Биыл қыркүйекте Қазақстанда Украинадағы соғысқа қарсы шыққан ресейлік Павел Владимиров ұсталған. Бұл жөнінде «Alliance of the post-Soviet Left» жобасы хабарлады.
Павел Владимиров 18 жаста. Ол Воронежде көше белсенділігімен айналысқан. Соғысқа қарсы парақшалар таратқан, граффити салып, митингілерге қатысқан. Туыстарының айтуынша, ол солшыл көзқарас ұстанады және өзін анархист деп санайды.
Владимиров 4 қыркүйекте — Тбилисиге кетерден бір апта бұрын байланысқа шықпаған. Ұсталудан бір күн бұрын Росфинмониторинг оны террористер мен экстремистердің тізіміне енгізген.
Владимиров Ресейдің өтініші бойынша ұсталып, тергеу изоляторына қамалғаны туралы жақында Алматының тергеу изоляторынан шыққан якут белсендісі Айхал Аммосов хабарлады. Ол изоляторда тағы бір Ресей азаматының отырғанын өзімен бірге отырған адамнан естіген. Владимировқа «ауыр бап бойынша» айып тағылған дейді ол.
Алматының арнайы ауданаралық тергеу сотының қауылысына сәйкес, Владимировқа Ресей Федерациясы қылмыстық кодексінің 205.5-бабының 2-бөлігі және 30-бабының 1-бөлігі «террористік ұйық қызметіне араласуға оқталу» бойынша іздеу жарияланған. Бірақ ОВД-Инфо Ресей ішкі істер министрлігінің базасында Владимировқа іздеу жарияланғаны туралы дерек жоқ деп жазды.
Павел Владимиров хатында өзін Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі ұстағанын жазған.
«Менде бәрі жақсы. Бір жыл тергеу изоляторында отыруға тура келіп тұр. Сосын мені босатады. Ресейге экстрадиция жасамайды. Менің адвокатым тәжірибелі. Ол маған көмектеседі. Қамауда ұстау жағдайы көңілге қонымды. Камерада сегіз адам жатырмыз. Душ бар, жақсы тамақтандырады. Уайымдамаңыздар, бұл сынақ өтеді де кетеді, ол мені шыңдайды. Біз жақында көрісеміз, тек күту керек», – деп жазған Павел Владимиров хатында.
«Alliance of the post-Soviet Left» жобасы белсенділерді «саяси себептермен қудалау» әрекеті айқын байқалады. Бірақ қылмыстық іске не себепті тартылғаны белгісіз.
Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей билігі елдегі наразылыққа шапшаң реакция білдіретін болды. Соғысқа қарсы белсенділерге қолданылатын баптардың ауқымы кең. Соғысқа қарсы іс бойынша жауапқа тартылғандарға бұзақылық, вандализм, билік өкіліне күш қолдану сияқты баптармен айып тағады. Қысым мен қудалауға соғыс басталғаннан кейін қылмыстық кодекске енгізілген Ресей армиясы туралы жалған ақпарат тарату және кемсіту бабы жиі қолданылатын болған.
Қазіргі уақытта Ресейде Украинадағы соғысқа қарсы 1050 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.