13 қыркүйекте Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталған жеті адамның соты басталды. Істі судья Бақытхан Бәкірбаев қарауда.
Іс бойынша Бағдагүл Андрееваға – ҚК 182-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі;Сағынкүл Қонарға – ҚК 182-бабының 2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі; Ержан Төреқұловға – ҚК 182-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі; Олжас Құлжахановқа – ҚК 182-бабының2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі; Теңлік Нұрлановқа – ҚК 182-бабының 2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі; Ақылжан Қисымбаевқа – ҚК 182-бабыны 2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі; Айдос Іліпбаевқа- ҚК 24-бабының 1-бөлігі, 272-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған.
Күдіктілердің бірі Ақылжан Қисымбаевтан Masa Media тілшісіне 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін сұхбат беріп, Қанды Қаңтар кезінде аяғына оқ тигенін, ауруханада жатқан жерінен арнайы жасақ алып кетіп, Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында азапталғанын айтқан.
Осы оқиғадан кейін Ақылжан Қисымбаевтың үстінен «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бабы бойынша іс қозғалып, кейіннен тоқтатылған. Қазір ол СИ-18 тергеу изоляторында отыр.
Бүгінгі сот отырысында бес куә тыңдалды. Судья Бақытхан Бәкірбаев процесс соңында сотқа қатысушыларға келесі отырысқа кешікпей келуді ескертіп, БАҚ өкілдеріне сотталушылардан сұхбатты ыңғайлы уақытта алу қажеттігін айтып, сот залынан шығуларын талап етті. Журналистер залдан шығып, сотталушыларды айдауыл алып кеткенін фото-видеоға түсірмек болғанда оған да тыйым салмақ болды.
Бірақ БАҚ өкілдері сот аяқталғанын, қазір залда емес, одан тыс жерде тұрғандарын алға тартып, қызметтік міндетін атқарып тұрғандарын айтты. Бірақ судья оған құлақ аспай, айдауылға журналистерді келесі сотқа кіргізбеуге және ғимараттан күштеп шығарып тастауға нұсқау берді де, залға қарсы беттегі бөлмеге кіріп кетті. Бірақ айдауыл оның нұсқауын орындамады. Сотталушыларды залдан бір-бірден алып кетті.
Былтыр президент сайлауы қарсаңында ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні елде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деген күдікпен жеті адамның ұсталғанын хабарлап, «қаруланып, мемлекеттік нысандарға шабуыл жасамақ болғаны» туралы видео жариялаған. ҰҚК оларды шетелде тұратын оппозициялық саясаткер экс-банкир Мұхтар Әбілязовқа «көңілі ауғандар» деп сипаттаған.
Сол уақытта ұсталғандардың туыстары тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ал Мұхтар Әбілязовтің өзі ҰҚК видеосын «арзан қойылым» деп атап, билік президент сайлауы күні бейбіт қарсылық акциясын өткізбек болған белсенділерді қаралауға талпынып жатыр деген.
Келесі сот отырысы 20 қыркүйекте өтеді.