Жанболат Мамайға тағы екі айып тағылды. Билік оны он жылға соттауы мүмкін (мәлімдеме)

08.06.2022

Бүгін өзіме қылмыстық Кодекстің ауыр екі бабы – 272 баптың 1-тармағы және 274 баптың 4-тармағы – бойынша айып таққандары туралы білдім. Демек, мені қаңтар күндері жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, жалған екені белгілі ақпарат таратқаным үшін айыптап отыр.

Енді биліктің ақылға қонымсыз бұл тірлігінің қандай ақымақтық екенін түсіндіріп өтсем. «Ұыйымдастырды» деп олар 4 қаңтар күнгі «Алматы арена» аңындағы алаңдағы митингті айтып отыр. Мен сол алаңда саяси рефорамлар жүргізуді талап етіп, жиналған жұртты Республика алаңына баруға  шықырыппын-мыс. Бұл айптары түкке де тұрмайды. Біріншіден, менің «алматы арена» маңындағы алаңда сөйлеген сөзімнің толық нұсқасы бар. Онда мен ешкімді ешқайда баруға шақырмағаным анық естіліп тұр. Керісінше, бәрінің сол жерде тұрып, ештеңені бүлдірмей, полициямен қақтығысқа түспеуді өтінгенім жазылып қалған. Бұл бейне жазба әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Оның үстіне, бірер минуттардан кейін мені және басқа да бейбіт қарсылық танытып тұрған біраз адамды полиция ұстап әкеткен еді. Мен ешкімді алаңға бастап апарғам жоқ, өйткені ол кезде мен ол жерде болғам жоқ. Екіншіден, мен жалғыз өзім жаппай тәртіпсіздіктерді қалай ұйымдастырады екем? Маған бағынған «топ» қайда? Олар кімдер? «Ұйымның» анық та дәл есептелген жоспары қайда? Әлде мен жалғыз өзім құқық қорғаушы органдардың мыңдаған қызметкерлерін бұзып, жарып, таптап өте шығатын қазақтың «Рэмбосымын» ба? «Өтірік екені белгілі жалған ақпарат» таратты деп, бұлар менің Жаңаөзенде 10 мың адам алаңда тұр деген сөзімді алып отыр.  Бұл БАҚ-ында жарияланған ашық та нақты ақпарат. Болмаса, прокуратура «ондағылардың бәрін санап шықтық, алаңда тек 9999 адам ғана тұрды» деп, менің айтқанымды жоққа шығарғысы келе ме? Логика қайда? Прокуратураның логикасына салсақ,  мұндай айыпты президент Тоқаевқа да тағуға болады емеспе? Өйткені, ол қаңтар күндері тек бір Алматыға ғана 20 мың терроршы шабуыл жасады деп мәлімдеген болатын. Қайда ол терроршылар? Ал, 5 маусым күні Тоқаев елдің алдында 20 мың терроршының болмағанын мойындады. Енді, прокуратура осы факті бойынша қылмыстық іс қозғауы тиіс қой?

Маған таңып отырған қылмыстық істің оппозияциядағы тұлғаны қудалау үшін ашылған саяси астары бар іс деп санайтынымды жария түрде мәлімдеймін. Бұл биліктің тәуелсіз саяси күштерден өлердей қорқатынын көрсетеді. Мені Назарбаев билігі тұсында қудалауға ұшыратып, түрмеге де қамаған. Сол үрдіс Тоқаев кезінде де жалғасып жатыр. Егер де, президент Тоқаев Назарбаевтың жолымен жүре беремін деп ойласа, қатты қателеседі. Бұл жолда,  диктатор Назарбаев сынды,  оның да саяси ғұмыры сәтсіз аяқталып, күйрейтінін ескертемін.  Соңғы референдумда, ресми деректер бойынша ғана,  1,5 млн азамат Тоқаевтың ұсыныстарын қолдамайтындарын білдірді. Бұл нені білдіреді? Биліктің сүйкімі кеткенін білдірсе керек. Билікке елдің сенімі жоқ екенін білдірсе керек. Ал, өз оппоненттерін саяси қуғынға ұшыратқаны билікке сенім рейтингін көтермесі анық.

Мен тап келген қиындықтар мен биліктің репрессиясы алдында басымды имекші емеспін. Күресімді жалғастыра беремін және өзімнің шындығымды соңына дейін дәлелдеп шығамын!

08.06.2022

Алматы, СИ-18

Жанболат МАМАЙ