Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі ұлының денсаулығы нашарлағанын айтты. Оның сөзінше, ол кездесуге шыға алмаған.
Думан Мұхаммедкәрімнің Талдықорғандағы тергеу изоляторында аштық жариялап жатқанына бір апта болды. Оның денсаулығы нашарлағанын 8 қыркүйекте әкесі Алмаз Тілепов хабарлады. Ол бір күн бұрын Талдықорған қаласына барып, ұлымен кездесе алмай қайтқан. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады.
– Ауырып жатырмын деп, кездесуге шықпады. Қамалғаннан бері бүйрегі ісіп, ауырып жатыр. Өткенде дәрігерлер барып, ауруханаға ауыстырамыз деген. Бірақ айнып қалды ма, білмеймін, ауыстырмай қойды. Дәрігерлер келмеген соң, наразылық ретінде аштық жариялады. Маған жағдайы бір қалыпты дейді. Бұл таза азаптау. Атбасардағыдай ұрып-соқпаса да, осыдай қинап жатыр, – деді ол.
Журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, 1 қыркүйектен бері Думанды емханаға ауыстыру жөнінде тергеу изоляторынан, полициядан ешкім хабарласпаған.
– Прокурор да, дәрігер де алдады. Енді кімге сенуге болады? Дәрігерлер ешбір тарапты таңдамай, қандай адам болса да оған бірінші көмек көрсету керек. Адамның денсаулығына қауіпті жағдай болса, дәрігер міндет ретінде оны емдеуге тиіс. Олар Гиппократ антын қабылдады ғой. Алып кетеміз деп, айтқандарын орындамады, – деді Нұрпейісов.
8 қыркүйекте аты-жөнін атамауды сұраған Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі қалалық емханаға сүйеніп Азаттыққа “журналисті емханаға ауыстырады, сол бойынша жұмыс жүріп жатыр” деп айтты.
– Журналист Алматыға ауыстыру талабы орындалмаған соң аштық жариялаған, дәрігерлерге қатысты емес. Дәрігерлер бірнеше рет барған, бірақ оның қаралудан бас тартамын деген екі қолхаты бар екен. Кеше аштықты тоқтатамын, бүйрегім ауырып тұр деп, емделуге келісім беріпті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасынның өкілі.
Бірақ Талдықорғандағы тергеу изоляторы Азаттыққа бұл ақпаратты растамады. Олар журналист жөнінде бар мәліметті облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінен білу қажеттігін айтты. Ал департамент өкілдері «анықтап беруге» уәде берді. Жаңалық жарияланған уақытқа дейін жауап түскен жоқ.
Журналистің аштық акциясын 1 қыркүйекке қараған түні бастағанын жақтастары хабарлаған. Олардың айтуынша, денсаулығы сыр бере бастаған журналист өзін дәрігерлерге қаратуды талап еткен.
Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.