімнің өтініші бойынша істің жабық өтіп жатқанын айтуды сұраған. Бірақ сот та, прокурор да оған нақты жауап бермеген.
«Ne Deidi» You Tube арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім былтыр маусымда «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» деген айыппен қамауға алынған. Істе журналистің шетелде тұратын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтан алған сұхбаты себеп болған.
Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Думан Мұхаммедкәрімнің соты биыл, 12 ақпанда Қонаев қаласында басталған. Алғашқы сот процесінде ол өзіне полиция қысым жасағанын айтып, шағымданған. Кейіннен прокуратура «азаптау» бабы бойынша іс қозғап, Мұхаммедкәрім ол істе жәбірленуші деп танылған. Ізінше іс «дәлел жетпеуіне байланысты» тоқтаған. Қазір Қонаев қаласында негізгі іс бойынша сот процесі жабық өтіп жатыр.
Құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп таныған.
Фото: Абзал Достияров You Tube арнасынан скрин