• Басты
  • >
  • «Ескертусіз, қасақана оқ ату»: Тоқаев халықтан кешірім сұрауы керек

«Ескертусіз, қасақана оқ ату»: Тоқаев халықтан кешірім сұрауы керек

05.06.2023

Алматыда құқық қорғаушылар Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша «Ескертусіз, қасақана оқ ату…» баяндамасын таныстырды. 

5 маусымда өткен баспасөз мәслихатына құқық қорғаушылар Евгений Жовтис пен Бақытжан Төреғожина, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы және адвокат Ғалым Нұрпейісов қатысты. 

Баяндама авторлары Евгений Жовтис пен Бақытжан Төреғожина алғашқы күндерден бастап Қаңтар оқиғасы бойынша ақпараттар жинаған. Осы уақытқа дейін 1000 cағаттан астам бейнеролик қаралып, 10 мың беттен бастам құжат зерттелген. 

Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, баяндамада болған оқиға жөнінде ғана емес, онда билікке бес ұсыныс айтылған. Оның ішінде қайтыс болған адамдардың аты-жөнін толық жариялау және сот үкімдерін қайта қарау бар. 

– Баяндамада бес ұсыныс жазылған. Біріншіден, қойылған сұрақтардың барлығына ашық жауап беру. Қайтыс болған адамдардың аты-жөні мен қай жерде, және қандай жағдайда көз жұмғаны туралы толық тізімді жариялауы керек. Олар оған лайықты. Екіншіден, баяндамада 50 адамның кейсі бар. Біз билік осы оқиғаларға қайта оралып, қайта тергесін дейміз. Оның арасында фантастикалық 15 жылдан жоғары жазаға кесілген үш азамат – Нұрсұлтан Исаев (Ақтөбе), Құдайбергенов (Қызылорда) және Жұманов (Тараз). Олар өте ауыр жазаға кесілді. Бұнымен қатар, азаматтардың өлімі бойынша әскерилер 6 жылға сотталып жатыр. Бұл сонда не? Кемсіту ме? Халық басқа категориядағы адамдар ма? Біз билік, бас прокуратура осы үш кейісті қайта қарауы керек деп есептейміз, – деді Төреғожина. 

Бақытжан Төреғожина Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ге жуық адам заңсыз ұсталып, азапталған дейді. Ол мемлекет олардан кешірім сұрауы керек деп есептейді. 

Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар кезінде азаматтардың оққа ұшып, қаза табуына бірінші кезекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлі дейді. Оның сөзінше, Тоқаев азапталған, заңсыз сотқа тартылған адамдардан, тұтас халықтан кешірім сұрауы керек. 

– Ең басты сұрақ «Кім кінәлі?». Ең алдымен президент Тоқаев кірәлі дер едім. Азапталған, қуғындалған, заңсыз қорлық көрген мыңдаған адам бар. Оның ішінде жүздеген адам қылмыстық іске тартылған. Қазір солардың 3-4-інен ғана кешірім сұрады. Онда да кешірімді жай прокурорлар заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартқаны үшін, азаптағаны үшін сұрап отыр. Тұтас халықтан кешірім сұрау керек. Халықтан кешірімді президент Тоқаевтың өзі сұрауы қажет, – деді Сәрсенбайұлы. 

Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке таласқан. 

– Қазақстанда бейбіт жиын бостандығы шектелді. Бейбіт жиын қатысушылары мен полиция арасында қақтығыстар орын алды. Әдейі соған итермелеу болды. Бұл көтерілістің басында билікке таласушы екі жақ – Назарбаев пен Тоқаев болды. Менің көзқарасымда солай. Соған жол берілді. Кез келген бейбіт жиынға рұқсат етілсін, рұқсат етілмесін құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың өміріне қауіп төндірмеу жағдайын қадағалауы керек, соған жұмыс істеуі қажет, – деді ол. 

Евгений Жовтистің сөзінше, ескертусіз оқ ату туралы заңды қайта қарау керек. Өйткені ол адам құқықтары принциптеріне толық сәйкес келмейді.  

– Заңда қару қолдану қарастырылған. Бірақ өкінішке орай, бұл заң адам құқықтары принциптеріне толыққанды жауап бермейді. Оны баяндама қорытындысы көрсетті. Ол заңда нақты қандай жағдайда ескертусіз оқ атуға болатыны жөнінде толыққанды айтылмаған. Мысалы, заңда төтенше жағдай кезінде ішкі істер органы мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты көрсетілген шектеулер қарулы күштерді пайдалануға байланысты нақты жазылмаған. Егер қарулы күштерді төтенше жағдай кезінде пайдаланатын болса, оларды пайдаланғанын көрдік. Онда заңды нақты принциптер негізінде жасақтау қажет, – деді Жовтис.

Евгений Жовтистің сөзінше, заңдағы олқылықтардан бөлек, Қаңтар оқиғасы кезінде тергеушілер жәбірленушілерге айырбас (бартер) ұсынған. Олар жәбірленушілерге азаптау бойынша арызды алатын болсаң қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз деп саудаласқан. 

Ресми дерек бойынша, 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар он мың адам ұсталып, оның жетпіс пайызы азапталғанын айтады. Бірақ соған қарамастан азаптау істерінің 90 пайызы тоқтатылған. Құқық қорғау органдары істердің тоқтауын дәлелдің жетіспеуімен байланыстырады. Қазақстандық және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын шетелдік сарапшылардың қатысуымен ашық тергеуге шақыруда. Бірақ Ақорда осы уақытқа дейін оған мардымды реакция танытқан жоқ. 


Сондай-ақ қараңыз