Оралда «алауыздықты қоздыру» және «терриризмді насихаттау» баптарыман айыпталған белсенді Жандарбек Башанов жеті жылға түрме жазасына кесілді. Бұған дейін ол Әблязовтың жақтасы ретінде танылып, «экстремистік ұйым» жұмысына қатысқаны үшін істі болған еді
11 тамыз күні Орал қаласында азаматтық белсенді Жандарбек Башановқа үкім шықты – ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оған «алауыздықты қоздыру» және «терроризмді насихаттау» айыптары тағылды.
Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Жандарбек Башанов 2025 жылғы 21 наурызда Орал қаласында үйден қоқыс шығаруға шыққанда ұсталды. Сол уақыттан бері тергеу изоляторында қамауда болды.
Бұған дейін Жандарбек Башановты бірнеше рет бейбіт наразылық акцияларына қатыспақ болғаны үшін полиция ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан еді.
2023 жылы оған ҚР ҚК-нің «саяси» деп саналатын 405-бабы (Экстремизм немесе терроризм қызметімен айналысады деп танылған қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның қызметіне сотпен тыйым салынғаннан кейін сол ұйымның қызметін ұйымдастыру немесе оған қатысу) бойынша айып тағылған. Қамауға алынып, кейіннен, шамасы, бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Тергеу изоляторына қамалмас бұрын, ол көшеде тағы бір белсенді Орынбай Ахасовпен бірге ұсталған болатын.
Башановқа қатысты бұрынғы қылмыстық істің қозғалуына оның азаматтық ұстанымының бүкіл жиынтығы себеп болған, ал бұл Қазақстанда жиі қылмыс ретінде бағаланады. Атап айтқанда, бұл – «ДВК белсендісі» атты телеграм-чатқа қатысуы, билікті сынаған видеожолдаулары, наразылық акцияларына қатысуға талпыныстары және ең «қорқыныштысы» – «мемлекет жауы №1» Мұхтар Әблязовты қолдайтын көзқарастарын білдіруі. Қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесі оны тергеу изоляторында отырған кезінде саяси көзқарасы үшін қудаланған тұтқындардың қатарына қосқан болатын.
Қазір Башановқа тағылған жаңа айыптаулардың нақты неден туындағанын айту қиын, тек оның видеожолдауларынан байқағанымыз, ол елдегі жағдайға қатысты сыни пікірлерін айтуды жалғастырғаны белгілі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтық белсенділерге қарсы жаңа бір толқын – ұстаулар мен сот процестері жүріп жатыр. Билік бұл адамдарды «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» оппозициялық қозғалыстарына жанашырлық танытты деп күдіктенуде. Бұл екі қозғалысты Астана аудандық соты экстремистік ұйым деп таныды. Сонымен қатар, сот өз шешімін қандай уәждерге сүйеніп шығарғаны жайлы ақпаратты ашық айтудан бас тартты. Ал Еуропарламент аталған екі қозғалысты бейбіт оппозициялық ұйым деп таниды.
Қазіргі уақытта қазақстандық құқық қорғаушылар шамамен отызға жуық адамды саяси тұтқын деп танып отыр, бұл тізім үнемі жаңарып, кеңейіп келеді.