• Басты
  • >
  • Ақтөбеде ҚДТ мен "Көше партиясына" қатысты айыпталған белсендінің бостандығы шектелді

Ақтөбеде ҚДТ мен “Көше партиясына” қатысты айыпталған белсендінің бостандығы шектелді

10.09.2021

10 қыркүйек күні Ақтөбе қалалық соты “тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін” белсенді Асылхан Жаубатыровтың бостандығын бір жылға шектеді. Осыдан шамамен үш ай бұрын 21 мамыр күні тергеу изоляторына қамалған белсенді жұма күні үйіне жіберілуі керек.

Онлайн сот кезінде Ақтөбе қалалық сотының судьясы Әлима Әділова Жаубатыровқа үкім шығарарда кәмілетке толмаған балалары барын ескергенін айтты.

Бұған дейін прокурор белсендінің бостандығын екі жылға шектеп, үш жыл қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған.

Жұма күні онлайн сот кезінде бір жылдық жазадан өзге Жаубатыровқа тағы қандай шектеу қойылғанын есту мүмкін болмады. Оны сотталушының адвокаты Расиля Өтегенова да ести алмаған.

– Байланыс сапасы нашар болды. Өзге шектеулер туралы қолыма үкім тигеннен кейін ғана айта аламын. Әзірге айтарым, үкімге риза емеспіз. Апелляциялық шағым жазбақ ойымыз бар. Өйткені тергеудің қолында Жаубатыровқа тағылған айыпты растайтын бірде-бір заңды дәлел мен дәйек болған жоқ. Сотқа куә ретінде шақырылғандар да ештеңе айта алмады. Куәнің бірі – Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Айбек Көпенов наразылық акциялары кезінде Жаубатыровты ешқашан көрмегенін айтты. Сот бірнеше мәрте пысықтады. “Көрмедім. Танымаймын. Әлеуметтік мәселелер көтерілген жиындардан ғана көретінмін” деді. Сотқа не үшін шақырылғанын түсінбедік. Мүмкін куәлік етуге мәжбүр болған шығар. Жалған сөйлемегеніне де рахмет, – дейді аддвокат Расиля Өтегенова.

Белсенді Асылхан Жаубатыров тергеу изоляторына биыл 21 мамыр күні қамалған. Оған дейін яғни, 5 наурыз бен 6 мамыр аралығында 62 күн үйқамақта болған. Өзінің айтуынша, “үйқамақ мерзімі ұзартылғандығынан бейхабар” Жаубатыров 7 мамыр күні видеоүндеу жазып, желіге салады. Ол видеода заңсыз қудаланғанын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Осы жазба жарияланған соң белсенді қайта қамауға алынды.

Шілде айында жергілікті құқық қорғаушылар Жаубатыровты елде саяси көзқарасына бола қудаланған “саяси тұтқындар” қатарына енгізген.

Соңғы үш жылда 45 жастағы белсендінің үстінен 8 рет әкімшілік іс қозғалып, 15 рет изоляторға қамалды. Бұл жолы Асылхан Жаубатыровтың үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы (“экстремистік ұйымның ісіне араласу”) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Адвокатының айтуынша, оған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) және “Көше партиясы” қозғалыстарының жұмысына қатысты деген айып тағылған.

Қазақстан соты 2018 және 2020 жылдары бұл екі қозғалысты “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. Алайда Еуропарламент екі қозғалысты “бейбіт оппозициялық ұйымдар” деп атаған. ҚДТ-ның негізін қалаушы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды “экстремизмге қарсы заңдарды” қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Нұр-Сұлтан реакция білдірмеген.


Сондай-ақ қараңыз