6 мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның бірге айыпталған туысы Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөздерін айтты.
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты айып тағылған Қуандық Бишімбаев осы іс бойынша өтіп жатқан процеске қатысып отырған алқаби қазыларын “әділ әрі байыпты” болуға шақырды.
Қатыгездікпен адам өлтірген деген айып тағылған бұрынғы ұлттық экономика министрі соттағы соңғы сөзін қағаздан оқып берді.
“Менің іс-әрекетім сүйікті адамымның ажалына, оның ата-анасының қайғысына себеп болды”, – деді Бишімбаев.
Ол “жұбайымды өлтірем деген ниеті болмағанын, өз әрекеті “бұлай аяқталады деп ойламағанын” мәлімдеді. Сотталушы өз ісіне өкінетінін тағы да айтып, “осы оқиға жанына тигеннің” барлығынан кешірім сұрады.
“Ешкімге ешқашан ажал тілеген емеспін, тілеп отырған жоқпын және тілемеймін де, оған сенімім кәміл. Сол кеште ешқашан, ешбір сәтте жұбайыма өлім тілеген жоқпын. Аяғы бұлай болады деп ойламадым”, – деп мәлімдеді Бишімбаев
Ол “айыптымын, бірақ қасақана өлтірген жоқпын” деді. Бишімбаев ұсталған сәттен бастап шындықты жасырмағанын, бой тасалап, жауапкершіліктен сытылып кетуге “барлық мүмкіндік болса да”, олай істемегенін мәлімдеді. Өзі ұсталған соң екі күннен кейін “асқан қатыгездікпен адам өлтірген” деген айып “ешқандай негізсіз, ондайды дәлелдейтін сараптама қорытындысы болмаса да” тағылғанын айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы қысым ықпал еткен тергеу айыптау сарында жүргізілген.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты ұсталған. Кейін оған “асқан қатыгездікпен адам өлтірді” деген айып тағылған. Бишімбаев “өлтіру ниетім болған жоқ” деп, айыпты мойындамады.
Бишімбаевтың пікірінше, сарапшы Тахир Халимназаров (ол сотта Салтанаттың денесіндегі із буындырудан қалғанын айтып, марқұм өзін өзі жарақаттаған деген болжамды жоққа шығарған) бұл сотқа жалғыз мақсатпен – сараптама қорытындысын “керек” мазмұнда, яғни “барынша” айыптауға құрастырып жасау үшін шақырылған.
Бұған қоса Бишімбаев алқабилерді “әлеуметтік желілердегі пропаганданың жетегінде кетпеуге” шақырды. Ол Салтанаттың өліміне “қатысы барын”, “оның өліміне кінәлі” екенін айтып, жауапкершілікті көтеруге дайын екенін мәлімдеді.
“Мен оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргенім үшін айыптымын, ажал абайсызда болды. Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын”, – деп алдыңғы айтқан сөзін қайталады Бишімбаев.
Ол өзіне тағылған айыптың “ешқандай айқын дәлелі жоғын” айтты.
“Айыптаушылар қасақана адам өлтіргенімді бұлтартпастай етіп дәлелдей алды ма, осыны ар-ұятқа жүгініп өзіңізден сұрап көріңізші. Немесе Салтанатты жүйелі түрде қинаған-мыс деп маған таққан айып даусыз дәлелденді ме? Қалай ғана осындай айып тағуға болады? Мұндай айыпты [Салтанат] екеуіміздің бірге тұрған өмірімізден еш хабары жоқ адамдар ешқандай шынайы айғақ-дәлелсіз тақты”, – деді Қуандық Бишімбаев.
Оның сөзінше, алқабилер “әлеуметтік желілер мен БАҚ қатты қысым” көрсетіп жатқан шақта шешім қабылдауға мәжбүр болып отыр. “Мұның бәрі әдейі, ептілікпен ұйымдастырылып, ақшасы төленіп, қолдан жасалған. Осының бәрі сіздерді шатастыру үшін жасалып отыр. Сіздерге, сотқа қысым жасап”, – деп мәлімдеді Бишімбаев.
Ол алқабилерді “ешкімнің жетегінде кетпеуге”, ұйғарым шығарғанда “әділдік, адамгершілік пен гуманистік танытып”, “өшпенділіктің, ашу-ызаның құралы” болмауға шақырды.
“Өздеріңізге алдын ала таңылған нәрсенің тұтқыны болмаңыздар. Бұрын кім болғаным, қандай лауазым атқарғаным маңызды емес. Мен де сондай адаммын және [ісімді қарайтын] сот бейтарап, әділетті болуына лайықпын”, – деді Бишімбаев.
Дүйсенбі, 6 мамырда тағы бір айыпталушы – Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов та сотта соңғы сөзін айтты. Оған “қылмысты жасырған” деген айып тағылған. Ол қылмыс жасалған жер – өзі басқаратын мейрамханадағы бақылау камераларына түсіп қалған видеоларды өшіруді тапсырғанын, мейрамхана қызметкерлерін таратып жібергенін және Салтанаттың телефонын қалада ұстап жүргенін растады. Бірақ ол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білмегенін айтты.
“Білген жоқпын, ант етуге бармын. Егер білсем, олай етпеген болар едім. Бұл әрекеттерім қылмысты жасыруға талпыну деп қабылданатыны ойым келген жоқ”, – деп мәлімдеді Байжанов.
Айыптау қорытындысында Байжанов “қылмыс әшкере болатынын біле тұра, айғақтарды жасыру үшін іс-әрекет жасаған: мекемені жауып, мейрамхана қызметшілерін таратып жіберген, видеожазбаларды жойып тастап, одан кейін Нүкенованың телефонын басқа бір жерге апарған, мейрамханаға бірнеше рет әйел киімін әкелген” деп жазылған.
Судья келесі сот отырысы 10 мамырда өтетінін хабарлап, сот процесінде үзіліс жариялады.
Егер сот Бишімбаевқа тағылған “асқан қатыгездікпен адам өлтірген” деген айып бойынша қылмысы толық дәлелденді деп тапса, ол 20 жылға немесе өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін. Биыл 27 наурызда басталған сот процесіне, қорғаушылардың талабына сай, алқабилер қатысып отыр. Сот тыңдауынан тікелей трансляция ұйымдастырылып, сот процесінмиллиондаған адам көрді.
44 жастағы Қуандық Бишімбаев кезінде Батыста білім алған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында үкіметте жоғары лауазымды қызметтер атқарған. 2017 жылы қаңтарда Бишімбаев жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 2018 жылы наурызда он жылға сотталған. Кейін президент оған рақымшылық жариялап, сот кескен жаза мерзімін төрт жылға дейін азайтқан. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты жазамен түрмеден босап шыққан.
31 жастағы Салтанат Нүкенованың қазасы Қазақстанда жиі болатын құбылыс – әйелге әлімжеттік жасау мәселесін күн тәртібіне қайта шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі пікірталасты күшейті. Құқық қорғаушылар әйелді кемсіту “барлық деңгейде” әлі жалғасып отырғанын айтады.
Бұрынғы ұлттық экономика министрінің үстінен қозғалған іс сотта қаралып жатқан шақта парламент отбасында зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті күшейтетін заңды қабылдап, президент қол қойып тастады. Осындай заң қабылдау қажетін құқық қорғаушылар үнемі айтып жүрсе де, билік заң жобасын бірнеше жыл бойы кейінге сырғытып келген еді. Құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тоқтау салатын арнайы заң қабылдауды, әйелге зәбір көрсететіндерге жазаны күшейтуді белсенді түрде талап еткен болатын.