• Басты
  • >
  • Шымкентте тергеу кезінде қайтыс болған жігіттің әкесі ұлының ауырып көз жұмғанына сенбейді

Шымкентте тергеу кезінде қайтыс болған жігіттің әкесі ұлының ауырып көз жұмғанына сенбейді

09.12.2021

9 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментінің алдына бір күн бұрын тергеу кезінде департамент ғимаратында қайтыс болған 30 жастағы жігіттің әкесі Ерқара Жұмабаев келіп, ақпарат құралдарына сұхбат берді. Ол “ұлы ауырып көз жұмды” деген полицейлердің сөзіне сенбейтінін, баласын “ұрып өлтіруі мүмкін” екенін жеткізді.

Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, 8 желтоқсанда күндізгі сағат 12-лер шамасында баласы Нұрболат Жұмабаевпен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрған кезде ұлын полиция ұстаған. Шамамен 4 сағат өткеннен кейін баласының қайтыс болғаны жөнінде хабар жеткен.

– Баламмен күліп сөйлесіп тұрған едік. Бір топ адам “кісен салыңдар” деп ұстағанын көрдім. Өзі спортпен айналысады. Жүрегі ауырмайды. Қандай айыппен ұстағанын білмедім. Шымкентке үйленемін деп жүрген қызына келген. 17 желтоқсан күні той жасаймыз деп жоспарлап отыр едік, – дейді Жұмабаев.

Жұмабаевтың айтуынша, марқұм бұрын “ұрлық” бабымен істі болып, жазасын өтеп шыққан. Оның сөзінше, әзірге ұлының мәйітін туыстарына бермеген.

Сұхбат бергеннен кейін марқұмның әкесі адвокатпен бірге полицияға кіріп кетті.

Ақпаратқа қарағанда, 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты полиция “қала аумағында қымбат шетел көліктерін айдап кетті” деген күдікпен департаментке жеткізген. Полициядағылар тергеу кезінде Жұмабаевтың өзін нашар сезіне бастағанын айтады. Жедел жәрдем жеткенше күдікті қайтыс болған.

– Дәрігерлер барғанда биологиялық өлім болғаны анықталды. Неден қайтыс болғанын мамандар анықтайды, – дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.

Полицияның мәліметінше, оқиға бойынша департаменттің қауіпсіздік қызметі мен прокуратура жұмыс істеп жатыр. Қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Қазақстанда полиция департаментінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған оқиғалар жиі кездеседі. 2020 жылы қазан айында ШҚО-да “мал бағып жүрген жерінен ұсталып, полицияға жеткізілген” тұрғын белгісіз жағдайда қайтыс болды. Туыстары марқұмды “полиция бөлімшесінде азаптап өлтірген болуы мүмкін” деп айтқанКейін оқиғаға байланысты бірнеше қызметкер ұсталған.


Сондай-ақ қараңыз