Ең қызығы, сот шешімінің жариялануы онлайн режимге қойылғанымен, Төреғожина да, оның қорғаушылары да процеске қосылған жоқ. Алматы қалалық соты үнсіз ғана қаулыны сот кабинетіне түнгі сағат тоғызда іліп қойған.
Құқық қорғаушы «жалған ақпарат таратты» деп айыпталып, оның үстінен әкімшілік іс қозғалған еді. Сот оны 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.
20 тамыз күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның ісі бойынша Алматы қалалық сотында апелляциялық шағым қаралып, бірінші сатыдағы әкімшіліктің соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Естеріңізге сала кетсек, саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайына алаңдап, әлеуметтік желіде пост жазған Бақытжан Төреғожинаның үстінен «жалған ақпарат тарату» бойынша әкімшілік іс қозғалып, мамандандырылған ауданаралық Алматы соты оны 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеген болатын.
19 тамыз күні осы іс бойынша Төреғожина қорғаушылары жазған апелляциялық шағым қарастырыла бастады. Айта кетерлігі, дәл сол күні саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың туған күні еді. Белгілі марафоншы, қазір түрмеде жеті жыл жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын 62 жасқа толды. Қазақстандық құқық қорғаушылардың сарапшылық кеңесі оны «саяси тұтқын» тізіміне кіргізген болатын. Қазір бұл тізімде 30 адам тұр -бұлардың барлығы саяси себептермен сотталды деген қорытындыға келді құқық қорғаушылар.
Төреғожина «Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кетті, оның салмағы 45 келіге дейін түсті» деп дабыл қаққан болатын әлеуметтік желіде. Ондай жағдайға жеткен себебі, Жыланбаев абақтыда өткізген соңғы екі жылда тоғыз рет аштық жариялады. Соңғы аштық акциясы екі айға созылды. Ойлап көріңізші, алпыс күн адам нәр татпаса! Оның үстіне жасы алпысты алқымдаған адамның денсаулығы сыр беруі әбден мүмкін емес пе?Әлеуметтік желідегі Жыланбаевтың жақтастары осы мәселені көтеріп, дабыл қаққан болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, полиция қызметкерлері Төреғожинаның үстінен әкімшілік іс қозғап, оны жауапқа тартуды көздеді. Әйтпесе, Жыланбаевтың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оның «45 келіге түскен» салмағы мен денсаулық жағдайының нашарлағанын біраз адам айтқан еді.
Сонымен, апелляциялық шағым барысында не айтылды? Төреғожинаның қорғаушылары – Ғалым Нұрпейісов, Маржан Аспандиярова мен Ерлан Калиев бірінші сатыдағы шешіммен келіспейтінін білдірді. Олар өздерінің айғақтарын келтірді. Аспандиярова «Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайын қараған дәрігерді сот процесіне қосып, одан жауап алуға» өтініш білдірді. Себебі, оның сөзінсіз, Төреғожинаны жауапқа тартуға болмайды. Жыланбаевтың денсаулық жағдайына қатысты ақпаратты білетін адам – дәрігер. Демек, одан да жауап алу керек деді Аспандиярова. Ғалым Нұрпейісов Төреғожинаға шыққан шешімді заңсыз деп танып, оны өзгертуді сұрады. Құқық қорғаушының өзі де бұл шешіммен келіспейтінін, ешқандай да әкімшілік заңбұзушылық жасамағанын алға тартты. Айтпақшы, сот процесі кешкі бесте басталды. Апелляциялық сот алқасы оны қарау қысқа мерзімде аяқталады деп ойлады ма, неге кешкі уақытқа белгілегені түсініксіз. Соттың өзі екі жарым сағатқа созылды. Төреғожинаның қорғаушыларына сөйлеуге шектеу қойылмады. Алайда, қаулы қорытындысын оқу келесі күнге онлайн режимге белгіленді. Судья Рүстем Жансықбаев шешімді өзгеріссіз қалдырды – енді Төреғожина 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Бақытжан Төреғожинаны өткен жексенбіде таңғы сағат жетіде Алмалы аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкеткенін еске салғымыз келеді. Ганди паркінде серуендеп жүрген жерінен Алмалы аудандық полиция қызметкерлері құқық қорғаушыны ұстап, оны бөлімшеге жеткізді. «Қылмыстық кодекстің 405 -бабы бойынша, яғни «экстремистік ұйым жұмысына араласуға қатысты» куәгер ретінде тергейміз» деген полиция қызметкерлері. Қылмыстық процестік кодекске сәйкес, куәгерді кез келген уақытта көшеден ұстап әкетуге болмайды. Тергейтін адамға алдын ала шақырту қағазын жіберіп, қандай іс бойынша, не себепті тергейтінін түсіндіріп жазу керек. Егер куәгер келуден қашқақтаған жағдайда ғана тергеуші қаулы шығарып, оны күшпен әкеле алады. Ал Төреғожинаны таң ата неге ұстап алғаны түсініксіз. Бәлкім, сол күні Жыланбаевтың құрметіне өткізілуі тиіс марафонға қатыспасын деген оймен болса керек. Марат Жыланбаевтың жақтастары Алматы мен Астана қаласында марафоншының құрметіне спорттық шаралар өткіземіз деп жоспарлаған болатын. Соған байланысты Төреғожинадан бөлек тағы да бірнеше белсенді ұсталған еді.
