• Басты
  • >
  • Қытай билігі Тұрғамбайды ұстағанын растады

Қытай билігі Тұрғамбайды ұстағанын растады

14.08.2025

23 шілде күні Қытайға барып, содан бері хабарсыз кеткен Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғамбайдың қамалғаны ресми түрде расталды. Бейжің оны Қытай азаматтығынан шықпады деп мәлімдеді

Шілденің 23 күні Қытайға барып, хабар – ошарсыз кеткен Әлімнұр Тұрғамбайды көрші елдің билігі ұстағанын растады. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада оның туыстары Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихатын өткізіп, Тұрғамбайдың Қытайға барып, із түссіз жоғалып кеткенін алаңдаушылық білдірген еді. Соған байланысты олар сыртқы істер министрлігіне қайрылып, Бейжіңнен Тұрғамбайдың тағдырына қатысты хабар білуін сұраған болатын. Күні бүгін Қытай билігі ресми жауап берді.

Олардың айтуынша, Әлімнұр Тұрғамбай Қытай азаматтығынан шықпады. Ал Бейжің қосазаматтықты мойындамайды, яғни бұл адамды өздерінің азаматы ретінде ұстап отыр. Қазақстанның Қытайдағы консулдығы «Азаттыққа» берген жауабында былай деді: «Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың “Азаматтық туралы” заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз».

Соған байланысты, Қытай билігі Тұрғамбайды ұстауын заңды деп есептейді және оны өзінің азаматы ретінде қабылдайды. Алайда, оның әйелі Әлімнұр Тұрғамбайдың көрші елдің азаматтығынан шыққанын мәлімдейді. Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризаттың айтуынша, бұған дейін Қытай билігі 2018 жылы күйеуінің Қытайда тіркеуі жойылғаны жөнінде құжат (напос – ред.) берген, бірақ оны олар кешігіп алған. Қытай заңы бойынша, олар қағазды Қытайға барып алуы керек екен, бірақ жағдайларға байланысты оны 2023 жылы ғана алған, делінеді «Азаттықтың» жариялынымында. Қытайдың заңнамасына сәйкес, қандай да азамат басқа елдің азаматы атанса, ол Бейжіңнің есебінен автоматты түрде шығады. Әлімнұр Тұрғамбайға келгенде, бұл ереже неге жұмыс жасамай қалғаны белгісіз. Әлде Қытай басқа бір ереже енгізіп, соған байланысты бұл заңнама жұмыс жасамай қалуы мүмкін деп жорамалдайды белсенділер.

Десе де, Әлімнұр Тұрғамбайға қандай айып тағылғаны, оны не себепті қамағаны әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Бұл азамат Қытайға барып, солардың автокөліктерін Қазақстанға тасымалдап, оны саудалаумен айналысқан. Соңғы рет, 23 шілде күні, үйіне хабарласып, өзін Қытай сақшылары ұстап жатқанын айтып үлгерген. Туыстары да Тұрғамбайға қандай айып таққанын білмей отыр.

Жақында Әлімнұр Тұрғамбайдың әйелі Қазақстандағы Қытай елшілігінің алдына барып, пикет өткізген еді. Қазақстан билігі оған айыппұл салды сол үшін. Туыстары Тұрғамбайды Қытай тұтқынынан босатуды талап етуін жалғастыруда.