• Басты
  • >
  • Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі прокуратура алдында аштық жариялады

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі прокуратура алдында аштық жариялады

06.06.2023

6 маусымда қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмаз Тілепов Алматы облысы Іле ауданы прокуратурасы алдында аштық акциясын бастады. Оны қолдаған оншақты белсенді де прокуратура алдына жиналды. Алмаз Тілепов бұған дейін ұлын босатуды талап еткен, талабы орындалмаса аштық жариялайтынын мәлімдеген. 

Алмаз Тілеповтің сөзінше, Іле ауданы әкімдігін аштық акциясын бастайтынын айтып, ескерткен. Бірақ әкімдік рұқсат бермеген. 

– Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бейбіт шеруге рұқсат бермейміз депті. Мен бейбіт шеру емес, жалғыз адамның аштық акциясын өткізетінімді айтқанмын, – дейді ол. 

Думан Мұхаммедкәрім изолятордан әкесіне хат жолдап, аштықты тоқтатуын сұраған. Бірақ Алмаз Тілепов ұлын заңсыз ұстап алып кеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері кешірім сұрамайынша аштықтық тоқтатпаймын дейді. 

– Баламның өзі түрмеде аштық жариялап отыр. Бірақ мені аяп, үйге қайт дейді. Бірақ мен ұлымды көшеден бас-көз жоқ, заңсыз ұстап әкеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері кешірім сұрағанша тоқтамаймын, – дейді Тілепов.

Іле ауданының прокуроры Сұңғат Сәтбаев Алмаз Тілеповқа Думан Мұхаммедкәрімді ұстаған полиция қызметкерлерінің іс-әрекетінің заңдылығы тексерілетінін айтты. Ал аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев әкімдіктің аштық акциясын өткізуге рұқсат бермеуін жергілікті мәслихат бейбіт жиын өткізетін жер ретінде бекіткен орында жөндеу жұмыстары жүріп жатуымен түсіндірді. 

Журналист Думан Мұхаммедкәрім парламент сайлауынан бері төртінші рет қамалып отыр. Ол бұған дейін «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен бір рет 15 тәуілікке, екі рет 25 тәулікке қамалған. 


Сондай-ақ қараңыз