• Басты
  • >
  • "Маған жеті жыл кесіңіздер, сонымен бітсін". Әлнұр Ильяшевті қалай соттап жатыр?

“Маған жеті жыл кесіңіздер, сонымен бітсін”. Әлнұр Ильяшевті қалай соттап жатыр?

16.06.2020

Үш айдан бері қамауда отырған алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевты “төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату” айыбы бойынша соттап жатыр. Карантинге байланысты онлайн режимде өтіп жатқан процесс кезінде белсенді мен адвокаттары “видеобайланыстың сапасы нашар екенін”, судьяның, прокурордың, бір-бірінің дауысын естімейтінін айтып шағынды.

“МАЗАҚҚА” ҰҚСАЙТЫН ОНЛАЙН РЕЖИМ

17 cәуірден бастап қамауда отырған Әлнұр Ильяшев (осы күні белсендіні полиция ұстап, артынша оның туыстарының пәтеріне арнаулы жасақ барып, балаларды қорқытып, үйдегі ересек адамдарды еденге жатқызған) сот отырысына өзі барып қатысу мүмкіндігі туғанша уақытша тергеу изоляторында айлап болсын отыруға дайын екенін айтады. Қазір сот отырысына уақытша тергеу изоляторында отырып, видеобайланыс арқылы қатысып жатқан Ильяшевқа судьяның сұрақтары, адвокаттардың өтініші мен прокурордың сөзі естілмейді.

Заң саласында жоғары білімі бар, 43 жастағы белсенді қазіргі жағдайға көңілі толмайтынын жасырмайды. Ол 12 маусымда өткен алдын-ала сот отырысының бірінші күні наразылық белгісі ретінде видеокамераны өшіріп, тергеу изоляторындағы бөлмеден шығып кетті.

Ильяшевты қорғаушы үш адвокаттың бірі Виталий Воронов 15 маусым күні алдын-ала сот отырысы кезінде Facebook парақшасына “[Бұл] “әділ сот” пен процес қатысушыларын ашық мазақ қылу. Өте нашар процесс. Видеоконференцияның сапасы өте нашар”, – деп жазды.

Ильяшевтың жақтастары да наразы. Сот процесі басталған күні жиырмадан астам адам Медеу аудандық №2 сот ғимаратының алдына #FreeAlnur деген жазу мен Әлнұрдың суреті бар плакаттар ұстап келіп, “Әлнұрға бостандық берілсін!” деп айқайлады.

“Барахолкалар, сауда орындары ашылып жатқанда, неге соттар онлайн өтеді? Пандемияны репрессия жүргізуге пайдаланбаңдар”, – деді билікке қарата сөйлеген белсенді Даная Қалиева.

Ильяшев сот отырысын өзінің тікелей қатысуымен өткізуді сұрады. Бірақ сот “бұл мүмкін емес” деді. Судья Залина Махарадзе елдегі барлық сот отырыстары карантин шараларының себебінен онлайн өтіп жатқанын айтты. Сот Ильяшевтың процесті карантин шаралары біткенше шегере тұру туралы өтінішін қабылдаған жоқ.

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН БАП

Ильяшевқа тағылған айып бойынша Қылмыстық кодекстегі бапта жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ильяшев әлеуметтік желідегі билеуші “Нұр Отан” партиясын сынайтын екі жазбасы мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты (ол былтыр отставкаға кетіп, президент қызметіне Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырғанымен, әлі де саяси сахна сыртынан билікке ықпал етіп отыр дейді сарапшылар) “лайықты демалысқа кетуге” шақырған видеоүндеуі үшін айыпталған. Тергеу бұл жазбалар төтенше жағдай кезінде “қауіпті” деген қорытындыға келген. Істе жәбірленуші тарап жоқ.

Адвокаттар Ильяшевты біреудің кепіл болуымен уақытша тергеу изоляторынан босатуды сұраған. Олар демікпесі бар белсендінің денсаулығы уақытша тергеу изоляторында одан әрі нашарлай бастағанын мәлімдеді. Адвокат Нұрлан Рахманов айыпталушы сенбі күні кездесуде қан аралас түкірік пайда болғанын айтқанын ескертті.

Судья изолятор қызметкерлерінің сөзіне сүйеніп, тұтқынның денсаулық жағдайы “қалыпты” екенін айтып, оны қамаудан босатудан бас тартты.

15 маусым күні сотта Ильяшевтың адвокаттары байланыс сапасының нашар болуына байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды тағы да сұрады: адвокат Таир Назханов берген өтінішті оның әріптестері мен Ильяшев естіген жоқ. Бұл судья айыпталушыдан адвокаттың өтініші туралы не ойлайтынын сұрағанда белгілі болды.

“Ешкімді қинап, шаршатпау үшін маған бірден жеті жыл беріңіз, осымен тарқайық”, – деді Ильяшев.

15 маусым күні прокурор айыптау актісін оқи бастады. Адвокат Виталий Воронов іс материалдарымен таныс емесін айтып, істі басқа судья қарауын талап етті.


Сондай-ақ қараңыз