Мәлімдеме

04.04.2019

Біз, Қазақстан құқыққорғаушыларының жаңа буыны Коалициясы елде 19 наурыз 2019 жылдан бері өрбіген, қазір жалғасын тапқан жағдайға, БАҚ беттерінде жарияланып жатқан еліміздің астанатысының атауын өзгертуді заңдастыру үшін үкіметтің Конституцияны өзгерту жөніндегі бастамаларын өз еркімен-мыс қолдау шаралары туралы ақпараттарға қатысты өз көзқарасымызды білдіруді жөн көрдік.

19 наурыз 2019 жылы Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мерзімінен бұрын президенттік қызметті тоқтатуы жөнінде қаулыға қол қойды.

Келесі сайлауға дейін президент болып Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды.

Президент Тоқаевтың алғашқы қадамы мемлекет астанасы Астана қаласының атауын бұрыңғы президент Назарбаев есімімен атап, Нұр-Сұлтанға өзгерту болды.

Бұл ұсыныс Қазақстан Республикасы Парламентімен бір күннің ішінде екі оқылыммен Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы мақұлданды. Сонымен қатар Астана қаласының қалалық мәслихаты да бұл шешімді сол күні қолдап үлгерді. 23 наурыз күні президент Тоқаев атауды ауыстыру туралы тиісті қаулыға қол қойды.

Онымен қоса ірі қалалардың орталық көшелеріне тұңғыш президент есімін беру шешімі қабылданды.

Орталықтың бұл шешімі өңірлерде дүрлікпе жағдайға айналды. Заң тұрғысынан қиындықтар мен демалыс күндеріне қарамастан жергілікті әкімдіктер бір күнннің ішінде ірі қалалардың орталық көшелерінің атауын өзгертіп жіберді.

Астананың атауын өзгерту халықаралық қауымдастық алдында репутациялық шығындармен қатар, экономикалық тұрғыдан қиын, әлеуметтік жағдайдың төмен шағында үлкен шығындар да алып келеді.

Осыған орай қоғамда қызу талқы басталып, GoPetition  интернет сайтының  https://www.gopetition.com/petitions/мы-против-переименования-столицы.html сілтемесімен өзгерістерге қарсы қол қою басталды.

22 наурыз күні Астана атауын өзгертуге қарсы бейбіт наразылықты көрсету кезінде билік позициясын қолдаушы жастардың біріне қол жұмсады деген желеумен “Настоящее время” журналисті Светлана Глушкова әкімшілік сотқа тартылып, оған айыппұл салынды.

Астананың атын өзгерту бойынша билік өкілдерінің бұл іс-әрекеті Конституцияға қарсы екенін ашық жазған белгілі адвокат Джохар Утебеков адвокаттардың Республикалық коллегиясы тарапынан ашық сынға алынды.

Сонымен қатар бүкіл мемлекет бойынша жаңа атауды қолдаймыз деген ұранмен студенттердің, мұнайшылардың, шахтерлер, мұғалімдер мен басқа да үкіметтік мекеме қызметкерлерінің жаппай акциялары жасалды. Дәл осы уақытта әлеуметтік желілерде аталған шаралар жұмыстан, оқудан шығару, жатақханадан қуылу қауіпін төндіріп, әкімшілік қысыммен жасалып жатқанын дәлелдейтін жазбалар пайда болды.

Астана атауын және көшелер атауын өзгерту, ол үшін Конституцияға бір күннің ішінде өзгерістер енгізу мемлекет өзі жария еткен демократиялық принциптерге қарсы және елде Ата заңның қалтықсыз жұмыс істейтініне, жалпы заң үстемдігіне күмән ұялатады.

Осы күндер ішінде қоғамдық пікірмен санаспау, мемлекеттік және халықаралық заңдарды белден басып, азаматтардың мемлекетті басқаруға атсалысуға, пікір және бейбіт жиын бостандығы, қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдауға араласу сынды негізгі құқықтарының бұзылуына жол берілгені, елдің бір адамның ғана еркіне тәуелді екенін көрсетті.

Қазақстан құқыққорғаушыларының жаңа буыны Коалициясы өзінің адам құқықтары принциптеріне және заң үстемдігіне беріктігін білдіріп, елде орын алған кең аумақтағы адам құқығы тапталу оқиғаларына өзінің берік наразылығын мәлімдейді.

3 сәуір 2019 жыл

Қазақстан құқыққорғаушыларының жаңа буыны Коалициясы атынан қол қойғандар: Алаев Вениамин (Алматы қ.), Амангелдинова Гүлжан (Алматы қ.), Әубәкіров Әрсен ( Петропавл қ.), Ахметбекова Махаббат (Қостанай қ.), Біржанова Гүлмира (Астана қ.), Бобкова Ирра (Астана қ.), Воронцова Любовь (Алматы қ.), Жантасов Рустам ( Петропавл қ.), Идигеева Гүлнұр (Ақтөбе қ.), Иманбай Инга (Алматы қ.), Қабышев Елжан (Алматы қ), Камалов Мирамбек (Ақтөбе қ.), Кудабаев Арсен (Семей қ.), Мұрат Әсел (Астана қ.), Примак Виктория (Алматы қ.), Пушилин Александр (Алматы қ.), Султанбекова Маржан (Астана қ.), Сержан Гүлзада (Алматы қ.), Реймер Роман (Астана қ.), Шакибаева Айгүл (Алматы қ.), Швецова Елена (Астана қ.).


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз