Қытайда белгісіз себеппен қамауға алынған Әлімнұр Тұрғанбайдың тағдыры туралы он үш күннен бері туыстары хабарсыз. Мәселені бір аптада біліп береміз деген Сыртқы істер министрлігі де үнсіз отыр
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда Қытайда тұтқындалған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың мәселесі көтерілді. Туыстарының хабарлауынша, Әлімнұр 23 шілде күні Қытайда ұсталды. Алайда, оған қандай айып тағылғаны, не себепті қамауға алынғаны туралы ешбір мәлімет жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрлігі де Тұрғанбайдың ісіне қатысты мәселені шеше алмай отыр. Осыған қатысты Тұрғанбайдың жұбайы мен қарындасы, «Атажұрт» партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топ мүшелері жиналып, дабыл қақты.
Алдымен сөз алған Гүлдария Шеризат, Әлімнұр Тұрғанбайдың жұбайы, былай деді: «Жағдайы не болып жатқанын білмейміз. Сіздерден сұрайтынымыз, Қытайдың тұтқынынан босатылып, елге оралуына қолдау беруіңізді сұраймыз. Менің жолдасым Әлімнұр жазықсыз қамалып отыр. Ешқандай қылмыс жасамады. Қазір неге оны түрмеге қамады? Не жала жауып отырғанын да білмейміз. «Тек күтіңдер» дейді. Нені күтеміз? Адам баласы жоғалып кетті».
Қарындасы да бұған қатысты өз үнін қосты: «Қытайда жоғалғанына міне он үш күн болды. Дипломатиялық жолдау жіберілді деді. Бірақ, әлі де ешқандай жауап жоқ. Он үш күнде Қазақстан азаматына не жасауы мүмкін? Бір жауабын айтпады әлі. Сыртқы істер министрлігі «әкеңіз туралы бір аптада хабар береміз» деп айтты. Бірақ, жауап келмеді. Ол Қазақстан азаматы емес пе? Сыртқы істер министріне «Қазақстан азаматы нақақтан нақақ қамалып отырғанда неге үнсіз отырсыздар?» Деп айтқымыз келеді. Сол үшін «Атажұрт» ұйымына келіп, солардан қолдау сұрадық. Құзырлы органдар Қытайдан жауап алмауда. Не істерімізді білмей отырмыз қазір. Әлімнұр Тұрғанбай босатылуы тиіс деп санаймыз».
«Атажұрт» партиясын құру жөніндегі бастамышл топ мүшесі Тұрарбек Асылбеков мынаны айтты: «23 шілде күні Әлімнұр Тұрғанбай Қытайда қамалды. Ол Қазақстанға көлік айдап әкелумен айналысатын. Не себепті қамалғанын білмейміз. Бұл кісілер 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алды. 23 шілде күні кешкі бесте Қазақстан шекарасын кесіп өткен соң жұбайына хабарласты. Одан кейін еш хабар болмай кетті. Не болғанын ешкім білмейді. Өлі ме, тірі ме, хабар жоқ. Бұл кісі Қазақстан азаматтығын алды. Қытай азаматтығынан шығатын кезде ол туралы барлық мәлімет сұралды. Қылмыс жасады ма, жоқ па, бәрі тексерілді. Енді қазір оған қандай айып тақпақ? Отбасы оған не болғанын білмей отыр. Қытайдағы туыстары полиция бөлімшесіне барды. Бірақ, олардың өзін қорқытып тастады. «Араласпаңдар, әйтпесе өздеріңді қыспаққа аламыз» деп ашық айтқан. Сондықтан, туыстары да Әлімнұрдың жағдайын білмей отыр.
Жарты жыл бұрын Қазақстан азаматын ұстап алғанда да баспасөз мәслихатын өткізген едік. Ол Қытайдағы жерін сатуға барған болатын сол кезде. Оны улап тастады сол кезде. Ауыр халде Қазақстанға әрең жетті бұл кісі. Төлқұжатын жыртып тастады Қытайда. Қазір ол әлі де ем қабылдауда. Оған не болғанын ешкім анықтамады. Кім улады, қандай у берілді, тергеу жүрмеді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ел азаматтарының мүддесін қорғауға қатысады деген үміттеміз».
Қоғам белсендісі, «Атажұрт» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Бекзат Мақсұтхан мынаны айтты: «Қазақстан азаматын қамап тастауына байланысты осында жиналып отырмыз. Ол Қытайда заңсыз тұтқындалды деп санаймыз. Жай ғана өз күнін көріп жүрген азамат бұл кісі. Қандай заңбұзушылық жасады? Бұған қатысты ешқандай мәлімет жоқ. Бірде бір адам білмейді. Туыстары да бейхабар. Сыртқы істер министрлігі бұл азаматтың ісіне қатысты жедел әрекет жасап жатқан жоқ. Қытайға заңды жолмен барды. Көрші елдің Қазақстан азаматтарын заңсыз тұтқындауы 2016 жылдан жалғасып келеді. Бұған дейін Қазақстан азаматтарын тұтқындаған кезде бір -екі тәулік ішінде сұрақ жауап алып жіберетін. Қазір, міне, 13 тәулік болды, еш хабар бермей отыр. Бұл біздің елімізді көзге ілмеу деп санаймыз. Шекарада ұстап алу жағдайлары кездеседі. Туыстарының үйіне арнайы қызмет өкілдері келіп, «бізге ақпарат беріп отырасың» деп қорқытады. Кәдімгі барлаушы қылады азаматтарды. «Бізге жұмыс жасамасаң, туыстарыңды қыспаққа аламыз» деп қорқытады. Бұл ақпараттың бәрін не істейді? Ол жағы бізге беймәлім. Қалай болғанда да, Қытайға қатынап жүрген Қазақстан азаматтарын осындай қыспаққа алатыны анық. Сыртқы істер министрлігі Әлімнұрды қамаған кезде бірден оған қолдау беруі тиіс еді. Қорғаушы тауып беріп, заңдық көмек беру бұлардың міндеті емес пе? Қазірге дейін еш ақпарат жоқ бұл азамат туралы. Елшіліктің міндеті Қытайда жүрген Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау емес пе? Қытайға сапарлау – қауіпті болып тұр қазір. Кез келген азаматты ұстап алуы ықтимал».
Белсенді Еркінбек Нұрақын былай деді: «Заң бойынша сөйлесек, ҚХР мен ҚР арасында арнайы келісім бар. Екі ел азаматының қос азаматтығы туралы мәлімет берілуі тиіс. Сол келісімнің үшінші бабында барлық деректер көрсетіледі деп айтылған. Мәселен, 20 жылдан кейін әрең өзімнің Қытайдан құжаттарымды алдым. Сол сияқты Әлімнұр Тұрғамбайдың да Қытай азаматтығынан шыққаны туралы құжаттары бар. Заң бойынша қабылданды мұның бәрі. Қытайда «қара тізім» деген болады. Бұл не? Шетелге шыққан соң Қытай туралы дұрыс емес ақпарат айтуға болмайды. Ал біз қазір оларға шетел азаматы болған соң Қытайдың ішкі жағдайын білеміз. Сондықтан, бізді «қара тізімге» енгізеді. Әлімнұрды да сондай «қара тізімге» енгізді ме деп қауіптенеміз. Әйтпесе, оны неге тұтқындайды? Қазақстан үкіметі сені қорғай алмайды деп көрсеткісі келеді осылайша. «Тыңшылық» деген осыдан басталады. Қазақстан азаматтығын алғанымен, Қытайда туыстары бар. Ол жаққа бара алмай қалады. Барса, тұтқындайды, тыңшылықпен айналыс деп үркітеді. Қытай мен Қазақстан арасындағы мәселе келіссөз арқылы шешіледі деп жазылған. Олай болса, Әлімнұрдың мәселесі неге шешілмей жатыр? Он үш күн болды бұл азаматтың қайда жатқаны белгісіз. Үкімет қайда қарап отыр? Қытай экспансиясы қазір тереңге кетіп бара жатыр. Осыны неге ойланбаймыз? Бұл үлкен қатер емес пе? Заң бойынша осы мәселенің бәрін реттеуге болады».
Жиналғандар Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге назар аударып, Қытайда қамалған Әлімнұр Тұрғанбайдың тағдырын арашалауға қатысады деп үміттенеді.