Марафоншының жақтастары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, оның тағдырына алаңдаушылық білдірді
Бүгін Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда марафоншы, саяси тұтқын ретінде танылған Марат Жыланбаевтың мәселесі көтерілді. Баспасөз мәслихатына «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелері Сергей Измайлов, Амангелді Джахин және Бибігүл Иманғалиева, Жыланбаевтың қорғаушысы Мейірхан Досқараев және құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қатысты.
Алғаш болып сөз алған Сергей Измайлов былай деді: «Бүгін біздің жиналған себебіміз, заңдылықты айту ғана емес, адамның тағдыры туралы мәселе көтеру. Марат Жыланбаев – қазақ халқының мақтанышы, Гиннес рекордына енген азамат. Оның ісінде тек қана заңсыздық емес, азаматтық қоғамды басып жаныштау тұрғаны анық. Біз үнсіз отыра алмаймыз. Шындық үшін келіп отырмыз. Мараттың денсаулық жағдайы нашарлауына байланысты оған жиірек барып тұруымыз керек. Оны бақылауға алу қажет. Дулат Ағаділдің тағдыры не болғанын білесіз. Оны полиция бөлімшесіне әкетіп, түрмеде қайтыс болған еді. Халық бұған наразылығын да танытты. Билікті айыптады оның қазасы үшін. Президент Тоқаев қандай да медициналық қорытынды шықпай тұрып, Ағаділдің жүрегі тоқтап қайтыс болғанын жариялады. Арон Атабектің тағдырын да жақсы білесіздер. Он бес жыл абақтыда отырған соң оны бостандыққа шығарды. Денсаулығы қатты сыр берген соң ғана түрмеден үйіне жіберді Аронды. Бірнеше ай өтпей жатып, Атабек қайтыс болды. Соның тағдырын қайталамаса дейміз Марат Жыланбаев.
Күні кеше, 5 тамыз күні Мараттың қорғаушысы тағы да колонияға барды. Бірақ, оны мекемеге кіргізбеуге тырысты. Басқалар емін еркін кіріп шығып жатса да, Мараттың қорғаушысын жолатпауға тырысты. Кейіннен кіре алды қорғаушысы. Мараттың денсаулық жағдайы нашар екенін жеткізді. Қан талдаулары дұрыс емес болып шықты. Жыланбаев өзіне билікшіл құқық қорғаушылар кірмесін деп мәлімдеді. Себебі, олар өтірік айтады деді. Маратты қолдаған белсенділерге де қысым көрсетілуде»
«Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Амангелді Джахин мынаны айтты: «Марат Жыланбаевтың тағдыры қыл үстінде тұр қазіргі таңда. Қазақтың біртуар азаматы екені сөзсіз. Мараттың мәселесін халықаралық деңгейде көтеруді жоспарлап отырмыз.
Марат Жыланбаев – «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі. Ультрамарафоншы деп айтады. Маратты Форрест Гамппен салыстыратындар бар. Бірақ, Гамп жайлы жағдайда жүгірсе, Марат Жыланбаев қиын жерде, шөл далада жүгірді. Әлемнің барлық шөлін кесіп өткен азамат. Жыланбаев туралы фильм түсіру керек негізі. Қазақстанда ол шындықты айтты. Мемлекеттік билікті ащы сынға алды. Әділетсіздікке қарсы тұрды. Оны сол үшін «экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен түрмеге отырғызды. Қайдағы «экстремист»? Марат маған да 1 миллион теңге аударды. Ол қаржыны мен депутаттыққа түсу үшін жарна ретінде төледім. Ақшаны мемлекет алды, былай қарағанда.
Түрменің өзінде Маратты қыспаққа алды. Оған қарсы арандатулар ұйымдастырды. Басқа сотталушыларды қарсы қойды. Сурет салуға рұқсат бермейді. Жүгіруге мүмкіндік бермейді. Сол үшін ол наразылық танытты. Түрменің бұрынғы бастығының жемқорлығын әшкереледі. Кейіннен ол сотталды. Бірақ, мекеменің жаңа бастығы қысымды бұрынғыдан да күшейтті. Мараттың арыздары түрмеден әрі аспайды. Оның жағдайын біздің белсенділерге көрсетті. Мараттың түрін көрген олар шошыды. Арықтаған, түрі қашқан адамға айналды. Соны айтқан соң әлеуметтік желіде үлкен резонанс туындады. Артынша билік Раиса Шер деген адам бастаған комиссияны жіберді Маратқа. Олар Жыланбаевтың жағдайы жақсы, еш проблема жоқ деп айтты. Жанынан түсірілген суреттерін жариялады. Артынша Адам құқығы жөніндегі Омбудсмен Ластаев сөйледі. «Видеоны көрдім, Жыланбаевтың жағдайы жақсы» деді. Жыланбаевтың денсаулығына алаңдаған біздерді сынға алды. Маратқа қайтадан барды оның қорғаушысы. Ол Ластаевтың сөзін толыққанды жоққа шығарды. Оған психологиялық қысым жасалып жатқанын айтты. Камерада шыбын-шіркей, тышқан мен көртышқандар толып жүргенін мәлімдеді. Жағдайы қиын екенін ашық айтты.
Егер Мараттың жағдайы дұрыс болса, ол неге аштық жариялады? Оған қолдау керек қазір. Халықаралық деңгейде көмек беруіміз тиіс.
Жыланбаевтың қорғаушысы Мейіржан Досқараев марафоншының да, өзінің де құқығы бұзылып отырғанын жеткізді: «Бірер апта бұрын Степногорск қаласына барып, Марат Жыланбаевпен кездестім. Мені түрмеге үш сағат бойы кіргізбеді. Көргенімде, Жыланбаев Ластаевтың сөзін жоққа шығарды. Өзіне қысым жасалғанын айтты. Көртышқандар бар екенін жеткізді камерада. Оның денсаулық жағдайы нашарлағанын да айтты. Оған келген комиссия өкілдері бұл туралы жақ ашпады. Аштықты «денсаулық үшін ұстап отыр» деп мәлімдеді. Қазір оның аштық жариялағанына 65 күн болды. Денсаулығы нашарлап кетті. Қанының құрамы өзгере бастады. Марат Жыланбаев өзінің жағдайына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін түрмеге келген комиссия өкілдеріне қатысты арыз жазды.
Заңсыздықтарды тізбелеп, менің қорғаушы ретіндегі құқығымды шектегені үшін Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесіне арыз жаздым. Әлі күнге дейін жауап берілмеді. Тіпті тіркелмеді де. Мараттың атынан қандай да мәлімдемелер алып шығуға тыйым салды. Жыланбаевқа қандай да қағаз әкелуге де тыйым салды. Бұл заңсыздық екені сөзсіз. Менің үстімнен де әкімшілік іс көтеріліп, «жалған ақпарат таратты» деп айыптап отыр. Мен ешқандай да жалған ақпарат таратқан жоқпын. Заңгер ретінде тек қана нақтыланған мәліметті жарияладым. Қазір сот жүріп жатыр бұл іс бойынша»
Белсенді Бибігүл Иманғалиева былай деді: «Степногорск қаласына барып, Жыланбаевты қолдауға бардым. Сол үшін менің үстімнен әкімшілік іс қозғап, митингке қатысты деп айыптады. Бұл ешқандай да митинг емес болатын. Полицияның үстінен арыз тапсырдым. Бірақ, келтірген аргументтерімді қабыл алмады.
Күні кеше полиция қызметкерлері хабарласа бастады. Дәл осы баспасөз мәслихатының алдында. Бұл да қысымның түрі екені сөзсіз. Он бес тәулікке қамап тастауды көздеп отыр деп санаймын.
Марат Төлегенұлы түрмеде отыруы тиіс адам емес. Ешқандай да қылмыс жасаған жоқ ол. Мені куәгер ретінде тартты осы сотқа. Маратқа таққан айыбы – маған және тағы бір белсендіге ақша аударды деп айыптады. Негізінен, бұл қаржы депутаттыққа үміткер болу үшін жарнаға төленген болатын. Бір миллион теңге аударды. Оның қай жері «экстремизм»? Марат Жыланбаев белгілі азамат болғандықтан, әлеуметтік желіге шығып, жарнаға қаржы жинады. Ақша оның есеп шотында болды. Содан кейін ол жарна қаржысын маған аударды. Соны «экстремизмді» қаржыландыру деп отыр. Марат Жыланбаев маған 707 мың теңге аударды. Қалған ақшаны өзім жинап, жарна ретінде өткіздім. Ақша кімге түсті? Мемлекетке. Марат Төлегенұлы Әблязовтан бір тиын алған жоқ. Мемлекеттік органдардың барлығы да оны бақылап отыр. Әблязовтан қалай да ақша ала алмайды ешкім де.
Жыланбаев бізге ақша аударды. Бірақ, мен де, Жанна есімді белсенді де экстремист емеспіз. «ДВК» экстремистік деп танылған ұйымның мүшесі емеспіз. Мемлекеттік органдар да оны растады. 405 бап, яғни экстремистік ұйым жұмысына араласу ісімен де сотты болмадық. Егер біз экстремист болсақ, депутаттыққа үміткер ретінде тіркемес еді. Сондықтан, Жыланбаевқа жала жабылып отыр деп айтуға болады. Мараттың бостандығы үшін күресеміз. Ол өзін заңсыз соттады деп санайды. Біз де оның бұл ұстанымын қолдаймыз. Жыланбаев толыққанды бостандыққа шығуы тиіс. БҰҰ жұмысшы тобы Марат Төлегенұлын заңсыз ұстады және ол түрмеден босатылуы тиіс деген қорытындыға келді».
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Жыланбаевты тез арада ауруханаға жатқызуға шақырды: «Мараттың жағдайы туралы толыққанды ақпарат берілді. Ластаев өзін дұрыс ұстап отырған жоқ деп ойлаймын. Жыланбаев та бұл туралы айтты. Артур Ластаевты Омбудсмен қызметінен босату керек. Қаншама хат жаздым оған. Ешқандай да реакция білдірмейді. Ластаевқа сенім жоқ.
Марат Жыланбаевтың қорғаушысына қатысты заңсыздықтар болып жатқанын естідіңіз. Біз Республикалық адвокаттар алқасына арыз жаздық. Олар қорғаушыларға көмек беруі тиіс емес пе?
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Ақмола облысындағы мекемелердегі жағдайды бақылауына алуы тиіс деп санаймын. Қаншама арыздар жазылды, ешқандай да реакция жоқ.
Ақмола облысындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментін, прокуратурасын жемқорлыққа тексеру керек деп ойлаймын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыны қолға алсын.
Марат Жыланбаевтың тағдырына алаңдаушылық білдіреміз. Оның қорғаушысы барлық құжаттарымен кіріп, кассациялық шағымға дайындалуы керек деп санаймыз. Ең маңыздысы, Маратты тез арада ауруханаға жатқызу керек! Оның денсаулығы қиын жағдайда. Тағдыры қыл үстінде деп айтуға болады. Жекеменшік ауруханаға жатқызылсын. Қаржысын біз тауып беруге дайынбыз»
Баспасөз мәслихатына қатысушылар халықаралық ұйымдарды Марат Жыланбаевтың тағдырын өз бақылауына алуға үндеді.